Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ҰЛТТЫҚ КИІМ ТІГУДІ БҰРЫННАН АРМАНДАДЫМ»

«ҰЛТТЫҚ КИІМ ТІГУДІ БҰРЫННАН АРМАНДАДЫМ»
ашық дереккөз
«ҰЛТТЫҚ КИІМ ТІГУДІ БҰРЫННАН АРМАНДАДЫМ»
Соңғы кездері ұлттық нақыштағы киімдерді тек Наурыз мерекесінде ғана емес, жай күндері де, тіпті жұмысқа кию үрдісі де қалыптасып келеді. Қоғамда сұраныс артқан сайын ұлттық нақыштағы киім тігіп, кәсібін нәсібіне айналдырған азаматтар қатары күн санап артуда. Тараз қаласында да ісмерлігінің арқасында көптің алғысын арқалап жүрген, он саусағынан өнер тамған шеберлер аз емес. Дизайнер, «Gulfairuz studio» ұлттық киімдер брендінің негізін қалаушы Гүлфайруз Нұрабаева да Тараз қаласындағы жеке студиясында кимешек, кәжекей, камзол, шапан, қазақы көйлек, тақиялар тігіп, ұлттық өнерімізді ұлықтап жүр. Жуырда Гүлфайруз Сәрсенқызымен сұхбаттасудың сәті түсіп, «Шебердің инесі де, күймесі де – алтын» демекші тапсырыс берушінің талғамына сай келетін ұлттық киімнің қалай дайындалатынын сұрап, білген едік. – Гүлфайруз Сәрсенқызы алдымен өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып кетсеңіз. Қайда дүниеге келдіңіз, қайда білім алдыңыз? – 1979 жылы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Тасшолақ елді мекенінде туып-өстім. Екі ата, екі әженің тәрбиесін көрдім. Сол себептен де ұлттық тәрбие бойыма терең ұялаған. Жалпы мамандығым – «Тарих және қоғамтану» пәнінің мұғалімі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмәмдадым. Мамандығым бойынша мұғалім болып та жұмыс істедім. Негізі бала кезден әдемі киінуді қалайтынмын. Сондықтан да бала кезден бергі арманымның жетелеуімен ұлттық нақыштағы киім дизайнері болуды қалап, 2016 жылы Тараз сервис және технология колледжіне оқуға түстім. – Ұлттық нақыштағы киім тігуді қашан қолға алдыңыз? Қазіргі кәсібіңізді бастауға не түрткі болды?– Халқымызда әр киімді киюдің өзіндік әдебі қалыптасқан. Тіпті киімге салынатын ою-өрнекке дейін жіті қадағалап, әрқайсысының мағынасына терең үңілген. Ұлттық киімнің түрлерін дайындауда көшпелі қазақ халқы төрт түлік малдың жүні мен терісін пайдаланған. Жүнді иіріп, мал терісін илеп, күнделікті киетін киімдерін дайындаған. Бүгінгі күні ата-баба дәстүрі жаңғырып, ұлттық киім өндірісі өзіндік жалғасын тауып келеді. Қазақтың ұлттық киімі дегенде көз алдымызға оюлы шапан, зерлі камзол, саптама етік киген, сәні мен сымбаты жарасқан ата-апаларымыздың келбеті келеді. Оның үстіне екі апам мен екі атам да қазақы нақышта әдемі киінген. Соларды көріп өскен соң шығар, ұлттық нақыштағы киім тігуді бала күнімнен армандадым. Карантин уақытында кәсібімізді бастап, қазір жұмысымыз жолға түсті десем де болады. – «Gulfairuz studio» бренді несімен ерекшеленеді? – Қазақылығымен, дайын өнімді халыққа уақытында ұсынумен ерекшеленеді. Басқа киім өндірушілер тапсырыспен киім тігеді әрі оны дайындауға бірнеше апта жұмсайды. Ал бізде киімдер әлемдік стандарттарға сай өлшемдер бойынша алдын ала дайындалады. Бүгін тапсырыс берілсе, ертең немесе ең аз уақыт ішінде Қазақстанның кез келген аймағына жеткізіп береміз. – Коранавирус өршіп, әлем халқы әбігерге түсіп, көп кәсіпкерлер кәсібін тоқтатып жатса, сіз керісінше бастап кетіпсіз. Бұл ағысқа қарсы жүзу ме? – Әрине, көңілде қорқыныштың болғаны рас. Бірақ «Биссимиллә» деп бел буып кіріскеннен кейін, артқа шегіну жоқ. Оның үстіне мен бәсекелестіктен қорықпаймын. Бір жағы өнімдерді шығарғанымызда елдің де ұлттық құндылыққа деген сағынышы бірден сезілді. Себебі тұтынушылардың сұранысын тауып бере алмай қалған жағдайлар болды. Қазірге дейін өнімдерімізді алу үшін айлап кезекте тұрғандар да бар. – Киімді кімдер тігеді? Стиль мен дизайн қалай қалыптасты? – Өзіміздің арнайы цехымыз бар.Онда бірнеше тігіншіміз бар. Олар студиямызда орналасқан. Киімдер сонда тігіледі. Әңгіме басында айтқанымдай, киімдер тек дайын күйде сатылымға шығады. Өзімнің дизайнерлік ақыл-кеңесіммен қазақы нақыштағы шапандарды, киімдерді заманауи үлгіде ұлттық реңкін жоғалтпай, жасап шығардық. – Ерлерге арнап ұлттық нақыштағы киімдер тігіп жатқан ісмерлер жайлы көп ести бермейміз. Студияңыздағы ерлер коллекциясы туралы айтсаңыз. – Әйелдер киімін тігумен айналысып жүріп, ерлер киімін тігуді қолға алдық. Осы кәсіпті бастаудың, ұлттық нақыштағы ерлер киімін тігудің бірнеше себебі бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде: «Алушы қолдан, беруші қол жақсырақ», деген. Алушылар емес, берушілер қатарынан болайық деген ниет бізді осы кәсіпке жетеледі. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, ұлттық нақыштағы киімдерді жоғары сапада өндіріп, төмен бағада халыққа ұсынуға тырысып келеміз. Бір-бір шаңырақтың иесі, тірегі болып отырған бауырларымыз мұндай киімдерді мереке күндері ғана емес, күнделікті жұмысқа, көшеге, қонаққа киіп бара алса деген асыл ниетіміз осы кәсіпті бастауға сеп болды. – Өзіңіз көптеген жобаларды қолға алып жүр екенсіз. «Кимешекті аналар» шеруі, «Текті келін» жобасы сынды атқарған істеріңіз туралы айтып өтіңізші. Мұның бәрін бір өзіңіз ұйымдастырып жүрсіз бе? – Мен «Қазақ аналары» қоғамдық бірлестігінің облыстағы «Дәстүрге жол» жобасының төрайымымын. Бұл аталған іс-шаралардың барлығы осы жобаның деңгейінде өткен шаралар. Рас біз ұйымдастырдық. Алдағы уақытта да бұл жобалар жалғасын табады. Қазақ аналары кимешегімен көрікті. Бүгінгі күні біз осы кимешекті насихаттап жүрміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар