Бокс клубының жұмысын бас бармақпен бағалауға болады
Кейінгі жылдары Жамбыл боксының басынан бақ тайғаны жайлы жиі айтылып, жазылып жүр. Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жамбылдық былғары қолғап шеберлері бағындырмаған биік қалмады. Талай мәрте әлемдік ареналарда жасындай жарқылдап, еліміздің мерейін үстем етті. Мәселен, тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы Атланта Олимпиадасында Болат Жұмаділов (күміс), Ермахан Ибраимов (қола), Болат Ниязымбетов (қола) жеңіс тұғырына көтеріліп, абыройымызды асқақтатқан болатын. Ал 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Ермахан Ибраимов 1996 жылғы қола медалін алтынға алмастырса, Болат Жұмаділов тағы да күміс жүлдемен күптелді. 2004 жылы Афинада өткен Олимпиадада Бақтияр Артаевтың бағы жанды. Грекия астанасында өткен төртжылдықтың басты бәсекесінде жерлесіміз ел қоржынына жалғыз алтын жүлдені салып, даңқты боксшы ағаларының жеңісті жолын жалғады.
Бақтияр Артаев Олимп шыңын бағындырғалы да табаны күректей 18 жыл өтіпті. 18 жылда төрт Олимпия ойындары тарих қойнауына енді. Өкінішке қарай бір кездері даңқы төске өрлеген Жамбыл бокс мектебінің түлектері 2004 жылдан бері Олимпиадада мақтанатындай нәтижеге қол жеткізе алмай жүр. Обалы не керек, жерлес боксшыларымыздың Олимпиада ойындарына қатыспай қалған кезі жоқ. Алайда қатысқанын қайтейік, үнемі құр қол қайтып жүргені жанға батады.
Иә, айта берсек Жамбыл боксы жайлы сөз көп. Айтылмай, жазылмай жүрген жоқ. Қайталай бергеннен ешнәрсе өзгеріп кетпейді. Сондықтан жуырда біз «өткенге емес, ертеңге ұмтылған ұтады» деген қағиданы ұстанып, талантты боксшылардың ұстаханасына айналған «Жамбыл» кәсіпқой бокс клубына арнайы ат басын бұрып, елдің мерейін үстем ететін саңлақтарды тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып қайтқан едік.
«Жамбыл» кәсіпқой бокс клубы директорының орынбасары Еген Дүйсенбековтің айтуынша, 2011 жылы құрылған клуб спортшыларының осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Бокс клубының шар болаттай шыңдалған былғары қолғап шеберлері Әлем және Азия чемпионаттарында жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан жиі көрініп, ел мақтанышына айналған. Шаршы алаң шеберлерінің 2011 жылдан бергі толайым табыстарын түгел тізіп шығу мүмкін емес.
– Жамбыл облысы спорт саңлақтарын дайындауда еліміздің ұстаханасына айналғаны баршаға мәлім. Қай спорт түрінен болмасын жерлестеріміздің абыройы асқақ, беделі биік. Әсіресе түрлі байрақты бәсекелерде көк Туымызды желбіретіп жүрген Жамбыл бокс мектебінің түлектерін қалай мақтасақ та жарасады. Олай дейтініміз, 1980 жылы өткен Мәскеу Олимпиадасынан бері облысымыздың атынан кем дегенде 1 боксшы төртжылдықтың басты бәсекесіне қатысып келеді.
Соңғы Олимпиада ойындарында боксшыларымыздың бабы келіскенімен, бағы жанбай, жүлдесіз қайтып жүргенін жасыра алмаймыз. Бірақ қай-қайсысы болмасын жігерлі өнер көрсеткенін айта кету керек. Қазір клубымызда атағынан ат үркетін сақа саңлақтармен қоса, жалындап өсіп келе жатқан жас өрендердің де қатары мол. Сондықтан алдағы Париж және одан кейінгі Олимпиада ойындарында облысымыздың былғары қолғап шеберлері қазақ елін жарқын жеңістерімен қуантады деп ойлаймыз, – дейді Еген Есенұлы.
Еген Дүйсенбековтің сөзіне сүйенсек, бүгінде клуб құрамында 156 спортшы болса, 18-і (ересектер сапында – 5, әйелдер сапында – 5, жастар сапында – 4, қыздар сапында – 4 боксшы) ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді екен. Сондай-ақ бокс клубында 14 жаттықтырушы (4-еуі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы) қызмет етеді. Жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің арқасында клуб спортшылары жаһандық сайыстарда олжа салып, Қазақстанның абыройы мен мәртебесін асқақтатып келеді.
– Келесі Олимпиада Франция астанасы Парижде өтетіні белгілі. Кезекті Олимпия ойындарынан да боксшыларымыз шет қалмайды деген ойдамыз. Атап өтер болсақ, бокстан ұлттық құраманың капитаны, 69 келі салмақ дәрежесіндегі сайыпқыранымыз Асланбек Шымбергенов Олимпиадаға жолдама алады деген сенімдеміз. Одан бөлек өткен жылы 67 келі салмақта ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанған, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы Дулат Бекбауовтан да үлкен үміт күтеміз. Бабы мен бағы қатар шауып, жолдамаға ие болып жатса, Дулаттың да Парижге бару мүмкіндігі жоғары. Осы орайда айта кетейін, клубымыздың спортшылары Асланбек пен Дулат бірнеше айдан кейін, яғни қараша айында Иордания мемлекетінде өтетін Азия чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Құрлықтық бәсекеге Диас Молжігітовтің қатысу-қатыспауы әзірге белгісіз.
Сонымен қатар Елнұр Сүйінбай, Жексен Бейбарыс, Диас Молжігітов сынды жастардың да атын айрықша атап өтуге болады. Бокстан ересектер арасында Қазақстанның ұлттық құрама командасына жуырда ғана қабылданған аталған боксшылар 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарында атой саларына сеніммен қараймыз, – деген Еген Есенұлы клубтың 13 спортшысы жергілікті бюджеттен жетістіктеріне сай айлық алып отырғанын жеткізді.
Айтуынша, Жамбыл облысы әкімінің 2017 жылғы №262 Қаулысына сәйкес олимпиадалық спорт түрлері бойынша ай сайынғы ақшалай жабдықталым төлемдерінің мөлшері бекітілген. Әр спортшы Олимпиада, Әлем чемпионаты, Азия ойындары, Азия чемпионаты және Қазақстан Республикасының чемпионаттарында көрсеткен нәтижелеріне сәйкес ақшалай жабдықталым төлемдерін алады екен.
Сөз соңында Еген Есенұлы Жамбыл бокс мектебінің түлектері әлі талай әлемдік ареналарда Қазақстан қоржынына медальдар салатындығына сендірді. Лайым, солай болсын.
Біз де Жамбыл боксының болашағынан үлкен үміт күтеміз. Мыңдаған, миллиондаған бокссүйер жанкүйердің үміті алдамас үшін облысымызда аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Нәтижесін, жемісін көретін күн де алыс емес секілді.
Келесі мақала