Еліміз азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіздік таңын атырған күннен бастап бүгінгі күнге дейін 1 миллион 200 мыңға жуық отандасымыз оралған. Олардың басым көпшілігі Өзбекстан мен Қытай мемлекетінен қоныс аударған. Қандастардың көбі Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облысына табан тіреген.
Ал облысымызға 1991 жылдан бері 20 243 отбасыдан құралған 66 188 қазақ азаматы елге келген. Ал биылғы жылдың 1 қазанындағы статистика бойынша жыл басынан бері 343 отбасыдан тұратын 587 адамға қандас мәртебесі берілген. Олардың қатарында Өзбекстан Республикасынан – 273 отбасы (490 адам), Қырғызстаннан – 34 отбасы (46 адам), Түркіменстаннан – 20 отбасы (30 адам), Ресейден – 1 отбасы (1 адам), Тәжікстаннан – 12 отбасы (17 адам) және Қытай Халық Республикасынан 3 отбасы (3 адам) атажұртқа келген. Олар әр ауданнан өз орындарын тауып, бірі малшаруашылығымен айналысса, бірі егіншаруашылығы арқылы өз нәсібін тауып, енді бірі кәсібін дөңгелетіп отыр.
Өңірімізде қандастардың басым көпшілігі Жуалы ауданында тұрады. Бұл аймаққа оралған қазақтар тәуелсіздік алған жылдары үй тіге бастаған. Биылғы жылдың өзінде 12 отбасы жайлы орынға жайғасқан. Мәселен Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылдық округіндегі тұрғындардың 51 пайызын қандастар құрайды.
Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Аманбекұлының айтуынша, шет елден көшіп келген қандастар саны бүгінде 2 205 адамға жеткен.
– Нұрлыкент ауылдық округі 2000 жылы құрылған. 3 елді мекеннен тұрады. Округтегі аула саны – 850, жалпы халық саны – 4 310. Қандастардың барлығы Нұрлыкент ауылына шоғырланған. Балалары сол ауылдағы М.Ломоносов атындағы №5 орта мектепте білім алуда. Қандастардың көпшілігі егін және малшаруашылығымен айналысады. Мәселен 8 азамат жеке шаруа қожалық иесі болса, олардың басым көпшілігі егіншаруашылығы арқылы табыс тайқазанын тасытып отыр. Сонымен қатар қандас 51 кәсіпкер өз кәсібін дөңгелетуде, – дейді Нұрсұлтан Аманбекұлы.
Тәуелсіздік жылдары Нұрлыкент ауылынан тұрақ тапқан азаматтар бүгінде жеке кәсібін дамытып, аудан экономикасының өркендеуіне септігін тигізуде. Мәселен Нұрлыкент ауылына 1992 жылы қоныс аударған Мұрат Демеусінов диқаншылықпен айналысып, ризығын жерден айыруда.
– 1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, Орта Азияның елдері тәуелсіздік алады деген сөз халық арасында тарай бастаған кезде Қарақалпақстандағы қазақтар да атамекенге қайту туралы ойлана бастады. Сол тұста біз де көптің бірі болып ел-жер көріп қайту мақсатымен Қазақстанға жолға шықтық. Сапар соңында табанымыз Жуалы жеріне тиді. Бұл өлкенің табиғаты, ауасы, суы, тынысы жанға жайлы көрінді. Көңілімізден шыққан соң алғашқылардың бірі болып 1992 жылдың жазында біржолата қоныс аударуға бекіндік. Кейін артымыздан тағы бірнеше отбасы көшіп келді. Көшіп келген соң ең әуелі жұмыс іздедік. Өзбекстанда зауытта цех бастығы дәрежесіне дейін көтерілген тәжірибем бар еді. Сол себепті жергілікті ұжымшарда слесарь болып еңбек еттім. Уақыт өте келе кеңшарлар таратылып, әр адамға жер үлестіріле бастағанда біз де үлес алдық. Осылайша диқаншылыққа бейімделе бастадық. Біз отбасымызбен Нұрлыкентке көшіп кеткенде ағам Қарақалпақстанда қалып еді. Жеңгем ерте қайтыс болып, 5 бала ағамның жауапкершілігінде қалды. 1995-1999 жылдар аралығында соларды көшіріп әкелдім. Кейін ағамның өзі де дүниеден өтті. Сөйтіп, 5 балаға өзім бас-көз болуға тура келді. Оларды үйлендіру, баспаналы қылу, адам қатарына қосу борышыма айналды. Шүкір, қазір бәрі өмірден өз орындарын тапты. 2011 жылдан бастап Жуалы ауданындағы Герцен мектебіне қарауыл болып жұмысқа орналастым. Онда 10 жылға жуық қызмет атқарып, 2021 жылы зейнетке шықтым. Бүгінде жеке шаруа қожалығым бар. Шаруашылықтың жұмысын қазір балам жүргізіп отыр. Негізі Нұрлыкент ауылындағы халықтың 80 пайызы диқаншылықпен күн көреді. Біздің де бағытымыз – сол. Қолдан келгенін істеп, адал еңбекпен күнелтіп жатқан жайымыз бар. Ал түп-тамырымызға келсек, ата-бабамыз негізі Ақтөбе облысының Ойлы деген жерінен шыққан. Бір замандарда балалар көп шетіней берген соң бабаларымыз ырымдап қоныс ауыстыруды жөн көрген екен. Сөйтіп Қарақалпақстанға көшіп барып, тұрақтаған көрінеді. Енді міне атажұртқа қайта оралып, елмен бірге бір қауым болып өмір сүріп жатырмыз, – дейді Мұрат Демеусінов.
Ал Гүлзира Утенова есімді ауыл тұрғыны 2024 жылға дейін шаштараз болып еңбек етіпті. Биыл жеке асханасын ашып, өзін жаңа қырынан сынап көруде.
– Әке-шешем 1995 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласынан көшіп келген. Атақонысқа келуімізге әкем себепкер болған еді. Кейін ол кісілер де марқұм болып кетті. Нұрлыкент ауылдық округіндегі мектепте білім алып, кейін Ташкент қаласында шаштараз мамандығын меңгердім. Елге қайта келіп, сұлулық салонын ашуды қолға алдым. Бірақ жанымдағы жұмысшылар жан-жаққа кетіп қалған соң жалғыз өзіме қиындау болды. 2024 жылы асхана ашу ойыма келіп, жеке кәсіпкер болып тіркелдім. Сонымен асханамды ашып, бүгінде екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Ауылдағы кішігірім туған күн, бесік той, құдалық деген секілді шағын тойлар асханамызда өтеді. Екі інім де диқаншылықпен айналысады, – дейді Гүлзира Мирзараимқызы.

Жоғарыда айтқанымыздай, Нұрлыкент ауылдық округінің тұрғындары ауылшаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп, өңір эконикасының дамуына қомақты үлес қосуда. Ендеше ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем нұрлыкенттіктердің ел ырысын еселеу жолындағы жұмыстарына тек табыс тілейміз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ




