
Жақында Жамбыл ауданындағы Аса орта мектебін 1975 жылы бітірген түлектер бас қосты. Мектеп бітіргендеріне 50 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараға алыс-жақын шетелдерден де қонақтар келді. Атап айтқанда, кәріс ұлтының өкілі Леонид Кан, орыс ұлтының өкілі Кариталина Баженова, неміс ұлтынан Эльвира Шнайдер, Наталья Руф, Нина Дейч бар. Оларды бастап келген – Жанат Жанұзақов пен Нұржау Жігітеков.
– Біз қазір өз Отанымызда жүргенімізбен, туған жеріміз Қазақстанға деген көңіліміз алабөтен. Оның ішінде Жамбыл топырағын, Аса ауылын аңсап тұрамыз. Асаның көшелерін, көрші қазақ ата-әжелерді, солардың жылы мейірімін сағынамын. Сол сағыныш жетелеп мектеп бітіргенімізге 50 жыл толған жиынға келіп отырмын, – дейді кәріс ұлтының өкілі Леонид Кан.
– Мектеп бітіргенімізге 50 жыл толуына орай сыныптастардың бас қосатынын естігенде ерекше қуандым. Кезінде көп сыныптасымыз Германияға, Ресейге көшіп кетті. Мектеп бітіргеннен кейін мүлдем көрмеген достарымыз да бар. Жарты ғасыр бойы бір-бірін көрмеген сыныптастардың қауышуы – қандай ғажайып оқиға. Өз Отандарында жүрген сыныптастарымыздың туған жерін аңсауы, елді құрметтеуі, өздері жүріп өткен жолды құрметтеуі көңілімізді толқытты, – дейді зейнеткер Бақытжан Оспанов.
50 жылдан соң кездескен сыныптастар Аса орта мектебіне барып, сый-сияпат жасады. Жергілікті жұрттың құрметіне бөленіп, сағыныштарын басты.
Алтынбек ҚАРТАБАЙ,
фотожурналист