«ҚАРАХАН МЕМЛЕКЕТІ ТҰСЫНДАҒЫ ИСЛАМ»
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының мәжіліс залында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қарахан мемлекеті тұсындағы ислам» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиын Құран аяттарын оқумен басталып, бабалар рухына дұға бағышталды.
Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев құттықтау сөзбен ашты.
– Қасиетті Әулиеата өңірі – тарих пен тағылымға толы мекен. Мұнда ежелгі және ортағасыр тарихының ескерткіштері сақталып, бүгінгі күнге жеткен. Солардың ішінде тек қана Қарахан бабаның, Айша бибі мен Бабажа хатун кесенелері айналасындағы аңыз бен ақиқаттың өзінде тағылымы мол деректер жетерлік.
Тарихы 2000 жылдан асатын бұл киелі өлкеде ежелгі дәуірлерден, ортағасырлардан жеткен ұзын саны
1 000-нан асып жығылатын тарихи-мәдени мұра бар. Әр ескерткіште ғасырлардың қайталанбас өрнегі бейнеленіп, Әулиеата жерінің келбетін осындай тарихымен ерекшелейді. Бұл қасиетті мұралар тек бір елдің, бір ұлттың мүддесі үшін емес, бүкіл адамзат үшін қызмет етіп келеді.
Тараз өңірі ортағасырлық қалаларға да бай. Ежелгі төрткүлдер мен керуен сарайлары, сауда орындары аз емес. Олардың көбісі төмпешікке айналса да бір замандардағы көпкүмбезді, еңселі қақпалы, сұлу қалалардың өзіндік сырлы да сымбатты архитектурасынан хабардар етеді.
Осынау тарихы тасқа қашалып, шежіресі құмға сіңген киелі өлкенің көркеюі VIII-ХII ғасырларда ислам дінінің келуімен тұспа-тұс келеді.
Әсіресе Қарахан мемлекеті дәуірінде ислам дінінің кең таралуы жергілікті түркі халықтарының өмірінде ерекше тарихи-мәдени рөл атқарады.
Ислам дінін қабылдағаннан кейін халқымыздың рухани, мәдени өмірінде өсіп-өркендеу процесі қайта жаңғырды. Ислам құндылықтары қазақ халқының дүниетанымы, дәстүрі, ғұрпымен үндесіп, сан ғасырлар бойы қазақ мәдениетімен тұтасып, ел тарихының ажырамас бөлігіне айналды.
Қарахан дәуірі кезінде түркі мәдениеті гүлденіп, ғылыми ойдың дамуына, қала мәдениетінің өсіп-өркендеуіне, қолөнердің ерекше жетіліп, гүлденуіне үлкен әсер етті. Осы кезде жазу мәдениетінің жоғарғы сатыға көтеріле бастауын Әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Жүйнеки еңбектерінен көре аламыз.
Бүгінгі таңда Қарахандар дәуірінің ел мәдениетінің дамуына қосқан тарихи үлесін, сол кезде өмір сүрген белгілі ойшылдар мен тұлғалардың еңбектерін біртұтас аспектіде қарастыру өте күрделі мәселелердің бірі болып отыр.
Басты мақсат – тарихи тамырымызға зер салып, дін мен тарихымыздың байланысын терең зерделеу, ислам дінінің ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-бабаларымыздың ұстанған, қастер тұтқан жолы екенін қоғамға насихаттау, ұлттық тарихымыз бен елдік санамызды, ұжданды тұлғаларымызды саралап, олардың өмірі мен еңбектерін жас ұрпаққа үлгі ету. Мұны тарихи сананы қайта түлететін парасат баспалдағына жасалған игі қадам деп есептеуге болады, –
деген Еркін Құлымбайұлы конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан соң сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы басқарма Тараз қаласында осымен үшінші жыл қатарынан халықаралық ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырып отырғанын, 2021 жылы Атлах шайқасының 1270 жылдығына орай «Қазақ даласына исламның келуі», 2022 жылы «Тараздан шыққан діни тұлғалар. Профессор Насрулла Таразидың туғанына 100 жыл» тақырыбында ауқымды жиындар өткізілгенін айтты.
– Сатұқ Боғра хан (915-955) Қарахан мемлекетінің негізін қалап, Тараз бен Қашғар қалаларын өз иелігіне қосты. Баласағұн билеушісін бағындырып, өзін жоғарғы қаған деп жариялады. Қарахан мемлекетінің ислам тарихында айшықты орны қалды. Себебі Қарахан әулеті ислам тарихындағы алғашқы түркі мұсылман мемлекеті болды.
Сатұқ Боғра ханның исламды қабылдауы түркі халықтарының саяси ұстанымына әсер етті. Сатұқтан кейін билікке келген баласы Мұса хан исламға мемлекеттік дін мәртебесін берді. Одан кейінгі билеушілер де ислам дінінің жан-жақты өркендеуіне жағдай жасады. Ханафи мәзһабының ғұламалары Қарахан мемлекетінің қазылық, дін қызметтеріне араласа бастады. Осылайша Мәуереннахр аймағына түркі-ислам өркениеті таралып, Имам Ағзам негізін қалаған Ханафи мәзһабының қанат жаюына жол ашылды.
Қарахан билеушілері Бұхара мен Самарқанды Ханафи мәзһабының орталығына айналдырды. Соның нәтижесінде Орталық Азияда ақида, фиқһ үйретуге арналған медреселер көптеп бой көтерді. Осы медреселерден көптеген дін ғұламалары шықты. Қарахан билеушілерінің қамқорлығының арқасында Түркістан өлкесі мен Мәуераннахр аймағы білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің орталығына айналды, – деді бас мүфти.
Конференцияда Түркия Республикасы Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы «Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы» зерттеу және жариялау бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Женгиз Томар да мінбеге шығып, құттықтау сөзін арнады.
Жалпы басқосуда мазмұнды баяндамалар оқылды. Өзбекстан ғылым академиясы ұлттық археологиялық орталығы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Гайбулла Бабаяров, Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы «Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығының» (IRCICA) аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті жанындағы Әбу Ханифа ғылыми зерттеу орталығының директоры, профессор, PhD докторы Шәмшедин Керімов сынды Түркия, Өзбекстан мен Қырғыз елдерінен келген және отандық зерттеуші ғалымдар баяндама жасады.
Халықаралық конференция аясында «Һибаттула Тарази» орталық мешіті жанынан бой көтерген «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының ашылу рәсімі өтті.
Бұдан кейін бас мүфти мен конференцияға қатысушылар Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылындағы «Һибатулла Тарази» медресе колледжінің ашылу салтанатын тамашалады. Келесі кезекте бас мүфти облыс спортшыларымен жүздесіп, жарқын жетістіктерімен құттықтады.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала