Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жасай бер, жастар газеті!

Жасай бер, жастар газеті!
Автор
«Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылымдық бөлімшесі - облыстық «Ар-Ай» жастар газеті биыл жиырма жылдық белесіне жетіп отыр. Бұл тек бір басылымның ғана емес, тұтас бір буынның, жас тілшілердің, арманшыл жастардың жүріп өткен жолы.

2005 жылы жоғары оқу орнын енді бітіріп, Тараз қаласындағы №51 мектепте мұғалім болып жаңадан еңбек етіп жүргенімде біздің факультетте оқыған ақын Азамат Есалы кездесіп қалып, жастар газетінің ашылып жатқанын айтып, мақала жазып тұруымды өтінді. Екі мақаланы қолмен жазып, редакцияға апарып бердім. Екі күннен кейін бас редакторы Болат Бекжанов хабарласып, жұмысқа шақырды. Осылайша менің журналистикадағы өмірім басталды.

Жамбылда жастарға арналған арнайы басылым шығару идеясының  авторы, сол кездегі ішкі саясат департаментінің  басшысы Масат Беріктің мықты мектебінде қайралдық. Алғашқы бас редакторымыз, басылымның негізін қалаған, «Болаттың бешпентінен шықтық» деп айтатын бір буын журналистерді тәрбиелеген  Болат Үмбетәліұлының шеберлігімен шыңдалдық.  Газеттің екінші бас редакторы болған сөзі жебедей өткір, журналистикадағы шындықтың алдаспаны Оралхан Дәуіттен де көп тәжірибе алдық. Жастар газетінің үшінші  бас редакторы жауапкершілігінің  тізгінін ұстау маған бұйырыпты. Бұл кезең мен үшін  кәсіби маман ретінде жетілуге жол ашқан және адами қалыптасудың биік шыңы болды.

Шындығында сол кезде бүкіл республика бойынша біздің өңірде ғана облыстық жастарға арналған газеті бар, бақытты ұжым болдық. Әрдайым бетімізді қақпай, белімізді буған алдыңғы толқын қазақ журналистикасының корифейлері  Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбай, Мақұлбек Рысдәулет, Мейрамбек Төлепберген, Бекет Момынқұл, Бақытжан Оспанов ағалармен редакцияда «дөңгелек үстел»  отырысын өткізіп, әңгіме айту әлемдегі бүкіл энциклопедия бермейтін қазынадай санамызға сіңді. Олар -қалам мен қағазға адалдықтың, ұлт мүддесіне қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен шын мәніндегі ұстаздар.

 «Ар-Ай»-дың  20 жылдық тарихында қаншама жас қаламгердің есімі жарқырап шықты. Көпшілігі бүгінде елге танымал журналист, ақын-жазушы, мемлекеттік қызметкер, ұстаз, қоғам қайраткеріне айналды. Демек, «Ар-Ай» -тек ақпарат құралы ғана емес, нағыз шығармашылық шеберхана, үлкен өмірге жолдама беретін рухани ұстахана болды. Бір буынның үкілі үміті болған Есет Досалы, Ерлан Жүніс, Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев, Жасұлан Сейілхан, Дәулет Төленді, Саятхан Сатылғанов, Нұрболат Әлдибек, Өркен Кенжебек, Серік Жолдасбай, Данияр Әлімқұл, Шолпан Бөгенбаева, Маржан Рақай, Мәди Рахымбердиев, Нұржан Мергенбай, Салтанат Әлімқұлова, Алтынбек Қартабай, Данияр Жаманбаев,  Мұратхан Әлімхан, Талғат Нұрханов, Шынболат Күзекбаев, Қарлығаш Есбергенова, Маржан Өсерова, Динара Естаева, Құралай Сүйманова, Ғани Сүгірәлиев, Жалғас Мәндібай, Олжас Сәтбековтер бүгінде әр тарапта қоғамда салмақты орны бар, елдік мүдде жолында еңбек етіп жүрген азаматтар. Кейбірінің алғашқы тәжірибе жинақтап, шығармашылық шеберлігін ұштаған шағы,  дәл осы «Ар-Ай» редакциясының қабырғасында өтті. Олардың жетістігі - газет ұжымының, ұстаздардың, ортақ орта қалыптастырған рухтың жемісі десек, артық айтқандық емес.

«Ар-Ай» әрдайым облыстың қоғамдық-саяси өмірімен тығыз байланыста болды. Газет жұмысы барысында облыс әкімінің баспасөз қызметімен және ішкі саясат басқармасымен етене еңбек еттік. Асқар Жалдинов, Саят Жөкенұлы, Гүлбаршын Құланбаева сынды баспасөз қызметінің жетекшілерімен үйлесімді қарым-қатынас орнады. Ал ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова  әрқашан жастар үнін жоғары бағалап, газетіміздің қоғамдағы рөлін терең түсініп, қолдау білдіріп отырды.

Газет бетінде жарияланған әрбір мақаламыз-уақыттың айғағы, шындық үні. Біз жалаң сөз емес, жанашырлықпен, жауапкершілікпен жұмыс істедік. Өйткені, «Ар-Ай»  жас буынның үні, арманы, болашаққа ұмтылысы еді.

«Ар-Ай»-дың беделін арттырған тағы бір ерекше топ – тұрақты авторлар еді. Баттал Жаңабайұлы, Әлмұқан Исақ, Қуандық Турдалин, Сағындық Ордабеков, Әбиірбек Қонысбаев, Москоу Нохрабеков, Қырғызәлі Тілеуов, Жаңабай Миллионов, Мәлібектің Сәті, Бақыт Әлмұратовтар қоғамдағы көкейкесті мәселелерді дөп басып, жастардың сұранысына сай саясат, экономика, құқық, әлеуметтану, әдебиет салалары бойынша терең талдау жасап отырды. Өлеңмен де, көсемсөзбен де, публицистикалық очеркпен де оқырманын бей-жай қалдырмаған қалам иелері газетпен етене араласып, оның идеялық бағыт-бағдарын бірге қалыптастырды.

«Ар-Ай»  белгілі бір кезеңнің жай ғана газеті емес, бүтін бір алтын буынның мінезін, арманын, үнін жеткізген рухани мінбер болды. Газет бетінде сол дәуірдің талапты, талғампаз, рухты жастарының үні жаңғырып тұрды. Олар – ойы өткір, сөзі өжет, ұлтына жанашыр жастар еді. Олар өздерінің алғашқы пікірлерін, публицистикалық толғаныстарын, көркем ойларын дәл осы «Ар-Ай» арқылы жеткізді. Газетке жазып қана қоймай, қоғамдық пікір тудырып, айналасына серпін берген көшбасшыларды да атап өткенім дұрыс болар. Олардың қатарында Дәурен Қаипов, Мадияр Орынбаев, Серікбол Берікқожа, Жанәділ Оспанов, Уалихан Болатбек, Ерлан Байқұлов, Әлия Арзымбетова, Гүлсара Мұхтарқұлова, Мақсат Бегілдаев, Исламбек Дастан, Әйгерім Егембердиева, Бауыржан Мөрбектер нағыз ізденімпаз жастар еді. Олар бүгінде ғылымда, саясатта, мәдениетте, БАҚ пен бизнесте — әр саланың бел ортасында жүр.

Сол кездің сырлы сәттері мен биік болмысын бүгін де сағынышпен еске аламыз. Өйткені бұл газет - тек ақпарат таратушы емес, тұтас буынды тәрбиелеген орта, сана қалыптастырған кеңістік еді.

Иә, «Ар-Ай»-дың  бастапқы қалыптасуы, дамуы және өзім басшылық еткен кезеңінде бірге еңбек еткен әрбір замандас әріптестерімнің орны мен үшін  бөлек. Олармен иық тірестіре жүріп, газетті қазіргі абыройлы биігіне шығару жолында табанды еңбек еттік. Сол бір кезеңдер – мен үшін тек еңбек емес, тағылым мен тәрбиенің үлкен ұясы болды.

Жиырма жылдық тарихында Тұрсынбек Сұлтанбеков тізгінін ұстап отырған басылымда сол рух, сол дәстүр үзілмей жалғасып келе жатқаны қуантады. Аға буын салған сара жолды бүгінгі жас әріптестеріміз абыроймен жалғастыруда.

Мерейтойың құтты болсын, «Ар-Ай»-ым! Сенің парақтарыңда менің де өмірімнің бір белесі, еңбегімнің ізі бар. Ендеше, мен үшін сен -мәңгілік шырақ, өшпейтін алаусың! Жасай бер, жастар газеті!

Гүлнұр Ембердиева,

«AR-AI» жастар газетінің  2012-2017
жылдар аралығындағы бас редакторы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар