Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таласта толайым тірлік толастамайды

Таласта толайым тірлік толастамайды
ашық дереккөз
Таласта толайым тірлік толастамайды
Бүгінгі таңда облысымыздың қай аймағында болмасын тіршіліктің қазаны бүлк-бүлк қайнап, өрелі де өркенді істер өрнегін тауып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан тұрғындарымен алтын бесікке айналып, тәуелсіздікпен бірге түлеп келеді. Әсіресе өзіндік сұлу табиғатымен, бай тарихымен, қойнауы қазынаға толы шұрайлы жерімен ерекшеленіп тұратын Талас ауданында көпке үлгі боларлықтай келелі істер көп.

Өнеркәсіп өндірісі өркен жайды

Осыдан 3-4 ай бұрын Қаратау қаласына арнайы барып, ел игілігі үшін қыруар күш-жігерді, еселі еңбекті қажет ететін жұмыстардың атқарылып жатқанын көзбен көріп қайтқан едік. Жуырда жұмыс барысымен қазыналы мекен Қаратау қаласына тағы да жолымыз түсіп, тағы бір мәрте тәнті болдық. Шынымызды айтсақ, шырайы кіріп, ажары айшықтала түскен шағын шаһарға араға 3-4 ай емес, 3-4 жыл салып келіп тұрғандай әсерге бөлендік. Айналып болмас аядай ғана уақытта атқарылған жұмыстардың нәтижесі көз қуантып, көңіл сүйсінтеді. Ең маңыздысы, тұрғындардың қолайлы және жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында қолға алынған тиянақты жұмыстар тек аудан орталығында ғана емес, әрбір елді мекенде нәтижелі жүргізілуде. Көзбен көрген бір бөлек те, естіп-білгеннің әсері мүлдем басқаша. Сондықтан жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсары, ауқымы, алдағы жоспарлар жайында Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтен сұрап білдік. Нұрбол Әбдімажитұлы өңірдің өркендеуі өндірістің дамуына тікелей байланысты екенін жеткізіп, әңгімеміздің әлқиссасын аталған саладағы қол жеткізілген нәтижелерден бастады. Талас ауданында өнеркәсіп саласын дамытуға қолайлы барлық алғышарттар мен мүмкіндіктер жеткілікті. Өз кезегінде таластықтар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдаланып, табыс тайқазанын тасыту жолында аянып қалып жатқан жоқ. Мәселен, 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларының өзінде аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10 миллиард 531 миллион 300 мың теңгеге өндірілген. Жалпы өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері 2022 жылмен салыстырғанда 116,1 пайызға немесе 1 миллиард 462 миллиард 700 мың теңгеге артық орындалған. Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, ел игілігін еселеу мақсатында инновациялық жобаларды жүзеге асыруға да зор мән беріліп отыр екен. Биылғы жылдың 4 айында негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 1 миллиард 781 миллион 700 мың теңгені құрапты. Алдағы уақытта инвестиция көлемі еселеп артатыны анық. Себебі ауданда 2022-2025 жылдары құны 49,8 миллиард теңгені құрайтын 8 ірі жобаны іске қосу көзделуде. Жобалар жүзеге асырылса, 617 азамат жұмыспен қамтылады. Аталған жобалардың бірқатарына тоқталып өтер болсақ, «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына өндіретін натрий цианидінің өнімін 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға дейін арттыруды мақсат етіп отыр екен. Жобаның құны – 25,4 миллиард теңге. Іске асырылатын мерзімі – 2023-2025 жылдар аралығы. Ал «Қаратау ПРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына өндіретін ұнтақталған мәрмәр толтырғышы өнімін 110 мың тоннадан 190 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлауда. Жоба толық аяқталса, 25 азамат жұмыспен қамтылады. Іске асырылатын мерзімі – 2023-2024 жылдар аралығы. Сонымен қатар жаңғырмалы энергия көздері әлеуетін дамытуға қолайлы аймақта биыл 5,4 миллиард тенгенің 3 жобасы («Шенгелді», «Новатэкс» және «Шенгелді-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері) іске асырылады. Әр стансаның қуаты – 4,5 мВт. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Аталған жобалар жұмысын бастағанда 12 азамат жұмыспен қамтылады.

Асыраушы саланың әлеуеті зор

Бір кездері және қазір де өндіріс пен ауылшаруашылық саласындағы әлеуеті Кеңес одағына, Қазақстанға мәлім болған ауданда кәсіпкерлік саласы да құлашын кеңге сермеуде. Негізі таластық жұртшылық «балақ түріп, қарекет қылғандардың, бақ келіп есігінен сығалайтынын» жақсы білетін шаруақор. Шалғай ауылдарында да шаруаның жайын ойлап, кәсіппен айналысып жүргендер жетіп артылады. Осы орайда Нұрбол Әбдімажитұлы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау-көмектер кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер сыйлап жатқанына тоқталды. – Ауданда барлығы 3 739 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 34,3 пайызға немесе 955-ке өсті. Тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің 90,8 пайызы тұрақты жұмыс істейді. Осы орайда мемлекеттік бағдарламалар аудан тұрғындарының кәсіп бастап, табыс тайқазанын тасытуына жол ашып отырғанын айта кеткен ләзім. Нәтижесінде іскер азаматтар ел сүйсінтер тірліктерді қолға алуда. Ауданда ауылшаруашылық саласы да қарқынды дамуда. Қаңтар-сәуір айларында 3 миллиард 690 миллион 800 мың теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілді, – деген аудан әкімі бұрнағы жылдармен салыстырғанда мал басында да айтарлықтай өсім бар екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар ауылшаруашылық саласының қос қанатының бірі саналатын егіншаруашылығына да айрықша екпін беріліп, жер емген диқандар ел ризығын еселеуде. Жалпы 2023 жылдың өнімі үшін барлығы 14 195 гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдары орналастырылып және 953 гектар пар дайындалады. Егістік жердің 72 пайызы игеріледі. – Көктем айларында 4 730 гектарға ауылшаруашылық дақылдарын егу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге 4 282 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары орналастырылды. Сондай-ақ 62 гектарға қант қызылшасы себілді. Жыл сайын ауданда егістік алқабы ұлғайып келеді. Сондықтан өнім көлемін ұлғайтудың барлық мүмкіндіктері қарастырылуда. Осы орайда ауылшаруашылық техникасы паркін жаңартудың маңызы жоғары. Жыл басынан бері аудан бойынша 88,1 миллион теңгеге 4 трактор және 12 әртүрлі ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Жоспар 2,1 пайызға орындалды. Биылғы жылға жаңару жоспары 93 техника (12 пайыз). Ауылшаруашылық саласында бұдан бөлек жылыжай шаруашылығын дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, ауданда 4 жылыжай көкөніс өнімдерін өндіруде. Алдағы уақытта жылыжайлар санын арттыру жоспарда бар. Ал биыл 3 шаруа қожалық 150 гектар егістікті тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісімен суғару үшін жұмыс істеуде. Осы ретте Бостандық ауылдық округіндегі «Нұр-Дәулет» шаруа қожалығын ерекше атап өтуге болады. Аталған шаруашылық өткен жылы 77 миллион теңгеге инвестициялық жоба дайындап, жаңбырлатып суару құрал-жабдығын және сусорғысын сатып алып, сынақтан сәтті өткізді. Бостандық ауылдық округінен «Зерхат» шаруа қожалығы да 100 миллион теңгеге тамшылатып суару технологиясын орнатып, 70 гектар жерді игеруде. Аталған округтегі «Жаңалық» шаруа қожалығы су үнемдеу технологиясын қолдана отырып, 30 гектар жерге жүгері, бақша және картоп дақылдарын егуде. «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты аясында биыл Бостандық, Берікқара және Аққұм ауылдық округтерінде 118,2 миллион теңгеге 14 жобаны іске асыру көзделуде, – дейді аудан әкімі.

Алып құрылыс алаңына айналды

Халқының саны жыл санап өсіп келе жатқан Қаратау қаласында тұрғын үй құрылысы да қарқын алуда. Кейінгі жылдарда шағын шаһарға қоныс аударып келушілер де көбейген. Сол себепті халықты баспанамен қамтуға айрықша басымдық берілуде. Аудан бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемі жыл басынан бері 4 782 шаршы метрді құрап, 2022 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 105,6 пайызға немесе 254 шаршы метрге артық орындалыпты. Жыл соңына дейін көптеген қаратаулық тұрғын қоныстой тойлайтын болады. Сондай-ақ осыдан бірнеше жыл бұрын басталған «Асарлатып үй салу» жоба аясында биыл 9 үйді пайдалануға беру жоспарланып, бүгінге дейін 1 отбасы бақыт шамына қол жеткізіп үлгерген. – Халықты баспанамен, таза ауызсу, жарық, газ, сапалы жолмен қамту мәселелері басты назарымызда. Ауданда 23 елді мекен (24 091 тұрғын) болса, 14-і (13 958 тұрғын, 57,9 пайыз) газдандырылған. Ақкөл, Қызыләуіт, Ақтөбе елді мекендерінде ішкі кварталдық газ тарату желісінің құрылысын жүргізу үшін 10,7 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжат әзірленген. Жобалық құны – 622,8 миллион теңге. Бүгінгі күнде мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Майтөбе және Қожағаппар елді мекендеріне газ құбырларын салу жұмыстарына аудандық бюджеттен 9,1 миллион теңге бөлініп, жоба құны 1 миллиард 42 миллион теңгені құрады. Қазір жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сондай-ақ Көктал ауылына газ жүйесін тарту үшін жобалық-сметалық құжатын әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін 11,6 миллион теңге бөлінді. Қасқабұлақ, Есейхан, Қараой ауылдарына газ тарту үшін 25,6 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Ал 23 елді мекеннің 16-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Биыл халықты сапалы ауызсумен қамту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда, – деген Нұрбол Әбдімажитұлы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде бірқатар жобалар жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Атап айтар болсақ, Ойық ауылынан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу, Ақкөл ауылында дәрігерлік амбулатория және Көктал ауылында мәдениет үйін салу жоспарланған. Осылайша молшылық пен құт қонған Талас ауданындағы жүйелі жұмыстар жан жадыратады. Жыл бойы атқарылатын жұмыс аз емес. Мемлекет басшысының Жолдауында артылған сенімнің үдесінен шығуда аудан тұрғындары да тынымсыз еңбек ете береді.

Талғат НҰРХАНОВ, Талас ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар