Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құрылыста қарқын бар

Құрылыста қарқын бар
ашық дереккөз
Құрылыста қарқын бар
Өңір экономикасын өркендетуде, оны әртараптандыруда құрылыс саласының маңызы айрықша. Аталған саланың аймақ экономикасына оң әсер етудегі ықпалына назар аударсақ, осы жылғы қаңтар-сәуір айларында құрылыс саласы бойынша көрсеткіш – 147,3, тұрғын үй көлемі 105, байланыс 111,7, көлік және қоймалау 92,5 пайыз деңгейінде қалыптасыпты. Биыл сметалық құны 201 миллиард теңгені құрайтын 255 жобаға бюджеттен 68 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қолға алынған. Ал өткен жылы 249 жобаға 85,8 миллиард теңге қаржы қаралған екен. Жыл соңында 113 нысанның құрылысы аяқталып, 136 нысан осы жылға өткен. Осы жылға жоспарланған жобалардың 182-сі жыл аяғына дейін тапсырылуы тиіс, 73-інің құрылысы келер жылы да жалғаспақ. Тарқата айтар болсақ, білім саласында 18 нысанның құрылысы қолға алынған. Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2023-2025 жылдары облыста 9500 оқушыға арналған жаңа форматтағы құны 61 миллиард 165 миллион теңгені құрайтын 12 мектептің құрылысы жоспарланса, оның сегізінің құрылысы биыл жүргізіліп, қалғаны келер жылы қолға алынады. Облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайхановтың айтуынша, Байзақ, Жамбыл, Меркі ауданында бір-бір, Шуда екі, Қордайда үш, Тараз қаласында төрт жайлы мектептің құрылысы жүргізілмек. – Жайлы мектептердің басқа мектептерден айырмашылығы – оқушылардың қауіпсіздік шараларын арттыру, оқу орнын пәндік кабинеттермен және зертханалармен толық қамту. Сондай-ақ бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек оқу блоктары мен спортзалдардың болуы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін тиісті жағдайлар жасау және бірыңғай құрылыс стандартын сақтау да «Жайлы мектепке» тән. Халқының жарқын болашағын ойлаған кез келген мемлекет денсаулық саласына баса мән береді. Бұл салада өңірде 23 нысан тұрғызылатын болса, оның биыл тапсырылатыны – 21, екеуі келер жылға өтпелі. Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары құны 5,2 миллиард теңгені құрайтын 30 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. 2023 жылы 10, 2024 жылы 20 нысан салынады. Халықтың денсаулығының жақсы болмағы, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы жұртшылықтың спортпен айналысуына жағдай жасалуымен де тікелей байланысты. Спорт саласындағы 22 нысанның 15-і биыл тапсырылса, жетеуінің құрылысы келер жылы жүргізіледі. Сол секілді мәдениет саласында 18, әлеуметтік салада 2, ауылшаруашылық саласында 11, ішкі істер, төтенше жағдай саласында 3 нысанның құрылысы қолға алынады, – дейді Ерболат Мақсұтханұлы. Жалпы халықтың жайлы өмір сүріп, тәуір тұрмыс кешуі тұрғындардың баспаналы болуымен де өлшенетінін ескеруіміз керек. Бұл тұрғыда өңірде бірнеше жылдан бері тұрғын үй құрылысы айтарлықтай қарқынмен жүргізіліп, қоныстой көбейгенін айта кетуіміз керек. Жыл басынан бері бюджет және жекеменшік қаражаты есебінен 155,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Сонымен қатар «Әулиеата жастары» атты өңірлік тұрғын үй бағдарламасы аясында 2 миллиард теңгеге 140 жасқа пәтер беру жоспарланыпты. Былтыр 40 жас отбасы 500 миллион теңгеге баспана алған. Өңірімізде бірнеше жылдан бері халқымыздың асар дәстүрі қайта жаңғырып, бұл игі іс облыс көлемінде ауқымды түрде жүзеге асып жатқаны белгілі. Ауылдық елді мекендер мен Тараз қаласының ұйымшыл тұрғындары көпбалалы, тұрмыс жағдайы төмен, баспанаға мұқтаж отбасылар үшін салынып жатқан үйлерге мейлінше өз үлестерін қосып келеді. Бүгінде «Асарлатып үй салу» жобасы арқылы тұрғын үй салу, баспанасын күрделі немесе ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары өңірде қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда асарлатып үй салушылар қыстың суығы келгенше үй егелерін қуанышқа бөлеуді мақсат тұтқан. Жалпы бюджет қаражаты есебінен бөлек, тәрбиелік мәні терең, дәстүрлі асар тәсілімен баспанаға мұқтаж азаматтардың мәселесін шешу – көптің көңілінен шыққан бірегей жоба. Бұл мақсатта 2020-2022 жылдар аралығында 338 отбасы баспаналы болса, биыл 105 отбасын жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген. Жалпы қалалық жерде жаңадан бой көтеріп жатқан заманауи ғимараттармен қатар, бұрынғы салынған үйлердің қасбетін әрлеу де шаһар шырайын келтіретіні анық. Одан бөлек тұрғындар баспанасында өзін жайлы сезінуі үшін шатырынан су аққан немесе жертөлесі сыз тартқан үйде тұрмауы керек. Сондықтан тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғыртудан өткізу де өте өзекті. Жалпы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда тұрғын үйді жөндеу тұрғындарға жүктелген міндет екені атап көрсетілген. Әйтсе де екінің бірінің қолында нақты қаржы бола бермейтіні белгілі. Соның салдарынан мұндаға дейін қалалық жерде тозығы жеткен тұрғын үйлер көбейген болатын. Осы орайда мемлекет еңсесі басылып, ескірген үйлерді жаңғыртудан өткізетін бағдарламаны іске қосқан еді. Түсінікті тілде айтсақ, мемлекет бұл бағытқа арнайы қаржы бөліп, құрылыс компаниялары арқылы тұрғын үйді жөндеуден өткізіп береді. Байыпты бағдарламаның рәтін көргендер оны шетінен бөліп төлейді. Бұл іс те қазір баянын тапқан. Ал осы жылы атқарылатын жұмысты сөз етсек, биыл 3,3 миллиард теңгеге Тараз қаласындағы 44 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілмек. Сондай-ақ облыс бойынша 42, яғни Таразда 27, Қаратау қаласында 5, Шуда 4, Жаңатаста 6 көппәтерлі тұрғын үй аулаларына балалар ойын алаңшалары орнатылмақ. Биыл 10,3 миллиард теңгеге 77 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысы жүргізілмек. Мәселен, Жамбыл ауданының Аса ауылындағы 811 жер телімі мен Сарысу ауданының «Құрылысшы» алқабында 58 жер телімі халыққа шетінен үлестіріліп жатыр. Құрылыс жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында осы жылдың 5 айында құрылыс нысандарына 46 жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті. Нәтижесінде 27 нұсқама беріліп, 77 әкімшілік іс қозғалған. – Құрылыс саласындағы кемшіліктердің көптеп орын алуын, шетелдегі табиғи апаттардың салдарын ескеріп, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жетілдіру мақсатында мораторийге байланысты Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, тексерулерге қатысты шектеулерді алып тастау бойынша Үкіметке ұсыныстар жолданды. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 2023 жылы халықты ауызсумен қамту мақсатында 54 жоба іске асырылатын болады. Нәтижесінде қосымша 32 ауылдық елді мекендегі 31,3 мың тұрғын таза ауызсуға қол жеткізу есебінен тұрғындарды ауыз сумен қамту деңгейі 92 пайыздан 96,5 пайызға артады. Жұртшылықты көгілдір отынмен қамту бойынша биыл 19,7 мың адамды табиғи газбен қамту арқылы көгілдір отынның қызығын көріп отырған тұрғындардың үлес салмағын 92 пайызға жеткізу көзделген. Сондай-ақ биыл 46 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша 15 жоба әзірленуде, бұл жобалар 2024 жылға республикалық бюджетке ұсынылмақ, – дейді Е.Ибрайханов. Өңірдегі жүзеге асырылып жатқан жоспарлы жұмыстардың басым бағытының бірі – электр энергиясын өндiру және ауыл-аймақ, өндірістік нысандарды электрмен жабдықтау. Бұл тұрғыда облыста экономикалық жағынан тиімді, баламалы энергия өндіретін стансалар әлдеқашан іске қосылған. «Жасыл» экономика бойынша облысымыз республикада алдыңғы қатарда тұрғанын айта кетуіміз керек. Облыста жел электр стансаларын салу бойынша шетелдік компаниялар Мойынқұм, Жуалы және Талас аудандарында тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Сондай-ақ электр энергиясын тасымалдаушы «Жамбыл электр желілері» ЖШС-мен 456,0 миллион теңгеге 85 шақырым электр желілерін қайта жаңарту жоспарланыпты. Жол – экономика күретамыры. Биыл жол саласына 24,7 миллиард теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру 8,5 миллиард теңгеге артқан. Оның ішінде елді мекен көшелерінің жөнделуіне аса маңызды көңіл бөлініп отыр. Осы бағытта 2022 жылы 357 шақырым көше жөнделсе, биыл 550 шақырым көше жөнделмек. Ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету де маңызды іс. Бұл бойынша жалпы облыста барлығы 371 елді мекеннің 191-і талшықты оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етіліпті. Қалған 180 елді мекен интернетке қосылмаған. Десе де еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары облыстың елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жол картасының» бекітілуі де үлкен жаңалық. Жол картасына сәйкес 2025-2027 жылдары 165 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру, 28 елді мекенді электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен, 155 елді мекенді талшықты-оптикалық байланыс желісімен, республикалық және облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көзделген екен. Жалпы біз сөз еткен құрылыс, сәулет, энергетика, автомобиль жолдары мен цифрландыру салалары бойынша Е.Ибрайханов өңірлік коммуникация қызметінде баспасөз конференциясын өткізіп, атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктерді, жоспарлы жұмыстарды бүге-шігесіне дейін баяндаған болатын. Облыс әкімінің орынбасары сөз еткендей, ойға алған іс, көзделген меже сәтімен жүзеге асырылса, бұл өңір экономикасына серпін беретіні анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар