Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіпкер құртты брендке айналдыруды көздейді

Кәсіпкер құртты брендке айналдыруды көздейді
Автор
Жамбыл ауданындағы Бесағаш ауылының тұрғыны Шарипа Қамбарова кәсіптің көзін тапқан ақ жаулықты ана. Алғашында сүт өнімдерін қалаға әкеліп сатып, тәп-тәуір табыс тауып жүреді. Кейінірек құрт сатуды қолға алады. Шарипа әже былтыр «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша мемлекеттік грантты жеңіп алды.

– Қазір еңбек етемін деген жанға жұмыс та көп, мүмкіндік те мол. Бұрын өзім сауда-саттықпен айналыстым. Таңалакеуімнен базарға бару, ауыр-ауыр қораптарды көтеру маған қиынға соқты. Бір күні үйдегі төрт түлікті «Неліктен кәдеге жаратпасқа?» деген оймен бір істі қолға алудың жолын іздедім. Ауыл негізінен берекенің ордасы ғой. Дастарқаның аққа, қамбаң көкөніс пен астыққа толы. Соны бір игілікке жаратайын деп айран, сүт сатып, ірімшік, құрт, май жасай бастадым. Әсіресе құртқа сұраныс жоғары болды. Сондықтан ойлана келе тәуекел етіп, құрт жасап сату кәсібін бастап кеттім. Отбасымызбен қысы-жазы еңбек етіп, тұтынушыларымыз да көбейді. Өткен жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы туралы естіп, қатысуға бел байладым. Осылайша Астана қаласында өткен көрмеге өз өнімдерімді апардым. Көрмеде қазақтың ұлттық тағамдары ерекше көзге түсіп, осы саланы дамытуға маған 3 миллион 700 мың теңге мемлекеттік грант берілді, – дейді Шарипа әже.

Мүйізді қара көбейген сайын жұмыс та қиындай түседі. Сондықтан ауыл сыртынан жер алып, шағын ферма ашады. Сөйтіп, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, жақындарымен бірге күйбең тіршілікке кірісіп кетеді. Қазіргі таңда үйдегі ер адамдар малдың күтіміне жауапты болса, әженің келіндері мен немерелері құрт жасауға көмектеседі.

Кәсіпкердің айтуынша, жұмыс барысындағы көптеген қиындықтар мемлекеттің қолдауының арқасында жеңілдеп қалған. Оған себеп – қайтарымсыз қаржыға сиыр сауатын аппараттар мен құрт кептіретін құрылғы және көлемі үлкен тоңазытқыштар сатып алуы. Бұл еңбек процесі барысында күніне 15-17 келі құрт жасалады. Күз және қыс мезгілінде құртқа сұраныс екі есе өседі екен. Бүгінде Бесағашта жасалған құрт өнімдері Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай және Түркия еліне экспортталып жатыр.

Негізінен құртты қала тұрғындары іздеп жүріп сатып алады. Ал шет мемлекетте жүрген қазақстандықтар жол түскенде өздерімен бірге алып кетеді екен.

Заманауи құрттар бүгінде жеміс-жидектердің қоспасымен де дайындалады, яғни құрттарға ауладағы құлпынай, өрік, таңқурай сынды таза өнімдерді қосу арқылы дәмділігі мен сыртқы келбеті де ерекшелене түскен. Мұндағы мақсат – қазақстандық құрт брендін қалыптастыру. Құрттарды арнайы жаңа үлгіде шығару үшін «Шарипа апа» жазуымен өз қаптамасын әзірлетіп жатыр.

– Енді менің өнімдерім өзіндік брендімен ерекшеленіп тұрады. Арманым – қазақтың ұлттық тағамдарын шетелге таныту. Ұлттық тағамдарымызды бренд жасағым келеді. Мәселен, құртты қанша сақтасаң да бұзылмайды. Сондай-ақ табиғи өнімнің пайдасы мол. Біз өзіміздің тағамдарды брендке айналдыруымыз керек. Ол арманымды жүзеге асыруға, біріншіден, еңбек, екіншіден, мемлекеттің үлкен қолдауы сеп болуда. Тапсырыс көбейген сайын құртты күн суықта кептіру мүмкін емес. Жаз айларында білінбейді. Ал күн суыса қиындап кетеді. Енді арнайы құрт кептіретін құрылғы алдым. Электр энергиясы арқылы жұмыс істейді. Бір сағаттың ішінде өнімді кептіріп береді. Қазір өнім небәрі бір аптаның ішінде толық дайын болады. Әрине, үлкен көлемдегі тапсырысты орындау оңай шаруа емес. Бірақ менің көмекшілерім бар. Келіндерім, немерелерім үнемі қолғабыс етеді. Қазір менің жасым 61-де. Отбасым, отағасынан қолдау болмағанда жалғыз өзім мұндай жұмысты алып жүре алмас едім. Өз басым баланы кішкентай кезінен еңбекке баулыған өте дұрыс деп санаймын. Сонда ол еңбектің қадірін біледі. Ертең есейгенде өз бетімен шешім қабылдап, істің қиюын келістіре алады, – дейді кәсіпкер әже.

Тынымсыз еңбек пен табанды тіршіліктің арқасында құрттан табыс тауып отырған Шарипа әжейдің ісі көпке үлгі. Ақ жаулықты әже бизнес бастау үшін ешқашан кеш емес екенін түсінген.

Бүгінде аудандық іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі өз кезегінде кәсібін ауылдың қыз-келіншектеріне үйретіп те жүр. Құрт жасаудан алдына жан салмайтын әжей мастер-класс өткізеді.

«Ақ мол болсын» деген сөздің төркінін жадына мықтап түйген ақ жаулықты ананың құртының дәмі расында да ерекше. Өйткені Шарипа әже қазақтың дәстүрін дәріптеуді мәртебе деп біледі.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар