Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Нұрлан имам жастармен кездесті

Нұрлан имам жастармен кездесті
ашық дереккөз
Нұрлан имам жастармен кездесті

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында теолог, дінтанушы, ұстаз, көпшілікке әлеуметтік желілер арқылы танылып жүрген Нұрлан Байжігітұлы Жамбыл жастарымен кездесті. Жастарды имандылыққа, отансүйгіштікке шақырған рухани жүздесуді облыс әкімдігінің дін істер басқармасы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Жаса жастар» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Шариғатты насихаттауда ерекше қолтаңбасын қалыптастырып, әлеуметтің жүрегінен орын алып жүрген Нұрлан имам жастардың психологиясына әсер ететін дағдарыс пен күйзелісті болдырмау, деструктивті теріс діни ағымдардың алдын алу, жаңадан некеге тұрған жас жұбайлардың отбасылық өмірге бейімделуі сынды тақырыптарында насихатын жүргізді. Әңгіме-дүкенде қоғамдағы өзекті мәселелерден бастап, ұлт болашағы, жастар келбеті, ұлттық құндылықтар жайлы сөз болды.

Бүгінде депрессияға түсіп, жүректі ауыртудың бірнеше жолы бар. Оның алғашқысы – идеал емес адамды идеал тұту. Бірақ дүниеде Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздан басқа ешкімде мінсіз емес. Себебі әрбір адамның бойында пендешілік бар. Біздің жастар тұрмыс құрып, үйленбес бұрын ойларымен идеал жасап алады да, кездескен адамынан сол артықшылықты іздейді. Бірақ адам өзгеруі мүмкін. Соңы келіспеушілікпен аяқталып жатады. Сонымен бірге жүректің тыныштығын бұзатын тағы бір себеп, ол – тәкаппарлық. Яғни өзін елден бөлек санау. Өкінішке қарай, қазір намаз оқып, имандымын дегендердің кейбірі өздерін жоғары қойып, бөлектеніп жүретіні бар. Бұл дұрыс емес. Жүректі шектен шығу мен жалқаулық, шамадан тыс ұйқықұмарлық та бұзады, дейді Нұрлан имам.

Жиында жастарға ата-ананы құрметтеу жайлы шариғат талабына сай діни тұрғыда ақыл-кеңестер айтылды. Имам ислам дінінің жастарымызды мүлтіксіз тәрбиеге апаратын, ізгі амалдарға жетелейтін асыл қазына екендігін түсіндірді. Дін мен дәстүрдің сабақтастығы саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыруда ерекше рөлге ие болатынын жеткізді.

Жиынға келген жастардың қарасы қалың болды. Олар мұндай рухани кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілектерін жеткізді.

– Әлеуметтік желіде «Нұрлан имам» атымен танымал болған Нұрлан Байжігітұлының Әулиеата өңіріне келіп, жастармен кездесу өткізуі біз үшін үлкен мәртебе. Шынында, бүгінгі қоғам келбетіне үңілер болсаңыз, жас буынның рухани ілімге сусап жүргенін аңғару қиын емес. Әлеуметтік психологияға сүйенсек, кез келген мемлекеттің құрылымы өзгерген сәтте қоғамдық құндылықтардың қайта қаралатынын білеміз. Еліміз егемендіктің отыз жылдығында осынау қатермен бір емес, бірнеше мәрте соқтықты. Соның салдарынан дін мен дәстүрдің, ғылым мен мәдениеттің қоғамдағы рөлін әлсіретіп алғандай едік. Ал бүгінгі кездесу барысында осы түйткілді мәселердің бәрі зайырлы сипатта талданып, түсіндірілді. Жастардың қоғамдағы рөлі,мемлекеттің дамуына қосар үлесі турасында кесек ойлар айтылды. Білімгерлердің Нұрлан ұстазбеналдағы уақытта тағы да кездесу ұйымдастырылғанын қалайтыны сөзсіз, – дейді М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті Нұрболат Аманбек.

Жиынға қатысушылар имаммен еркін форматта сұхбаттасып, көкейлерінде жүрген түрлі сұрақтарға жауап алды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар