АҚЫНЫН ХАЛЫҚ ЕСКЕ АЛДЫ
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен балалар жазушысы Совет Әлімқұловтың 85 жылдығына орай «Ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту» атты әдеби кеш өтті.
Шараға қонақ ретінде С.Әлімқұловтың ұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Бақытжан Советұлы қатысты. Кеш шымылдығын М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының студенттері ақынның өлеңдерінен құралған шағын композициямен ашты.
Әрмен қарай «Болашақ» мектеп-интернатында арнайы кітапхананың «Инклюзия және театр» жобасына қатысушы оқушылар қаламгердің шығармашылығы жайлы көркем сөзден өрнек өріп, сахналық қойылым көрсетіп, ақынның өлеңдерін мәнеріне келтіре оқыды. Ал Бақытжан Советұлы әкесі туралы естеліктерін, балалық шағының қызықты сәттерін әңгімелеп берді.
Шара барысында кітапхана қызметкерлері дайындаған жазушының өмірбаянына қысқаша шолу жасаған бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ балалар жазушысының мерейтойына орай жарық көрген қаламгердің «Көзмоншақ» атты кітабының тұсауы кесілді. Бұл кітаптың артықшылығы арнайы көзі көрмейтін балаларға арналған бедерлі нүктелі қаріпте және дыбыстандырылған кітап ретінде басылып шыққан.
Әдеби кеш соңында 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай кеш қонақтарына барайль жүйесі бойынша әзірленген және дыбыстандырылған кітаптар сыйға берді. Ал Бақытжан Советұлы балаларға өзінің қолтаңбасы жазылған кітаптарын сыйлап, естелік суретке түсті.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала