Өнерімен өрге жүзген блогер
«TikTok», «Instagram» қолданбаларында видео түсірудің өзі өнердің бір жанры іспетті. Мұнда да тақырып, идея, көркемдік, фантазия керек. Жамбылдық Нұршахризада Салимова әлеуметтік желі мүмкіндіктерін сәтті пайдаланып, бүгінде интернет жұлдызы атанып үлгерді. Кейіпкеріміз бір бойына бірнеше өнерді сыйдырған талантты қыз.
Ол М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде актерлік мамандық бойынша білім алып жүр. Қаршадай қыздың осы уақытқа дейінгі біршама жетістікке қол жеткізді. Бірінші курста студент елімізге белгілі «Шәріп», «5:32» сериалдарына түсіп, модель ретінде бірнеше сән апталықтарында өнер көрсетіп үлгерген. Мектепті бітіретін жылы үздік оқушы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын алған. Марапатты сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек табыстаған. Мұны ол өзіне көрсетілген үлкен құрмет деп бағалайды. Желі жұлдызының өмірінде орын алған елеулі оқиғалар мұнымен таусылмайды. Небәрі 8 жасында алғыр қыз Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өлең арнап, хат жазады. Көп күттірмей бұларға жауап та жетеді. Үйлеріне Нұрсұлтан Әбішұлының құттықтау хаты және сыйлыққа қолтаңбасы қойылған «Еуразия жүрегінде» атты кітабы келген екен. Бұл құрметке отбасымен қуанып, шаттықа кенеледі. Оның үстіне Ақордадан әр жыл сайын Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, балалар күнінде сыйлықтар алып тұрған. Ол бұл оқиғаны үлкен мақтаныш сезіммен еске алады.
2021 жылы халықтың таңдауы бойынша республикалық «Insta-жұлдыз» блогерлерді марапаттау кешінде «Ең үздік сүйкімді блогер» номинациясын иеленді. Бұл Нұршахризаданың блогерлік бағыттағы алғашқы жетістігі. Жоғары рейтингке ие отандық сериалдардың жұлдыздарымен де сәлемі түзу, жақсы қарым-қатынаста.
Әлеуметтік желіде мектеп оқып жүрген кезінен танылған ол алғашқы уақыттарда парақшасын поэзияға арнаған. Өз жүрегінен туған өлеңдермен қатар, сүйікті ақындары Мұқағали Мақатаев, Күләш Ахметованың жырларын тебірене орындап, оқырмандарының сүйікті блогеріне айналған.
– Балғын балалық шағымнан Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерімен сусындап өсіп, бертін келе Күләш Ахметова апамның өлеңдерін жиі оқи бастадым. Өзім де 5-6 жасымнан өлең жазумен әуестендім. Мектеп кезінде қолыма қалам алып, шабытыма ерік беріп, өлеңді жиі жазуды әдетке айналдырдым. Соңғы уақытта көңілім киноға ауғандықтан өлең шығаруды сиреттім.
Бастапқыда поэзияға құмар ақын қыз ретінде танылғанмын. Парақшаны нақты қай жылдан бері жүргізіп келе жатқандығымды айта алмаймын. Тіпті есімде де жоқ. Блогерлік – бала кезден бергі қызығушылығым. Бір айта кетерлігі, блогым шығармашылығыммен тікелей байланысты. Қатып қалған белгілі бағытым жоқ. Бірде өлең оқып жүктесем, келесі бірінде пайдалы пост жазамын. Іштегі ой-толғаныстарымды оқырмандарыммен бөлісіп отырамын, – дейді Н.Серікқызы.
«Заманына қарай – адамы» дегендей, ол арасында қызықты вайн да түсіріп тұрады. Бір-бірін көз ілеспес жылдамдықпен алмастырып жатқан трендтерден де қалмауға тырысады. Онда да атақ қуамын деп шектен шыққан ессіз трендтерді қайталамайды. Оқырмандарымен сүйіншілеп жеткен жетістіктері мен қуаныштарын бөлісуге асық. Әлеуметтік желідегі негізгі бағыты – «Lifestyle». Өзін қарап отыратын тұрақты оқырмандарына «залалымнан гөрі пайдам тисе екен» деген түпкі мақсатты ұстанған. Қандай іс жасаса да үйде әкесі мен анасы берген тәлім-тәрбиеден аттамауға тырысады. Үйінде бес ағайынды болса, Нұршахризада екінші перзент. Артындағы үш бауыры өзінен үлгі алатынын естен шығармай, дұрыс бағыт көрсетуге ұмтылады.
– Өзімді аса танымал жандар қатарынан көрмеймін. Халық ортасындағы беделіме шүкір деймін. Парақшамды көретін жандар көшеде кездестіріп қалып «блогер» деп атағанда өзімді ыңғайсыз сезінемін. Басында ол сөз маған біртүрлі естілетін. Кейінірек тәжірибелі блогерлермен контент жасай бастағанымда «блогер» деген атақ жағымды естіле бастады. Бірақ танымалдылығымды көтере алмай, есіріп кету табиғатыма жат қылық. Сұхбат алғанда журналистер менен «Вайн түсіргенде идея қайдан келеді?» деп сұрап жатады. Ол шабытқа байланысты деп айтар едім. Шабытың ашылып тұрса, көрермендеріңнің көңілінен шығар контент жасау қиын емес. Жалпы өнер адамдары шабытпен қадам басып, талпыныстармен өрлейді, – деді блогер.
Бүгінгі күні Нұршахризаданың «Іnstagram» парақшасында алпыс мыңға жуық оқырманы бар. Олардың саны елдегі карантин уақытында артқан екен. Блогер алдағы уақытта бір стильмен шектеліп қалмай, инттеллектуалды әзілді вайндар түсіруді жоспарлап отыр. Оқырмандарына ой саларлық тақырыптарды таңдауда ең соңғы жаңалықтарға, өзекті мәселелерге сүйенемін дейді. Оның парақшасында оқырман ойы екі тарапқа бөлініп, пікір таластыратын вайндар жүктелетін күн де алыс емес.
– Әрдайым оқырман көңілінен шығу оңай емес. Қатып қалған бір бағыт, жаттанды, сюжеті қайталана беретін жеңіл әзілдер көрерменді тез жалықтырып жібереді. Сондықтан үнемі ізденісте болу керек. Еңбегіне қарай берекесі. Жасырмаймын, ұсыныстар түсіп жатса жарнама жасап тұрамын. Бірақ онда да өзім қолданып көрген, пайдалы екендігіне көзім жеткен, яғни адамдарға тиімді деп білетін тауарға ғана жарнама жасаймын. Жасаған жарнамадан әжептәуір табыс табамын. Мендегі «әттеген-ай» дейтін бір өкінішім – 11-сыныпта ҰБТ-ға дайындық кезімде парақшама қарауға уақытым болмай кетті. Арада үлкен үзіліс болып қалды. Сонда да әрдайым қолдау көрсетіп отыратын оқырмандарым менен алыстаған жоқ. Жанашыр оқырмандарым мектепті үздік аяқтап, «Алтын белгі» төсбелгісін алып, арқамнан үлкен жүк түскенше «жоқ болып кеттің ғой» демей мені күтті. Қуансам бірге қуанып, мұңайсам көңілімді көтеруге тырысатын оқырмандарым бар бақытты блогермін. Ең бастысы осы деп білемін, – дейді ол.
Мемлекет басшысының құттықтау хатын алған зерек қыз еліміздің болашағын көркейтуге үлес қосатын азамат болуды армандайды.
Келесі мақала