Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұрт жайылымнан тарықпауы керек

Жұрт жайылымнан тарықпауы керек
ашық дереккөз
Жұрт жайылымнан тарықпауы керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Қазір ауылшаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет. Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауылшаруашылық мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», деген болатын. Расында да кезінде қолында бір тұяқ малы болмаса да ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан, бірақ тиімді пайдаланылмай отырған бос жерлер әр өңірде жетерлік. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Бүгінде Президент жүктеген тапсырма өңірде қай деңгейде орындалуда? Қанша бос жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды? Біз осыны зерделеп көрген едік. Жалпы аграрлық саланы дамытып, сапалы өнімге қол жеткізу, ауылшаруашылығының жұмысын ілгерілету – мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі. Иесі болғанымен игерілмей бос жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылып, одан кейін жер еңбекқор адамдарға берілсе, мәселе шешімін тапқандай болары анық. Өңіріміздің жер қоры 14,4 миллион гектарды құрайды. Оның ішінде ауылшаруашылық мақсатындағы жер көлемі – 4,7 миллион гектар. Елді мекендердің жері – 672,2 мың, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс мақсатындағы жерлер – 174,7 мың, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері – 11,6 мың, орман қорының жерлері – 4 429 мың, су қорының жерлері – 356,0 мың, босалқы жерлер – 1 600,1 мың гектар болса, басқа мемлекеттің пайдаланымындағы жер көлемі 2490,0 мың гектар екен. Біздің облыс аграрлы-индустриялды аймаққа жатады. Жалпы жер қорының 72 пайызы егін және малшаруашылықтарын дамытуға қолайлы. Бұл аграрлық саланы дамыту мүмкіндіктерінің жоғары екендігін көрсетеді. Облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов былтыр есепті кезеңде ауылшаруашылық мақсатындағы бос жатқан жерге қатысты 14 конкурс өткізіліп, 47 мың гектар ауылшаруашылық жерлері рәсімделгенін айтты. – Жер заңнамасына қатысты мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттық бойынша аукциондар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрондық түрде ұйымдастырылып, өткізіліп келеді. Өткен жылы 44 аукцион ұйымдастырылып, 34 жер учаскесі 112 миллион теңгеге сатылды. Облыс тұрғындарының жерге кезекке тұруы электронды жүйеге көшіріліп, оған http://izhs.uzo-zhambyl.kz сайты арқылы қолжетімділік қамтамасыз етілді. Сайтқа кез-келген азамат өзінің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) теру арқылы кіре алады. Қазіргі кезде кезектің электронды жүйесі жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алушылардың бірыңғай республикалық реестріне енгізілді. Бұл бойынша 187 мың азамат кезекте тұрса, 35 мың азаматтың жер учаскесін алғаны аталған реестрде көрсетілген. Мемлекет басшысы өткен жылғы 28 наурыздағы Жолдауында пайдаланбай отырған және ұтымсыз пайдаланымдағы, сондай-ақ заңбұзушылық жолымен берілген ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару қажеттігі туралы тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес былтыр республика бойынша мемлекет меншігіне қайтаратын ауылшаруашылық мақсатындағы жер көлемі 5 миллион гектар болып белгіленсе, оның ішінде өз өңірімізде 200 мың гектар жерді мемлекетке қайтару жоспарланды. Тапсырманы орындау мақсатында өткен жылы маусым айында «Ведомствоаралық кіші топ құру туралы» облыс әкімінің өкімі қабылданып, өкім негізінде облыс аудандарында «Кіші жұмыс топтары» құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде жоспар 101,5 пайызға орындалып, 203 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы жылғы жоспар нақтыланып, бүгінгі күнге 70 мыңға жуық ауылшаруашылық жерлері қайтарылып, жоспардың 36,2 пайызы орындалды. Облыста жалпы 8,1 миллион гектар жайылым жер болса, оның 3,6 миллион гектары ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер, 740 мың гектар елді мекен жайылымы және 1,6 миллион гектар орман қорындағы жайылымдар құрайды. Жалпы облыс бойынша мал жайылымы тапшылығын жою мақсатында бес бағыт айқындалып, жұмыстар жүргізілуде. Босалқы жер қорындағы 376,9 мың гектар жайылым ауылдық елді мекенге қосылып, көлемі екі есеге, яғни 740 мың гектарға артты. Екінші бағыт бойынша, елді мекендерге жақын 5 шақырымдық радиуста орналасқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жолымен ауылдық округтер теңгеріміне беру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бағытта 200 мың гектарға жуық жердің 13,6 мың гектары қайтарылып, 145,9 мың гектарды иеленіп отырған жер пайдаланушыларға ескерту жасалды, – дейді Б.Көпбосынов. Үшінші бағыт – орман қорындағы жайылымдар мен шабындықтарды пайдаланудың тиімділігін арттыру. Осы мақсатта ветеринарлық нормадан артық мал басын ұстап отырған тұрғындардың малдарын орман жеріне шығару ұйымдастырылып жатыр екен. 106,1 мың гектар орман қоры жерлері 158 жер пайдаланушыға жалға беріліпті. Төртінші бағыт – агроқұрылымдармен меморандум жасасу арқылы өнім жиналып алынған жерлерге мал бағуға рұқсат беру. Бұл ретте 2 071 агроқұрылыммен келісім жасалып, 490 мың гектарға егіс алқабына жиын-теріннен кейін мал жаюға рұқсат алынған. Бесінші бағыт – игерусіз жатқан жайылым жерлерді мемлекет иелігіне қайтару шараларын жүргізу. Жер қатынастары басқармасында 10 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Өткен жылы 50 қызмет көрсетілсе, есепті мерзімде 12 қызмет көрсетілді. Қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасының облыс аумағынан өтетін бөлігінің жалпы ұзындығы 716 шақырымды құраса, бұл облыстың 6 ауданының аумағы арқылы өтеді екен. Үкіметтің 2014 жылы 16 сәуірде шыққан қаулысына сәйкес биыл 100 метрлік шекара еніне кіретін меншік иелері мен жер пайдаланушылардан жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – ең басты талаптың бірі. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің қаулысы қабылданыпты. Осы бағытта да тиісті жұмыстар жүйелі жүргізілуде.

Нұржан Әліш

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар