ҚОЙ ҚОЗДАСА ҚҰТ КЕЛЕР...
Соңғы жылдары Қазақстанда уақ малдың саны жыл санап көбейіп келеді. Мәселен, 2019 жылдың көктемінде еліміздегі қойдың саны 16,9 миллион шамасында болса, қазір 18 миллионнан асып жығылған.
Демек, қарқынды жүріп жатқан мал төлдетуден кейін қорадағы малдың шуы тағы да еселенетіні сөзсіз. Ал осы орасан өсімнің жолында аянбай еңбек етіп жүрген еңбекқор жандардың қатарында жуалылық шопандар да бар. Ақсай ауылдық округінің Диқан ауылында құрылған «Асылхан» шаруа қожалығында малдың жайын, оның
күтімі мен бабын бес саусағындай жақсы білетін шаруақор азаматтар тұрақты еңбек етеді. Қазіргі таңда аталған шаруашылықтың Қарасаз ауылдық округінде мал қыстауы бар. Бұрынғы Карл Маркс совхозының ескі мал фермасынан қалған ғимаратты сатып алған шаруашылық басшылары қазіргі таңда мұнда Шопан ата төлінің басын көбейтуге және оны асылдандыруға көп күш салып жатыр. Үлкен мал қыстауында 200-дей
саулық екінші жыл қатарынан осында қыстатылуда. Көктем шығып, күн жылына салысымен отар Алатаудың етегіндегі жайлауға шығарылып, осында қара күзге дейін бағылады.
Күн суыта жылы қыстауға әкелініп, саулықтар осында күтімге алынады. Былтыр көктем мен жаз жаңбырлы болып, шөптің де мол шығуына байланысты жайылымдағы қойлардың да қоңы жаман болған жоқ. Оның үстіне қыстауға әкелінгеннен кейін мұнда да малға құнарлы шөппен қоса күніне бір мезгіл жем беріледі. Бұл – малдың қоңын түсірмей, тиісінше, төлдеу науқанына да өзінің жақсы әсерін тигізеді.
Қазір «Асылхан» шаруа қожалығында аналық саулықтар жаппай төлдеп жатыр. Жылдың тамыз және қыркүйек айларында отарға қошқарлар қосылады. Бұл жылдағы әдет. Буаз қойлардың алғашқы легі қаңтар айының ортасынан бастап қоздай бастағанын айтады осындағы тәжірибелі шопандар. Ақпан айында да малдың біразы төлдепті. Қазір күтімдегі саулықтардың жартысына жуығы төлдеп үлгерген. Сәтін салса, наурыз айының соңында қойлардың барлығы төлдеп, сақпан да сәтті аяқталмақ. Бір сөзбен айтқанда, шаруашылықтың мал қыстауында қойлар қоздап, қорада жас қозылардың дауысынан құлақ тұнғандай...
Осы аптада аталған шаруашылықтың мал қыстауына арнайы барып, мал төлдету науқанының барысын өз көзімізбен көріп келген едік. Қыстаудағы малдың амандығына және сақпан кезіндегі қозылардың күтіміне шаруашылықтың мүшесі Нұрмат Олжабаев пен тәжірибелі малшы Әкімғали Егембердиев екеуі бірдей жауапты. Әкімғалидың аталған шаруашылықта жұмыс істегеніне екі-үш жылдың көлемі болған. Жазда қойды жайлауда бақса, мал қыстату және мал төлдету науқаны аталатын жауапты кездерде де қыстаудың басында болады.
Ол бұдан бұрын Б.Момышұлы ауылында тұрғындардың жеке сиыр табынын баққан тәжірибелі малшы. Қазір шаруашылықтағы сақпан науқанына негізгі жауапты да өзі. Бағымдағы туған қойларға тұрақты күтім жасалып, құнарлы шөппен бірге жем де беріледі. Бұл жұмыс өз кезегінде аналық саулықтардың тез көтерілуіне және қозыларын да сүтпен жарытуға үлкен септігін тигізеді. Ал енесінің алғашқы уызын еміп, сүтке жарыған қозылар тез аяқтанып, тез жетіліп кететіні белгілі.
– Ауылда тұрған соң атакәсіпті жалғап, оны заманға сай дамыту – біз сияқты шаруаның міндеті. Шаруашылықта негізінен төрт түлік өсіреміз, сонымен бірге егін егіп, мал азығын да өзіміз дайындаймыз. Қожалықта бұрыннан жылқы, сиыр және қой бағылады. Кейінгі жылдары қойдың басын көбейтуге кірістік. Қазір Қарасаз ауылының маңындағы қыстақта 200-дей қойымыз бар. Қазір олардың жартысына жуығы төлдеп үлгерді. Сәтін салса, мал төлдету науқанына байланысты сақпанды сәуір айының ортасында аяқтап қаламыз деп отырмыз. Жалпы мал төлдету науқаны қалыпты жағдайда өтуде. Мал қыстауына жемшөптің қоры күзде жеткізілген. Одан ешқандай проблема жоқ. Мал азығын шаруашылықтың егістік жерінен дайындаймыз. Биыл шаруаларға жайлы жыл болып тұр. Сақпан да көп шығынсыз өтуде, – дейді «Асылхан» шаруа қожалығының мүшесі Нұрмат Олжабаев.
Иә, ырымшыл халық екеніміз бұрыннан белгілі ғой. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, біз шаруашылықтың мал қыстауына барғанымызда отардың ішінде бір аналық тұсақ егіз қозы туған екен. Оны да шопандар жақсы ырымға, жақсылыққа жорып қуанып жатыр. Бұл да жыл он екі ай мал баққан шаруа үшін қуанышты сәт. Төлдің көбеюі – төккен тердің өтеуі емес пе?! Малдың басы аман болса, төлдің де еселеп көбейетіні белгілі. Ол үшін тек таза, адал еңбекпен маңдай терді төгу қажет. Бұл – «Асылхан» шаруа қожалығында ақтылы қой өргізген еңбекқор азаматтардың басты ұстанымы.
Істің көзін тауып, жұмыстың ретін жақсы білетін диқандық еңбекқор азамат – Әсет Олжабаев басқаратын «Асылхан» шаруа қожалығында Шопан ата төлімен қатар, 25-30 бастай сауынды сиыр және жас бұқашықтар бағылады. Сиырдан сауылған сүт, тиісінше, аудан орталығындағы сүт өңдейтін цехтарға күнделікті өткерілу үстінде.
– Алдағы жоспарымыз – ет бағытындағы малдың басын көбейту. Бұл бағытта нақты жоспар жасап, жұмыс атқарудамыз. Ондағы ойымыз – сапалы ет өндірісін молайту. Сауын сиырмен қатар, ет бағытындағы ірі қара мен жылқының басын көбейтуге шаруашылықта барлық мүмкіндіктер бар, – дейді «Асылхан» шаруа қожалығының басшысы Әсет Олжабаев.
Ақсай ауылдық округіндегі алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі саналатын «Асылхан» шаруа қожалығы 2001 жылы құрылған. Шаруашылыққа тиесілі жер көлемі 650 гектарға жуықтайды. Жыл сайын оның 370 гектарына күздік бидай, 140 гектарына жаздық арпа, 130 гектарына мал азығы үшін жоңышқа егіледі. Ал былтыр 200 гектарға күздік бидай егіліп, қалған алқаптарды тыңайту үшін сүрге (парға) қалдырылған. Шаруашылық дәнді дақылдармен қатар, картоп егуді де жолға қойған. Олар «екінші нан» алқабының көлемін 10 гектарға дейін ұлғайтуды межелеп отыр.
Айта кету керек, диқандық шаруа азамат Әсет Олжабаев аға-інілерімен күш біріктіре отырып, «Асылхан» және «Олжабай» шаруа қожалықтарының жұмысын қатар жүргізіп келеді. «Олжабай» шаруа қожалығы да 2000 жылдардың басында құрылған. Екі шаруашылық та егін және малшаруашылығына бейімделген. Шаруашылық мүшелері оны ары қарай өркендетуді мықтап қолға алып отыр. Ағайынды жігіттердің ең үлкені – Талғат Олжабаев (техниканың тілін бес саусағындай білетін механизатор) ауылшаруашылық техникаларының қалыпты жұмыс жасап, науқан кезінде түзік күйде жүруін қамтамасыз етсе, інілері Рақым мен Бақтияр да техниканың тілін жақсы меңгерген тәжірибелі азаматтар. Ал ортаншысы Нұрмат төрт түлік малдың амандығына жауапты.
«Біріккен істе береке бар» деген осы. Шаруашылық ісін дөңгелетудің арқасында ағайынды азаматтардың тұрмыстары да жақсарып келеді. Әр отбасында ұлағатты ұл-қыздар өсіп-жетілуде. Бұл ретте әулеттің ақылшы анасы болған марқұм Базаркүл әжейдің әулетті ұйытудағы еңбегін ерекше атап өтпеске болмас. Қай жағынан алып қарасаңыз да ағайынды Олжабаевтардың еңбекқорлығы мен ынтымағы көп үлгі-өнеге. Ал ынтымақ бар жерде берекенің тұрақты болатыны да заңдылық.
Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист, Жуалы ауданы
Келесі мақала