«СЕНІМ МАРШРУТЫ» – БАЙЗАҚ АУДАНЫНДА
Өткен жылдың 21 сәуірінде халықпен кері байланыс орнату, халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін жоғарылату, азаматтардың арыз-шағымдарын және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Сенім маршруты» іс-шарасы Байзақ ауданында жалғасын тапты.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, ауыл, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Актив жиынында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Болат Сағынбеков ұлтаралық келісімді нығайту, бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Мұнан соң аудан прокуроры Жандарбек Сұлтанбекұлы «Жүйелі және өзекті проблемалық мәселелерді шешу бойынша атқарылған жұмыстар» тақырыбында баяндама жасады. Жандарбек Сұлтанбекұлы өз сөзінде аудандық прокуратура қызметкерлері тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде аудан әкімдігі жанынан құрылған ведомствоаралық комиссия жұмысында орын алған кемшіліктерге, сондай-ақ білім саласындағы құқықбұзушылыққа қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталды. Аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Дархан Нұралиев қылмыстың алдын алу, азаматтардың құқығын қорғау, учаскелік полиция қызметкерлерінің жұмыстары жөнінде баяндап берді.
Кездесу барысында Нұрғалым Мәжитұлы қайтарымсыз грантқа қатысты арыз-шағымдар мен қайталама арыз-шағымдарды жүйелі қарау, құқықбұзушылықтарды жоюға бағытталған жұмыстарды күшейту, мемлекет меншігіне қайтарылған жерді тиімді пайдалану, кәсіпкерлерді қолдау жайына екпін сала отырып, заң бәрінен биік тұратындығын жеткізді. Қайтарымсыз несиеге қатысты аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұржан Тлепов, білім саласындағы құқықбұзушылыққа орай Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев түсініктеме берді.
Кездесуден соң құзырлы мекемелердің өкілдері тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауға келген зейнеткер-ұстаз Шырын Қапарова жуырда пайдалануға берілген емханаға баратын жол бойынан аялдама салынып, қоғамдық көлік жүрсе деген ұсынысын ортаға салды. Ал Сарыкемер ауылының тұрғыны Шамша Жұмабаева 2006 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, тұрғын үй салу үшін жер телімі қашан берілетінін сұраса, ауыл тұрғыны Света Жылқайдарова Саяхат көшесіне шағал тас немесе асфальт төсеу жөнінде өтінішін жеткізді.
Бұдан соң Нұрғалым Мәжитұлы Бурыл ауылдық округінің кіреберісінде орналасқан «Өтеміс», «Сеңкібай» каналдарының бойында шаруа қожалық жетекшілерімен жүздесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Облыс прокуроры көтерілген мәселелер өз бақылауына алынатынын, заңдылыққа сәйкес шешімін табатынын жеткізді.
Гүлшахар ӘБДІҚҰЛОВА, Байзақ ауданы
Келесі мақала