Ел жұрттың еңсесін еңбек көтереді
Әр белестен өткен сайын жеткен жетістіктерімізді саралап, кемшіліктерді зерделеп, келешекке бағыт-бағдар белгілеп отыру – заңды құбылыс. Еліміздің өткеніне шолу жасап, алда болатын оңды өзгерістердің жаршысына айналған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдаулары, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы реформалар осындай игі мақсаттардан туындап отырғаны белгілі.
Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы да еліміздің қоғамдық өмірінде басты оқиға болып табылды. Өйткені бұл – жаңа міндеттер, жаңа үміттер, жаңа жетістіктерге ұмтылыс. Жолдауды еліміздің биылғы және алдағы дамуы мен өркендеуінің тыңғылықты түрде әзірленген жоспары деуге де болады. Онда қол жеткізген жетістіктеріміз бен шешілуі тиіс мәселелердің бірде-бірі ұмыт қалмаған. Қоғамды толғандырып жүрген жағдайлардың барлығының жөн-жобасы айқындалып, оларды оңтайлы шешудің жолдары көрсетілді. Президентіміз экономикамыздың барлық саласын қамти отырып, әр салада атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді.
Жалпы мемлекетіміздің әлеуметтік саясаты, соның ішінде Президенттің Жолдауындағы әлеуметтік мәселелер облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан негізгі үш бағытта жүзеге асырылуда. Олар – халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларына жәрдемақылар төлеу, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету.
Мемлекетіміздің ең пәрменді әлеуметтік саясаты өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болғандықтан Президенттің Жолдауларында халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді.
Жолдауға сәйкес халықты жұмыспен қамту бағытындағы жаңа саясат тетіктері белгіленіп, оны жүзеге асыруда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Халықты жұмыспен қамту бағытындағы маңызды шаралардың бірі – жастарды жұмыспен қамту. Президент өз Жолдауында жастарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекетіміздің басты міндетінің бірі екенін атай отырып, еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс берілетінін жеткізді. Осы жұмыстардың алғышарты ретінде жастарды жұмыспен қамту бағытында да жұмыстар жүргізілуде.
Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес аз қамтылған отбасыларына жәрдемақылар төлеу бағытында да түбегейлі оңды өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталған. Бұл карта – әлеуметтік мәртебесіне қарай кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы әрбір азаматқа ақпарат берудің құралы. Яғни азаматтардың күн сайынғы «электрондық жаршысы». Осы карта әлеуметтік көмек алатын азаматтарға тиісті органдарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алуды өзі ұсынатын болады.
Қорыта айтқанда, Жолдау жүктеген ауқымды міндеттерді өз құзыреті шегінде жүзеге асыру біздің басқарманың басты міндеті болып қала бермек.
Еркін КЕЛЕСОВ, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы
Келесі мақала