Мал ұрлығы азайып келеді
Өңірлік коммуникация қызметінде мал ұрлығының алдын алу және қылмыстың ашылуы бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Қанат Қожамқұлов тақырыпқа қатысты атқарылған жұмыстар ретін баяндады.
Оның айтуынша, осы жылдың наурыз айының 25-іне дейін мал ұрлығының тіркелуі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42,4 пайызға кеміген. Ал ашылуы 48,6 пайыздан 70,8 пайызға артқан. Мәселен, жыл басынан бері 19 дерек тіркеліп, оның 16-сы ашылыпты. Ашылмай жатқан қылмыстың екеуі Байзақ, біреуі Талас ауданында тіркелген екен. Жоғалған малдың табылмауы иелерінің малды қараусыз жіберіп, қолды болғаннан кейін өздері іздеп, нәтиже шықпаған соң полицияға кеш хабар беруінен болса керек.
– Есепті кезеңде мал ұрлағаны үшін 9 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ұрланған 136 малдың (29 жылқы, 25 ірі қара, 81 уақ мал) 59-ы (1 ірі қара, 58 уақ мал) өз иелеріне қайтарылды.
Облыс аумағында малды немесе ет өнімдерін тиісті жолдама құжаттарсыз тасымалдау, яғни «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 406-бабы бойынша 39 хаттама толтырылған.
Сонымен қатар үй жануарларын ұстау қағидаларын бұзғаны үшін, яғни осы Кодекстің 408-бабына сәйкес толтырылған хаттама саны – 135. Ұрланған малдар «Криминалдық заттар» санатына есепке алынды. Мал ұрлығы жиілеген аймақтарға және мал базарлары жұмыс істейтін күндері түлікті тасымалдау жолдарына тосқауыл қойылып жатыр. Нәтижесінде елдің бетіне қарап отырған малын ұрлауға бірқатар себептердің ықпал еткені анықталды. Біріншіден, малды иелері өріске қоя беріп, анда-санда түгендеуінде, өз бетінше іздеп, таппағаннан кейін полицияға уақыт оздырып барып арыздануында болып тұр. Сонымен қатар шаруашылық иелері малшылармен келісімшарт жасаспауы да төрт түліктің қолды болуына кесірін тигізіп жүр. Олар келісімшарт болмағаннан кейін малды түгендеуге жүрдім-бардым қарайды, не қолының сұғанағы бар қойшы, жылқышы, сиыршылар иесінің малын жымысқы жолмен қыр асырады. Мәселені зерделеу кезінде малдың қараусыз жайылатын жерлерден көбіне кешкі уақытта ұрланатыны анықталды.
Екіншіден, малды ұстау орындарының көп жағдайда ашық-шашық болуы қылмыскерлердің мал қораға кедергісіз енуіне мүмкіндік беріп отыр, – деді Қанат Есентайұлы.
Бұдан бөлек малды таңбаламау, сырғаламау секілді немкеттілік те жоғалған малдың табылуын қиындататыны, яғни із кесу барысында ұрланған малды тануда қиындық туғызатыны айтылды. Шаруа қожалық иелерінің жетекшілеріне GPS сигнализаторларын алуы қажеттігі жөнінде кеңес берілді. Бұл әдіс еркін жайылымда жүрген табын не үйірдің тұрған жерін нақты анықтау үшін қажет екен.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала