Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

"ТАМАША НЕТКЕН ТАЛАСЫМ МЕНІҢ"

"ТАМАША НЕТКЕН ТАЛАСЫМ МЕНІҢ"
ашық дереккөз
"ТАМАША НЕТКЕН ТАЛАСЫМ МЕНІҢ"
Туып-өскен жеріміз болғандықтан апта сайын болмаса да ай сайын Талас ауданына жолымыз түсіп тұрады. Туған жерімізге жеткенше 140 шақырымды артқа тастап, ауданның бірнеше елді мекенінің үстінен басып өтеміз. Сонда байқайтынымыз, ауылдардың бүгінгі тыныс-тіршілігінде алдыңғы жылдармен салыстырғанда көш ілгерілеушілік байқалады. Қай ауылға бармаңыз, қайнаған тіршіліктің куәсі боласыз. Халықтың да әл-ауқаты артып, тұрмыс деңгейі жақсара түскен.  Бұған дейін ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға жолаушылап жүріп немесе ақпарат көздері арқылы сырттай қанығып жүрсек, жуырда өңірге арнайы ат басын бұрып, қыруар күш-жігерді, еселі еңбекті қажет ететін өрелі істердің өркен жайғанын көзбен көріп қайттық. Жалпы өңірдің өркендеуі өндірістің дамуына тікелей байланысты. Ал Талас ауданында өнеркәсіп саласын дамытуға қолайлы барлық алғышарттар мен мүмкіндіктер жеткілікті. Өз кезегінде таластықтар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдаланып, табыс тайқазанын тасыту жолында аянып қалып жатқан жоқ. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында аудан бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 35 632 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ осы жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде өнеркәсіп өнімдері 5 миллиард 830 миллион 600 мың теңгеге өндіріліп, өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 139,8 пайызға немесе 1 миллиард 659 миллион 600 мың теңгеге артық орындалыпты. Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, ел игілігін еселеу мақсатында инновациялық жобаларды жүзеге асыруға да зор мән беріліп отыр екен. Негізі ауданда 2022-2025 жылдары 49,8 миллиард теңгеге 7 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жобалар жүзеге асса, 617 адам жұмыспен қамтылатын болады. Бір кездері өндіріс пен ауылшаруашылығы саласындағы әлеуеті Кеңес одағына мәлім болған аудан да, кәсіпкерлік саласы да құлашын кеңге сермеуде. Әу бастан таластық ағайындар – тұрмыс-тіршілігін түзеудің жолы еңбек екенін жақсы білетін шаруақор. Шалғай ауылдарында да шаруаның жайын ойлап, кәсіппен айналысып жүргендер көп. Аймақта 3 390 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Нұрбол Әбдімажитұлы аудан кәсіпкерлері өз ісінің ауқымын кеңейту үшін мемлекеттік бағдарламаларды көптеп кәдеге жаратып жүргенін айтады. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде былтыр барлығы 3652,9 миллион теңгені құрайтын 136 жобаға қаржылай қолдау шаралары көрсетіліпті. Ал биыл ұлттық жоба аясында 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Басқа да мемлекеттік бағдарламалар ауданда кәсіпкерлік саласының кең өріс алуына үлкен ықпалын тигізуде. Аймақтағы іскер азаматтар мемлекеттік қолдаудың арқасында ел сүйсінтер тірліктерді қолға алған. Сонымен қатар елді мекендерді газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың да нәтижесі көңіл қуантарлықтай. – Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан Аққөл, Қызыләуіт және Ақтөбе елді мекендеріне газ құбырларын салу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны – 3 миллиард 221 миллион 700 мың теңге. Сонымен қатар Майтөбе, Қожағаппар елді мекендерін газдандыруға басқарма тарапынан 444 миллион 444 мың теңге бөлініп, «Билікөл» автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы жүргізілуде. Ал Майтөбе, Қожағаппар елді мекендеріне дейін газ құбырын тарту бойынша аудан әкімдігінің сәулет қала құрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу бойынша құжаттар топтамасы дайындалуда. Сондай-ақ аталған бөлім тарапынан Көктал, Қараой, Есейхан, Қасқабұлақ елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге тиісті қаражат бөлініп, қаңтар айында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ашық конкурс жарияланды. Елді мекендердегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту бойынша өткен жылы 5 577 мың теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар Қайыр, Ақтөбе, Арал ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін мембрандық қондырғы орнатуға және Тұрымқұл, Қожағаппар, Қараой, Сейілбек елді мекендерін ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжат әзірлеуге аудандық бюджеттен 30 000 000 теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстарының қорытындысы шықты, – дейді Н.Жүнісбеков. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында автомобиль жолдарының құрылысына, оның ішінде жергілікті жерлердің сапасына айрықша мән берілді. Президент Жолдауында: «Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім», деп атап көрсеткен. Мемлекет басшысы айрықша мән беріп отырған жол жайы күрделі тақырыпқа айналғалы қашан. Жұртшылық тарапынан жиі айтылатын өкпе-наз да осы жолға байланысты туындап жатады. Ал Талас ауданында тіршіліктің күретамыры біртіндеп жақсарып келеді. Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 587,59 шақырым. Айта кету керек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге үлкен демеу болып тұр. Мәселен, өткен жылы жоба шеңберінде Аққұм, Бостандық, Талапты, Шәкіров ауылдарындағы 26 көшеге немесе 84,3 шақырымды құрайтын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталған. Бұдан бөлек Қаратау қаласындағы 6 көшеге (Ы.Алтынсарин, Байходжаев, Жансүгіров, Ә.Молдағұлова, Арыстанбаб баба, Қарашаұлы) және Қаратау қаласына оңтүстіктен кіреберіс және әр елді мекеннен 1 көшеден жөндеу мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, жалпы құны 742 395 мың теңгені құрапты. Бүгінгі таңда жұмыстар толығымен аяқталған. Сондай-ақ өткен жылғы жоспар бойынша Қаратау қаласындағы 47,97 шақырымды құрайтын 5 көшені қайта жаңғырту және 47 көшені орта жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, бюджеттік өтінімге берілген. Жалпы құны – 2 878,435 миллиард теңге. Өңір экономикасының дамуына индустриялық аймақтың қосатын үлесі зор. Бұл ретте Талас ауданының индустриялық аймағында қазірдің өзінде үш ірі кәсіпорын шоғырланған. Жоспарланған жобалар жүзеге асса, алдағы уақытта Таластағы тіршіліктің серпінді экономикалық нүктесіне айналары анық. Орналасқан орнының өзі ұтымды таңдалған. Қаратау қаласының шығыс бетінде 3 шақырым арақашықтықта, Қаратау-Тамды тасжолының бойында, Тамды ауылдық округінің жерінен, ауданның жер қорынан 49 гектар жер берілген. Индустриялық аймақтың өз концепциясы да бар. Жер учаскесінің жазық жер болуы, аудан орталығына жақын орналасуы, төңірегінде автомобиль тасжолы өткен және маңында ірі кәсіпорын – «Talas Investment Company» ЖШС-ның шоғырлануы да аймаққа инвестиция тарту мүмкіндігін арттыра түседі. Қойнауы кенге толы Талас жері инвестиция салуға ең сенімді аумақ екені сөзсіз. Жалпы индустриялық аймақта жалпы құны 33,2 миллион теңгенің 3 жобасы жоспарлаған. Талдап айтсақ, «Азия хим» ЖШС құны 5 миллиард теңгені құрайтын жобаны жүзеге асырып, жылына 150 мың тонна фосфор тыңайтқышын шығаруды көздейді. Жүз адамды жұмыспен қамтитын жоба 2023-2024 жылдары іске қосылады деп күтілуде. Ал «Talas Investment Company» ЖШС индустриялық аймақтан 6 гектар жер алып, кәсіпорнын кеңейтіп, жылына өндіретін өнімді 15 мың тоннадан 30 мың тоннаға арттырмақшы. Серіктестіктің құятын инвестициясының көлемі 25 438 миллион теңгені құрайды. Жоспар іске асса, тағы 300 адам тұрақты табыс табатын болады. Аймақтан 20 гектар жер алған «Каратау Кемаль» ЖШС жылына 25 мың тонна пиросульфат натрийін өндіруді жоспарлап отыр. Жалпы инвестиция 2 800 миллион теңгені құрайды. Халқы жыл санап өсіп жатқан Қаратау қаласында тұрғын үй құрылысы да қарқын алуда. Ауданда осы жылдың 1 қаңтарына кезекте тұрған тұрғын үйге мұқтаж азаматтар саны 1 594 адамды құраған. Өткен жылы ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 8 миллиард 720 миллион 500 мың теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 103,7 пайызға немесе 313 миллион 900 мың теңгеге артық орындалған. Ал пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы көлемі қаңтар-желтоқсан айларында 16 189 шаршы метрді құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 8 519 шаршы метрге артыпты. Сондай-ақ биылғы қаңтар-ақпан айларында 3 034 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков өткен жылы ауқымды міндеттер жүзеге асырылып, барлық сала бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілгенін, тиісінше алда тұрған міндеттер де ауқымды екенін айтады. Аудан әкімі айтса айтқандай-ақ, Таласта Жолдау жүктеген міндеттер, облыс әкімінің тапсырмалары шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жетерлік.

Талғат Нұрханов

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар