Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ошақтарыңыздың оты сөнбесін!

Ошақтарыңыздың оты сөнбесін!
ашық дереккөз
Ошақтарыңыздың оты сөнбесін!
Ақсақалдар әдетте бата бергенде «ошағың сөнбесін» деп ақ ниеттерін білдіріп жатады. Біле білгенге осы бір ауыз сөздің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Бірақ... Қазіргі қоғамда талай отбасының ошағы ерте ортасына түсіп, ажырасып жатқандардың саны жыл санап өсуде. Салдарынан өз ерінен қашқан әйел, әкеден озбырлық көрген бала-шаға дағдарыс орталықтарын жағалап жүр. Отбасы институтын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанымен, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тыйылмай тұрғаны арқамызға аяздай батады.  Бүгінде еліміздің әр өңірінде ана мен балаға арналған дағдарыс орталықтары көбейген. Жамбыл облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция полковнигі Диляфруз Абазқызының айтуынша, өткен жылы облыс бойынша 169 қолайсыз отбасы есепке қойылған. – Біз әкімшілікпен бірлесе отырып, жергілікті аналар үйі, дағдарыс орталығы, үкіметтік емес ұйымдар және еріктілермен бірге «дөңгелек үстел», семинарлар ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тіпті жайсыз отбасының үйіне барып, әйелі мен балаларын психолог маманға апарамыз. Себебі бала психологиялық соққы алса, тұйық болып қалуы мүмкін. Анасы да іштен тынып, қандай шешім қабылдау керектігін білмей дал болады. Мұндай жағдайда сөзсіз психологтың көмегі ауадай қажет, – дейді Д.Абазқызы. Зорлық-зомбылық көрген аналар мен балаларды көбіне облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығына алып келеді. 2014 жылы ашылған, 27 жатын орын қарастырылған орталық өмірдің қиыншылығын тартқан әйелдерге арналған. Мұнда тәулік бойы қоңырау қабылдайтын сенім телефоны бар. Жалпы мекеме 8 бағыт бойынша жұмыс істейді. Алдымен келген ана мен балаға тұрмыстық-әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сосын түрлі жағдайда қайырылған келіншектерге алғашқы медициналық көмек қарастырылады. Себебі қайырылған азаматшалардың басым бөлігі күйеулерінен таяқ жеп келеді. Сондай-ақ олармен психолог мамандар сөйлесіп, кейін балаларын жақын маңдағы мектепке беріп, кіші балаларын тәрбиешілер өз қарауына алады. Орталық мамандарының айтуынша, көбіне 4-5 балалы аналар қайырылады екен. Жәбір көрген ананың көңілін аулап, ойын басқа арнаға бұру үшін әлеуметтік еңбекке баулиды. Оның ішінде тоқу, құрақ құрау, тігін сияқты жұмыстар бар. Мәдени бағытта бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында театрға, көрме, музейге апарып, рухани-танымдық жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ мекеме экономикалық және әлеуметтік-құқықтық көмек те береді. Мұнда заңгерлер құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында жұмыс істейді. Облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығының директоры Жамал Қалыбекова бүгінде 27 орын аздық етіп жатқанын, сондықтан жақын арада 50-60 орын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. – Мұнда енесімен тіл табыспағандар да келеді. Отбасында әртүрлі жағдай болады. Енесі, қайынәпке, қайынсіңлісі жабылып ұрып, қорлық көрсеткендер де бар. Кейбір әйелдер мәселені ішінде сақтайды. Орын алып жатқан оқиғадан сабақ алмайды. Ақыр аяғы өліммен аяқталып жатады. «Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді» деген мақалға сеніп алып, адам етемін деп жүріп өзі мүгедек боп қалуы мүмкін ғой. Кейде баланы ойлап, қайта қосылып жатады. Бірақ сол аяулы жан бізге қайта түсіп жатады. Себебі бір ұрған еркек ұруды тоқтатпайды. Бірде мынадай оқиға болды. Орталыққа 9 баласы бар әйел түсті. Денесінің сау-тамтығы жоқ. Күйеуі ұрып тастаған. Сөйтсек, ұл тумайсың деп ұрады екен. 8-і қыз, тоғызыншысы ұл екен. Әлі күнге ұл туса да ұрады. Яғни ол адам ауру. Нағыз еркек өзінен әлсізді ұра ма? Дініміз де, менталитетіміз де мұны қолдамайды. Соңғы кездері енелердің өзі дұрыс бағыт көрсетпей жүр. Біз әр елді мекенге барып, семинар, тренингтер өткізгенде шараға қатысатын ата-әжелер келінді бөліп, шеттетіп отырады. Айтқан сөздерінен ап-айқын көрініп тұрады. Кейінгі кезде ене тарапынан қорлық көргендер көп түсуде. Олармен психологтар, басқа да мамандар жұмыс істеуде, – дейді Жамал Дүйсембайқызы. Шарасыз ана мен қауқарсыз балаға қорған болар ер қайда? Одағы мығым отбасылар көбейсін десек, ұл мен қыздың тәрбиесіне көбірек көңіл бөлу керек-ау. Қазақ атам «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп бекерге айтпапты. Ошақтарыңыздың оты сөнбесін!

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар