«ZETA»-НЫҢ ӨНІМДЕРІНЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдардағы Жолдауларында шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсету керектігіне баса мән береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Меркі ауданында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Аудан аумағында күн санап шағын кәсіпкерлік нысандар ашылуда. Сондай кәсіпорынның бірі – «ZETA» үйге арналған тұрмыстық заттар желісінің өндістік шеберханасы.
Жуырда Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков аталған өндірістік нысанның ашылу салтанатына қатысып, алқызыл лентасын қиды. Аталған цехта кеңсе жиһаздары мен үй бұйымдары жасалып, жергілікті «ZETA» дүкеніне шығарылады. Сонымен қатар цех өнімдері өзіміздің облыс пен Түркістан облысы, Қызылорда, Шымкент, Алматы қалаларына, республиканың көптеген аймақтарына тапсырыс бойынша жөнелтіледі.
Мұнда қазіргі уақытта 35 жұмысшы еңбек етіп жүр. Шеберханада төрт тігінші, ағаш ұсталары және тағы да басқа қолынан іс келетін мамандар ортақ іске үлесін қосуда. Ашылу салтанатына арнайы барып, аудандағы «ZETA» дүкенінің директоры Алмас Ақжоловпен жолықтық. Ол шеберхананың алғашқы жұмыс күндері мен келешек жоспарларымен бөлісті.
– Біздің дүкеннің Меркі ауданында ашылғанына бір жылдан астам уақыт болды. Жалпы Қазақстан бойынша 65-ке жуық дүкен ашылған. Меркіде дүкеннің заттарына тапсырыс болғандықтан осы жерден шеберхананы аштық. Өйткені жергілікті тұрғындардан бөлек, оңтүстік өңірлерден түсіп жатқан тапсырыстар саны артты. Бізге дайын өнімді Алматыдан тасымалдағаннан гөрі жақын жерден ашып, өнімділікті арттыру тиімді болып отыр. Жалпы «ZETA» дүкенінде тұрмыстық-пластикалық және шыны заттар сатылады. Орталықтан жаңадан ашылған дүкенде орын аз болғандықтан үй жиһаздарының бір-бір түрінен ғана қойдық. Негізгі тапсырыстар «Instagram» және ауызша келіссөздер арқылы түседі. Біз шеберхананы екі ай бұрын ашқан едік. Ол кезде 20 адам жұмыс істейтін. Сұраныстың көбеюіне байланысты қосымша жұмыс орындарын аштық. Қазір 38-ге жуық азамат бізбен келісімшартқа отырды. Шеберханада алты бөлім бар. Олар: тігін шеберханасы, ағаш ою, сырлау, жұмсақ жиһаз жасау, кесу, кресло жасау бөлімдері. Бізде орындықтардың 20, диванның 3, креслоның 6-7 түрі жасалады. Кәсіпорында қалдықсыз өндіріс қағидатын ұстана отырып, матаның қалдықтарынан түрлі жұмсақ ойыншықтар, заманауи стильдегі құрақ көрпелер, орындықтарға арналған майда төсеніштер тігеміз. Алдағы уақытта дәнекерлеу бөлімін ашсақ, өндіріс өнімдерін тек осы шеберханадан шығаратын мүмкіндік туар еді. Өйткені орындықтар басқа да қажетті жабдықтарды жартылай дайын күйінде Алматы қаласынан тасымалдап отырмыз. Ол кезде тағы жұмысшылар қатары арта түспек, – деді Алмас мырза.
Кәсіпорынның тыныс-тіршілігін көріп, сәттілік тілеген біз ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтерер, жұмыс орындарын ашып, тұрғындарға табыс табуға мүмкіндік тудыратын кәсіпкерлер қатары арта берсе деген тілек-ниетімізді білдірдік.
Ләззат СЕРІКБАЙ, журналист, Меркі ауданы
Келесі мақала