Жалынды жастар – қоғамның қозғаушы күші
Жастар саясаты – еліміздегі ең негізгі бағыттардың бірі. Ұлт болашағына айрықша көңіл бөлудің нәтижесінде өскелең ұрпақтың жан-жақты білім алып, еңбек етуіне жағдай жасалып отыр. Облысымызда да жастардың әлеуметтік жағдайын көтеруге, рухани тұрғыда өсіп-өркендеуіне бағытталған жобалар аз емес.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты осы жылдың наурыз айынан бастап жастар санаты 14-35 жас болып бекітілді. Осыған орай облыстағы жастардың саны 93 мыңға артқан. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 327 мыңнан астам жас бар. Олардың 137 390-ы қалада, 189 881-і ауылдық елді мекенде тұрады.
Әулиеаталық жастарға қатысты орын алған басты жаңалықтардың бірі – Шу қаласынан өз алдына «Жастар ресурстық орталығының» ашылуы. Ал Қаратау қаласында арнайы бөлім құрылған. Облыс бойынша барлық «Жастар ресурстық орталықтарында» NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу бөлімі ашылып, арнайы инспектор бекітілді.
Жастар арасында отансүйгіштік рухты нығайтуға, құқықтық мәдениетті көтеруге, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулуға, жұмыссыздықты жоюға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірлескен кешенді жоспар да өз деңгейінде орындалуда. Бұл ретте 11 бағытты қамтыған барлығы 3 237 іс-шара өткізіліп, оған 94 126 жас тартылған. Өткізілген шаралардың маңыздылығы мен ауқымына және жастардың қамтылуына баса назар аударылуда. Биыл облыста жастар саясатын жүзеге асыруға тиісті мүдделі органдармен бірге 1 миллиард 985 миллион теңге қаражат қаралып, тиімді игерілуде.
Кез келген мемлекеттің экономикалық дамуы әлеуметтің әлеуетін арттырумен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда жұмыссыздықты жою – мемлекеттің басты міндеті. Осы орайда аталмыш басқарманың атқарып жатқан жұмысы ауқымды.
– Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі осы жылдың І тоқсанының қорытындысымен 5,1 пайызды, яғни 16 690 жасты құраса, NEET жастардың үлесі –
8,6 пайыз. Бұл 28 145 жас уақытша бос жүр деген сөз.
Биыл Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес өңірімізде NEET жастарының әлеуметтік мәртебесін анықтау мақсатында адрестік талдау жұмыстары жүргізіліп, «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде өзектендірілді. Соның нәтижесінде 5 818 NEET санатындағы жас анықталды. Оларға қатысты бүгінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр – дейді басқарма басшысы Жомарт Зұлпыхар.
Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аудандық және қалалық пробация қызметі есебінде 717 жас сотталғандар тізімінде тұр екен. Оның ішінде жұмыспен қамтылғаны – 507 болса, 80 жас өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінде. Сотталғандар тізіміндегі 47 жас жұмыссыз, ал 29-ы түзеу мекемелеріне қайта жіберілген. Сонымен қатар 28-і білім алып жүрсе, 13-і 3 жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отыр, 4-еуі қоғамдық жұмыстарға тартылған. Осы тізімдегі 3 жас мүмкіндігі шектеулі жан, 4-еуіне іздеу жарияланса, екеуі наркологиялық диспансерде ем қабылдап жатқан көрінеді.
Осы жылдың 1 мамырына дейін жұмыспен қамту мекемелерінің ықпалымен 35 жасқа дейінгі 8 988 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Мысалы, 3 106 адам ваканттық жұмыс орындарына орналасса, 553 жас онлайн оқытуға, 631 түлек жастар практикасына, 275 жас әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 1 836 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберіліпті.
Сондай-ақ 12 өрен «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына, 149-ы «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 2 335 жас «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданған. 91 адам қайтарымсыз грант алған.
Облыс көлемінде 80 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылған. Іс-шараға 520 жұмыс беруші мекеме қатысып, 1 474 бос жұмыс орны ұсынылған. Жәрмеңкеге 2 856 жұмыссыз қатысқан. Жәрмеңке қорытындысы бойынша 111 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 168 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданып, 50 түлек «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан.
– Биыл жергілікті бюджет есебінен 136,2 миллион теңгеге 1 800-ден астам жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы өз жұмысын бастап, Тараз қаласы мен аудандардан жалпы 556 жас маусымдық жұмыстарға тартылса, оның 92-сі уақытша бос жүрген жұмыссыз жастар.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының басым бағыттарының бірі – білім саласы. Осы бағытта басқармаға мемлекет тарапынан қолдау барынша көрсетіліп келеді. Жоғары оқу орындарына 2022-2023 оқу жылына бакалаврға 89 грантқа бөлінген.
Осы жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 525 маманға 188 миллион теңге көтерме жәрдемақы және 204 маманға тұрғын үй сатып алуға 1,055 миллиард теңге несие қарастырылды. Биылдан бастап «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы іске асырылып жатыр.
«Серпін-2050» жобасына облыстан барлығы 1 164 талапкер оқуға түскен. Олардың 933-і жоғары оқу орындарында, 231-і арнаулы орта оқу орындарында педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауылшаруашылығы және медициналық мамандықтар бойынша білім алуда, – дейді басқарма басшысы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес наурыз айынан бастап жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мақсатында жұмыссыз және 3 жылға дейінгі мерзімде кәсіппен айналысып жүрген 347 жасқа 1 миллиард 735 миллион теңгеге жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беру жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айында өтініштерді іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның алғашқы отырыстары өткізіліп, құны 616,1 миллион теңгені құрайтын 134 жоба мақұлданды. Ал қаржыны беру жұмыстары енді басталмақ.
Сондай-ақ республикалық бюджеттен «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау үшін ауыл халқына микрокредиттер беру» бағдарламасы аясында 6,047 миллиард теңге қаражат бөлініп, 1 209 адамға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несие берілді. Оның ішінде 14-35 жас аралығындағы 344 жас 2,5 пайызбен жалпы сомасы 3,493 миллиард теңгеге 2500 АЕК-ке дейінгі сомада жеңілдетілген несие алған.
Облыста мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары ретімен жүзеге асуда. «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен 500 миллион теңге бөлініпті. Бағдарлама аясында тұрғын үй алуға барлығы 737 өтінім түсіп, 89 қатысушыға «Отбасы банк» АҚ-на жолдама берілген. Аталған банк тарапынан 40 қатысушының өтінімі мақұлданып, оның ішінде 40 қатысушы бағдарлама аясында баспаналы болыпты.
– Биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жалпы көлемі 2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Яғни 1 миллиард теңге жергілікті бюджеттен, 1 миллиард теңге «Отбасы банк» АҚ тарапынан қарастырылды. Жалпы жоба аясында биыл 140 жасты баспанамен қамту жоспарлануда.
Сонымен қатар бағдарлама талаптарына бірқатар өзгерістер енгізілген. Қарыздың ең жоғары сомасы 15 миллион теңгеге дейін көтеріліп, несие беру уақыты 19 жылды құрап отыр. Пайыздық мөлшерлеме мен бастапқы жарна – 5 пайыз. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, журналистика және дін саласының қызметкерлері қатыса алады, – дейді облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының «Ақпараттық талдау және стратегиялық дамыту» бөлімінің басшысы Мақсат Рахымбекұлы.
Өңірде жастарға қолдау көрсету ары қарай да жалғасын таба береді. Өйткені жастарға көрсетілер қолдау – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала