Есалы Ералыұлының Алматыда оқып жүрген кезінде жазған өлеңдері мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып тұрды. Өлең сүйген студент Қазақ радиосына барып, өз жүрек үнін жұртқа радио толқындары арқылы да жеткізіп жүрді. Факультетте өтетін әдеби кештерде белгілі ақындармен кездесу, олардың өлеңдерін тыңдау, өзінің де өлең оқуы жас таланттың қанатын бекіте түсті. Бірқатар өлеңдері жас ақындардың өлеңдер жинағында жарияланды. Осының барлығы ақындық өнерді таңдаған ауыл баласы үшін үлкен өмір мектебіне айналды. Университетті бітірер жылы Есалы Ералыұлының өзін де, ақындығын да әдеби қауым, шығармашылық ұйымдар мен мекемелер жақсы танып алған болатын. Оның үстіне студент ақын оқуын Қазақ радиосында бір мезгіл қызмет атқарумен қатар жалғастырды. Университетті аяқтаған соң, әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасты. Бұл шығармашылық қызмет еді. Бірақ ауылдағы ата-ана жалғыз ұлдың атақты ақын болғанынан гөрі ауылда, көз алдарында жүріп, балаға ұстаздық етуін артық санады. Арманы қанша асқақ болғанмен, ол ауылға, ата-анасына, туған Таласына оралды. Туған ауыл мәдениетінің дамуына, балаға білім беру ісінің жетілуіне аянбай атсалысты. Мектепте әдеби үйірме жұмысын жандандырды, оқу ісін ұйымдастыру мен басқаруда жаңашыл талап қойып, оқу мен оқытудың жаңа әдістерін кеңінен пайдалануға қол жеткізді. Соның нәтижесінде оқушы жастардың танымдық және шығармашылық белсенділігі артты, елтанушы, жертанушы оқушы ақындар тобы даярланды. Олардың біразы бүгінде ел таныған ақын, жұрт таныған журналист, суырыпсалма айтыс ақыны дәрежесіне көтерілді. Өзі секілді ұстаздық жолды таңдап, игілікті іс атқарып жүрген шәкірттері де көп.
Есалы Ералыұлы туған ауданының мәдениеті мен өнерін, білім беру ісін, сондай-ақ әдебиеті мен журналистикасын дамытуға зор үлес қосты. Оның ауыл азаматтарының ғибратты ісі мен өмірі жайлы апта сайын, ай сайын жарияланып жатқан көркем очерктері мен эсселері адамның адамгершілігін ардақтады, қарапайым еңбек адамының мәртебесін өсірді. Соның бәрінде Есақаңның шынайы талантымен бірге үлкен азаматтығы, адамгершілік биік нысанасы көрініп тұратын. Осы үш қасиет –шынайы талант, үлкен азаматтық, адамгершілік биік нысана – Есақаңның ұстаздығының да, ақындығының да, журналистігінің де асыл негізі болып табылады.
Ұстаз. Ақын. Журналист. Үшеуі де ардақты іс. Үшеуі де шынайы талантты талап етеді. Үшеуі де үлкен азаматтыққа негізделеді. Үшеуі де адамгершілік биік нысанадан бастау алады. Бір адамның ғұмырына осы үш ардақты істің біреуі де жетіп артылар еді. Есалы Ералыұлының қысқа ғұмырында осы үш ардақты істі қатар және үлкен абыроймен шынайы шеберлікпен атқарды. Бұл қасиет санауға лайықты ерекшелік еді. Есалы Ералыұлы осы қасиетімен ауылдастарынан ғана емес, түгел отандастарынан да ерекше дараланған жан. Бұлайша даралану тек дара туған дарынның ғана қолынан келсе керек. Ералы ағамыз дара туған дарын еді... Жанғара Дәдебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор