«Таблиғи жамағат» - ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ҰЙЫМ
2014 жылғы 18 тамызындағы Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен "Таблиғи Жамағат" халықаралық экстремистік діни ұйымының Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салынды. Десек те бұл ағымның мүшелері қазіргі таңда да еліміздің әр аумағында ішінара кездеседі.
«Таблиғи жамағат» атауы арабша «Жамағатқа сенім ілімін жеткізушілер» деген мағынаны білдіреді. Пәкістандық бұл ұйым алғаш 1927 жылы Үндістанның Дели қаласы маңындағы Меуат ауылында пайда болды. Пәкістанның Караши және Лахор қалаларында да үлкен бөлімшелері бар. Олар алғашында Үндістаннан, Пәкістаннан үш-төрт адамдық топ болып шығып, әлемнің түкпір-түкпіріне барады. Барған жерлерінде исламды таратуға тырысатындықтарын айтады. Өздерін сахабалардың жолындамыз деп таныстырады. Ханафи мазхабында екендіктерін айтады. Кейде Ибн Таймияны құптайтындары да кездеседі. «Таблиғи жамағат» діни ұйымының негізгі ұстанымы мен мақсаты – барлық адамзатты дінге кіргізу үшін адамдармен жеке-жеке жұмыс істеп, әр адамды түзеп барып қоғамды өзгерту идеясына негізделген. Олар адамдарды артынан ертіп алып, елме-ел, үйме-үй аралап жүріп дін тарату ісін Құрандағы: «Адамдардың арасынан шыққан ең қайырлы үммет болдыңдар» деген «Әл-Имран» сүресінің 110-аятымен негіздейді. Бірақ берілген аят абстрактілі мағынаға ие, әрі классикалық ислам ғұламаларының ғылыми еңбектерінде кеңірек және тереңірек мағыналармен тәпсірленген. Басқа діни ағымдардан ерекшелігі – таблиғшылар атқарып келген іс-әрекеттерінде аз материалдық шығындарды қанағат тұтып, жұпыны киім-кешек, қарапайым тамақпен күн кешіп, белгілі бір елде халықты ислам дініне шақыру ісін өздеріне міндет деп санайды. «Таблиғи жамағат» ұйымының қызметі христиан дініндегі протестандық миссионерлердің қызмет ету әдістеріне ұқсас. Мұндай іс-шараға әр топқа 8-10 адамнан жиналып, араларындағы біреуі әмір етіп сайланады. Дәрет алып, екі рәкат намазымен Құдайдан тілеу тілеп, жолға шығады. Ұйым мүшелері қызмет барысында азға қанағат етіп, өз қаражаттарын (көлікке, тамақ пен киімге, тағы да басқа) өздері көтереді. Әрі сырттан берілетін садақаны да пайдаланады. Таблиғшылар алыстағы түрлі елді мекендерді кезіп, сол жердің базарлары мен арнайы белгіленген тұрақтайтын мекенжайларда тұрғындарға насихаттарын жүргізеді. «Таблиғи жамағат» өз мүшелерін Аллаға бойұсынуға, құлшылықтарды ретімен орындауға, діндестерге құрмет көрсетіп, ислам құндылықтарын насихаттауға үндейді. Дегенмен таблиғшылар өз ілімінде ислам дінін ұстанушылардың басқалардан артықшылығы туралы ойларды кеңінен насихаттайды. Мұндай идеялардың бұқаралық деңгейде қоғамдық санаға енгізілуі, өз кезегінде, оның мүшелерінің басқа дін өкілдеріне қатынастағы төзімсіздігінің туындауына алып барады. Ең бастысы зайырлы заңдар мен қағидаларды және қоғамның тарихи-мәдени дәстүрлерін орындаудан алыстатады. Жолындағы тоқтаған елде дінге дағуат етіп шақырған таблиғи мүшелері сол дағуаттарын «баян» немесе «хұтпа» деп атайды. «Баян» кезінде барлығы дағуат жасаушының маңына жиналып, уағызды тыңдайды. Содан кейін олар топ-топқа бөлініп, адамдарға діни парыздар мен сүннет амалдарын үйретуге кіріседі. Дағуатшы – исламды басқаларға үйретуші болғандықтан оның өзі ислам қағидалары мен парыздарын мүлтіксіз әрі ықыласпен орындауы қажет деп тәрбиеленеді. Ұйым мүшелері көбіне пацифистік сипатта өмір сүреді. Басқалармен араздасуға әкелетін жағдайлардан аулақ жүруге тырысады. Өйткені араздасқандар оның дағуат жасау қызметіне зиян тигізуі мүмкін деп сескенеді. Ұйым мүшелері дағуатқа шығар алдында міндетті бірнеше шарттарды орындаулары қажет: дағуат етуге шығушы адамның әрекеті өз еркімен, қалауымен болу, сапарға адал тапқан қаражатпен шығу, адал уақытта шығу (яғни дағуатқа шыққан адам оның қатысуын қажет ететін істері немесе мойнына тапсырылған аманат пен міндеттердің болмауы), Аллаға деген шексіз мұқтаждық (өзінің миссиясына ықыласпен сену). «Таблиғи жамағат» ұйымының басты идеологиялық құралы «Фазаиль ‘Амали» кітабы болып табылады. Кітап мазмұнында ұйым мүшелері мен қатарға жаңа қосылған дағуатшылар өз қызметінде бес қағиданы орындауы керек:
1) Дағуатшы тамақ, көлік және тағы басқа шығындарын өзі көтеру, ал шамасы жетсе, жанындағы мүсәпір бауырларына да жәрдем беру;
2) Дағуатшы қызметте жүрген бауырлары мен басқа да жандарға дұрыс қызмет етуді, оларға сый-құрмет көрсетуді өзіне бақыт деп білу. Олардың абыройы мен арын қорғау;
3) Қарапайым мұсылмандарға кішіпейіл әрі кеңпейіл назармен қарау. Жұмсақ әрі сыпайы сөйлеу. Ешбір мұсылманға жаман көзбен қарамау. Әсіресе ғалымдарға сын көз бен құрметсіздік танытпау;
4) Бос уақыттарын қажетсіз істермен: өсек айтумен, жанжалдасу немесе бос ойын-күлкімен өткізбей, діни кітаптар оқу және діни білімі бар адамдармен сұхбаттасу. Уақытты ілім-білім жинаумен, зікір айтып, жарылқау тілеумен өткізу;
5) Ризық-несібесін адал жолмен тауып, ебімен жұмсау. Отбасы мен туған-туыстар алдындағы борыштарды өтеу;
6) Діни негіздегі араздықтарды тудыруы мүмкін болған мәселелерді көтермей, таухидтің (бір Құдайға сыйыну) негіздері мен ислам парыздарын орындауға шақыру;
7) Кез келген іс пен сөзді жақсы ниетпен жасау не айту.
Ұстанатын қағидаларына қарай «Таблиғи жамағат» ұйымын идеологиялық тұрғыда тікелей экстремистік деп айту қиын. Алайда өзінің аумағында бұл ұйымның қызметіне тыйым салған Өзбекстан, Түркменстан және Тәжікстан елдері әрі Ресей Федерациясы «Таблиғи жамағат» ұйымын экстремистікке жанама түрде қатысы бар деген күдіктерін білдіреді. Оларды адамдардың лаңкестік жолға дайындайтын бастауыш мектеп ретінде санап, әр уақыт құзыретті органдары діни ұйым мүшелерін бақылауға алып отыр. Бұл күдіктер де негізді. Өйткені таблиғшылар Пәкістан еліне ерекше белсенділерін оқуға жібергенде онда азаматтарымызға нені, қандай жағдайда және қалай үйрететіндігі біздің бақылауымыздан тыс.
Сондықтан да олардың арасындағы кейбір иланғыш азаматтарымыздың жолдан оңай тайып, экстремистік ұйым қатарына қосылу мүмкіндігі бар. Дінге бет бұрып жүрген жас мұсылмандардың басым көпшілігінің діни санасының радикалдануының алғашқы қадамы «Таблиғи жамағат» қатарына қосылудан басталады. Француздық басылымдардың бағалауынша, исламдық экстремистердің 80 пайызы осы ұйым қатарынан шыққан. ҚР Дін істері агенттігінде қызмет ететін дінтанушылар таблиғшылардың негізгі кітабы болып табылатын «Фазаил амали» кітабына талдау жұмыстарын жүргізіп, қозғалыстың идеялық негіздері өз мүшелерінің ерік-жігерлерін басып тастауға және олардың кәсіби және интеллектуалдық іс-әрекеттерін шектеуге бағытталғанын анықтады.
Идеологиясы – кезінде Меуат тұрғындарының жартысы исламды, қалғаны индуизмді ұстанатын. Меулен Ильяс осындай діни бәсекелестікті көріп өсті. Исмайлұлы Мухаммед Ильяс 1885 жылы туып, 1944 жылы қайтыс болған. Ол алдымен «Мазахир-ул-улум» медресесінде сабақ берді. Бұл істе ол жетістікке қол жеткізе алмай, айналасына адам жинап шайхтық (пір) қыла бастады. Барған жерлерінде намаз оқу мәселесіне баса назар аударады. Осы кездерде үндістандық Мәулен Мухаммед Ильяс Кандехлеви аталған ағымды құрды. Бұл ағымның басты мақсаттары – күпіршілік жүйесін, яғни қате сенімдер мен жаман мінездерін өзгерту. Оларды түзету тек пайғамбарлардың таңдаған жолы арқылы болады. Мұсылмандардың жеке-жеке немесе топтасқан түрде қазірге дейін жасаған жұмыстары. Олар мақсатты жасалған жоқ және олар пайғамбарлардың жолында болмады. Бұл үшін салихи дұрыс жамағат, яғни «Ислам жамағатын» құру керек. Міне, бұл істі Мухаммед Ильяс атқарды. Ислам жолында жұмыс істегісі келетіндерді жинап, «Жамағат-ут-таблиғийа» деп аталатын жаңа қоғам құрды.
Басшылықты Үнді және Пәкістан жерінен жасайтын діни ұйым 1962 жылдан бастап халықаралық аренаға шығып, Жапония сияқты мұсылман емес елдерге де тарала бастады.
«Таблиғи жамағат» – саясаттан тыс әрі сырт көзге жабық, халықаралық деңгейде жұмыс жасайтын аса қуатты исламдық ұйым. Сырт көзге момақан болып көрінетін бұл ұйым – жастарды шетелге апарып оқыту, тәрбиелеу ісінде ерекше белсенділік танытады. Олар салафилер немесе «Хизбут- Тахрир» сияқты өзге қозғалыстармен тез тіл табыса алады. Сонымен бірге отбасын асырау олар үшін парыз емес. Кей аймақтарда аталған ағым мүшелері 4 күндік дағуат, 40 күндік дағуатқа шығып, тіпті кейде 4 жылға дейін із-түзсіз үйлерінен жоғалып кетіп қалып, «Алла өзі асырайды» деп, отбасыларын қиын жағдайға тастап кеткен.
«Таблиғи жамағат» алғаш рет Қазақстанда 1993-1995 жылдардан бастап тарала бастады. Оның құрамында алғашқы жылдары миссионерлік (оның ішінде пәкістандықтар) қызметкерлер болса, бүгінде қазақстандық уағызшылар араласа бастады. Қазіргі таңда Қазақстанда діни уағызды мүфтияттың бұйрығымен бектілген, тек жергілікті мешіттердің имамдарына ғана рұқсат етіледі. Ал «Таблиғи жамағатттың» мүшелері болса, бейне бір орта ғасырларда өмір сүріп жүргендей, «біз пайғамбардың «дінді насихаттаңдар» деп тапсырып кеткен аманатын орындап жүрміз» дейді. Бұл ҚР-ның «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына қайшы келеді.
Олар үстеріне сүннет киім деп ұзын көйлек немесе шапан, мәсі киіп жүреді. Қаба сақал қойып алады. Көбіне қоғамдық көліктерге мінбей жаяу немесе жолшыбай кетіп бара жатқан көліктерге мініп жүреді.
«Таблиғи жамағат» діни ұйымының қоғам ішінде тудырған алауыздықтарын және жастарды Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан елдеріне жасырын түрде медреселерге жіберуінің үдеуіне орай, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының ұсынысы бойынша, 2013 жылдың 26 ақпанында №2 Сарыарқа аудандық соты экстремистік ұйым деп тапты. Аталған ұйымның республика аймағында таралуына және қызмет етуіне заңмен тыйым салынғандығын хабарлаймыз.
Рамазан АБДЕЛИЕВ, облыс әкімдігі дін істері басқармасының дін проблемаларын зерттеу орталығының Жуалы ауданы бойынша инспекторы
Келесі мақала