Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚЫЗ БЕН ГҮЛ – ЕГІЗ ҰҒЫМ!

ҚЫЗ БЕН ГҮЛ –  ЕГІЗ ҰҒЫМ!
ашық дереккөз
ҚЫЗ БЕН ГҮЛ – ЕГІЗ ҰҒЫМ!
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі. Бұл күні аналарымыз бен қарындас-әпке, жеңгелеріміздің құшағы гүлге толады. Гүл демекші, қазақ қыз баланың өзін де «қызғалдағым» деп еркелетіп, гүлге теңеп өсірмеуші ме еді?! Көктемнің алғашқы аптасында келетін бұл мереке қыздың да, гүлдің де құлпыратын кезіне тұспа-тұс келеді. Олай болатын жөні де бар. Өйткені қыз бен гүлдің тағдыры сонау түп атамыздан бері қарай жалғасқаны турасында аңыз көп.  Ал енді сол атадан жеткен аңыздың бірінде: «Хауа ананы жерге түсіргеннен кейін анамыз қатты жабырқап, жалғызсырапты. Сол кезде жер бетінің қары ерімей жатып алса керек, Хауа ана бір жағы тоңып, бір жағы қорқып, Аллаға жалбарынып қатты жылапты. Сол кезде Алла Тағаланың мейірімі түсіп, Хауа анаға серік болу үшін қалың қардың арасынан бір тал бәйшешектің қауызын жарғызған екен. Мұны көрген Хауа ана көз жасын тыйып, әлгі бәйшешекті өзіне серік етіпті. Міне, содан бері көктем келгенде алғаш рет жер бетінің жылуын бойына сіміріп, жауқазын гүл ашады екен. Ал әйел адамның гүлге жақындығы да содан екен» дейді-мыс. Содан бері қанша ғасыр өтсе де гүлдің адамдарды өзіне тартатын қасиеті жоғалған жоқ. Ал жаңағы гүлдеген бәйшешектің беретін мағынасын сенім мен үміт, адалдық пен тазалық деп ұғынатынымыз да содан. «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» деген қазақ ешқашан қыз бала мен гүлді бөле қарамаған. Екеуін де баққан сайын, баптаған сайын құлпырады деп білген. Сондықтан да ақын Исраил Сапарбай «Қырмызы гүл жайлады құба белді, Құрғыр қыздар құлпырып шығады енді!» деп есі кете жырласа, Светқали Нұржан «Қызғалдақ қызы Қызылорданың, Қып-қызыл күйде үзіп алғаным» деп өзінің жарын емірене еркелетті. Ал поэзияның ақ гүлі Күләш Ахметова «Көктем келіп көк гүлдерін санасаң, Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы» деп назданады. Енді бірде гүлдей нәзік поэзияның өкілдері өз тағдырларын гүлмен байланыстырып, Жанат Әскербекқызы: «Ақ гүл де тердім, Қызыл гүл көрдім. Ал, мұны Көргенім осы, қозғалып кетті жан мұңы. Қара гүл тұрды қауызы тұнып тамшыға Гүлдің де сірә,болады екен-ау тағдыры», деп мұңайды. Иә, гүл де адам сияқты сезім иесі. Тіпті ел арасында қызғалдақтың қызғаншақтың гүлі деп айтылуы да соның дәлелі болса керек. Ол жалғыз құлпырғысы келеді. Өзімен түстес гүлдердің қасында тіпті де ерекше болғысы келеді де басқаларға уын таратып, солдырып тынады. Міне, сол мінезімен «итқызғалдақ» болып аталып жүр емес пе? Қазақ қыздарын гүлге теңеп, дүниеге қыз бала келгенде атын Раушан, Гүлнар, Гүлім деп қоюының да ар жағында гүлдің де жанды, сезімтал нәрсе екенін білгендіктен шығар. Олай дейтініміз, таңғы сағат 03:00 мен 04:00-дің арасында, яғни таң қараңғысында желкек пен шашыратқы деген гүлдер қауыз жарады. Таңғы сағат 5-ке қарай кезегімен көкнәр мен итмұрын қауыз ашса, сағат 6-ға қарай қабыршөп пен бақбақ, қоңыраугүл ашылса, одан кейін іле-шала күннің көтерілуімен барқытгүл мен шырмауық оянады. Ал қырмызы деген ерке гүл сағат 09-ға қарай бірақ оянатын көрінеді. Міне, осы сияқты гүлдердің түнде және күндіз де гүл ашатыны болады. Ал енді қазақ танып, ат қойған гүлдерге келсек, оның басын бәйшешек бастаса, қарғалдақ пен қызғалдақ қоштап, екеуі біздің ұлттық раушанымыз болып тұр. Одан кейін қазақтың тағы бір атау берген гүлі – шұғынық. Қазақ бұл гүлді сұлулықтың, тазалықтың, әдеміліктің символы деп біліп, «шұғынықтай құлпырып тұр екен» деген сияқты сөздермен әдіптеген. Әдетте шұғынықтың иісі өте жағымды болып жұпарланып тұрады. Оның қызыл және ақ түрі болатын көрінеді. Міне, осы сияқты тізбектесек кете береді. Қазақтың өмірінде кекірегүл, түймедақ, қалампыр сияқты гүлдердің де орны айрықша. Бүгінгі қазақ қыздары – кешегі қазақ аналарының жалғасы. Гүл сұлулықтың символы болса, олар сұлулықтың өзі. Сондықтан қазақ даласының гүлін боран солдырмасын, қызын қоғам тоңдырмасын.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар