«ЖАСТАРҒА ТЕАТРДЫҢ ЖАРНАМАСЫ ЖЕТІСПЕЙДІ»
Қазақ кино өнерінің жарық жұлдызы Шәкен Аймановтың «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орны» деген аталы сөзі бар. Иә, театр – өмір айнасы. Ол халықты ізгілікке, мәдениетке тәрбиелейді. Осы бір ұлық өнердің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жастардың шоғыры да аз емес. Осы ретте біз облыс жастарының ішіндегі ең бір талантты, Қуандық Қасымовтың «Қыз Жібегінде» Төлегеннің, Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Кебектің, Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» биші жігіттің рөлін сомдаған, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Сухраб Мадумаровпен сұхбаттасып, бүгінгі театр өнері мен өзінің өмірі туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Сізді алғаш рет үлкен сахнадан «Мерей» тобының әншісі ретінде көрдік. Жалпы топтың бүгінгі тағдыры қандай? Әлде өнер ұжымы өз миссиясын орындап қойды ма?
– Иә, «Мерей» тобы бізді алғаш рет сахнаға тәрбиелеп, танымалдылықтың алғашқы баспалдағын басқызды. «Мерей» тобы бізді өнердің ыстық-суығына төзе білуге үйретті. Көп тәжірибе жинадық. Нәтижесінде бүгінгі күнге жеттік.
Топ өз жұмысын әлі де жалғастырып келеді. Қазіргі таңда топ құрамында 4 әнші жұмыс істеп жүрміз. Сонымен қатар қоржынымызда ретро және қазіргі заманға сай 30-ға жуық ән бар. Арасында халық қалап шақырып жатса, тойға да шығып тұрамыз.
– Өнер жолының алғашқы қадамын әнші ретінде бассаңыз, кейін театр сахнасынан көре бастадық. Театр сахнасына келу о бастағы жоспарыңыз ба еді?
– Мектеп кезінен бастап түрлі көріністерде ойнап, рөл сомдағанға қатты қызығатынмын. Арасында бала даусыммен ән де айтып жүрдім. Кейін мектепті бітіріп, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына «Музыка және ән айту» мамандығына оқуға түстім. Алайда музыкаға құштар болғаныммен, актерлікке қызығушылығым одан да басым болды. Сөйтіп, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанындағы көпсалалы колледжге қайта тапсырып, «Актер шеберлігі» мамандығына түстім. Ал актерлік өнерге бейімдеп, шеберлігімді шыңдаған алғашқы ұстазым Айгүл Кабиева болды.
Әншілік Құдай берген, бойымдағы туабітті қасиет болғандықтан оны да тастап кете алмаймын.
– Сізді соңғы жылдары кинодан да көріп жүрміз. Кино өнеріне ойысуыңызға не себеп болды?
– «Жігітке жетпіс өнер де аздық етеді» демекші, кино саласына театр сахнасынан тәжірибе жинап, 30 жасымда келдім. Алғаш рет театрда жұмыс істеп жүрген кезде Мұрат Бидосовтың «Ақылдың кілті» сериалының кастингіне қатысу үшін түйіндемемді жібердім. Сөйтіп, аталған сериалдың басты рөлдерінің біріне шақырылдым. Кейін де бірқатар телехикаяға түсуге ұсыныс алдым.
– Актерлік өнерді танымал болудың жолы ғана деп білетіндер аз емес. Сіздің ұғымыңызда актерлік қандай өнер? Және қаншалықты еңбектеніп, ізденіп, өзіңізді қалай дамытып келесіз?
– Адам мың жерден танымалдылыққа ұмтылып, бірақ танымы мен таланты сәйкес болмаса – бәрі де бекер. Әрине, актерлік өнер адамдардың танымал болуына жол ашады. Алайда мен бұл өнерге ондай оймен келген жоқпын. Бар болғаны өзімнің сүйікті мамандығыммен айналысып жатырмын. Ең бастысы өнерден жаным демалады. Сондықтан өнермен айналысудан еш жалықпаймын. Әрі өзім ойнап жүрген рөлдерді барынша шынайы алып шығуға тырысамын. Алда әлі де кастингтерге қатысып, режиссерлер тарапынан ұсыныстар болып жатса қарастырамын. Бүгінге дейін 10-нан аса сериал мен 6-7 клипке түстім.
– Сіз сомдаған рөлдердің ішінде өзіңіздің көңіліңіз толатын қай рөл болды? Осыған дейін өзіңіздің қалауыңыздан тыс, яғни режиссердің ұсынысымен, тіпті тапсырмасымен алып шыққан рөлдеріңіз болды ма?
– Актер өзі сомдаған кейіпкерді зерттей білуі керек. Әрі көрерменге өзі сомдаған рөлдің сыртқы бейнесін ғана көрсетумен шектелмеу қажет. Актер өзі сомдап жатқан кейіпкердің жүріс-тұрысынан бастап, әрбір қылығын, психологиясын көрерменге айнытпай жеткізе алса ғана оның шеберлігі мойындалмақ. Сондықтан ең әуелі рөлін сомдайтын кейіпкерімнің өмірін, мінезін, өмірлік ұстанымын зерттеймін. Соның бәрін бойыма сіңіріп алғаннан кейін ғана өзімді дайынмын деп есептеймін. Әрі бұл менің мамандығым болғаннан кейін кейде режиссердің де тапсырмасын орындауға тырысамын. Маған көбіне ертегі кейіпкерлерінің рөлін сомдау ұнайды.
– Өзіңіз айтпақшы, сіз бірқатар аңыз кейіпкерлердің образын сахнаға шығарып үлгердіңіз. Мәселен, «Еңлік-Кебек» спектаклінде Кебектің рөлін сомдадыңыз. Аңыз кейіпкерлерімен салыстырғанда бұрынғы және қазіргі жігіттердің қандай айырмашылығы бар? Олардың рөлін сомдағанда өзіңізді қандай сезінесіз?
– Жалпы қай кезеңде де өз заманының батыры, беткеұстар жігіттері болған. Уақыт өз заманының тұлғаларын туғызады. Оған дау жоқ. Бар болғаны біз сол айналамызда жүрген жігіттердің қадіріне жете бермейміз.
– Сын әдебиетті, мәдениетті жетілдіріп, қамшылап отырады. Ал театр кәсіби сынсыз өмір сүре ала ма?
– «Сын шын болсын» деген сөз бар. Әрине, өнерді сын өсіреді. Жаманы болса, күзейді. Жақсысы болса, түзейді. Сондықтан сын ең бастысы жанашырлықтан туындауы керек. Сонда ғана ол өнердің жауына айналмай, қайта жалауын көтереді.
– Бүгінгі көрермендерге, әсіресе жастарға көңіліңіз тола ма? Сахнада тұрғанда қалың көрерменнің ішінен жастарды қаншалықты байқап жүрсіз?
– Қазіргі студент жастар көбінесе бір-бірінен естіп спектакльге келеді. Алайда кейде мені «Біз сол жастардың көңілінен шығатындай заманауи қойылымдар қоя алып жүрміз бе?» деген сауал ойландырады. Театр өнері мен актерлер қазіргі көрермендердің, оның ішінде жастардың талаптары мен талғамына сай сахналанған дүниелерді алып шығуы керек. Әрі спектакльге жастардың көп келуі үшін оны әлеуметтік желілер арқылы жарнамалау қажет. Өйткені қазір көбінде театр өнеріндегі мамандықты игерген актерлерден көрі вайнерлерді көп көретін жастарға әлеуметтік желілер арқылы спектакль мен қазақ киносының жарнамасын жасау жетіспейді. Сондықтан түрлі заманауи техникаларды меңгеріп, сол арқылы жастардың өнерге деген қызығушылық танытуына ықпал жасау қажет. Сонда ғана өнер өркендейді.
– Жалпы елімізде театр өнерінің иелеріне қаншалықты жағдай жасалып, мүмкіндіктер берілуде? Жас актерлердің әлеуметтік жағдайы қайтсе көтеріледі деп ойлайсыз?
– Иә, былтырдан бері саладағы қызметкерлердің жалақысы көтерілді. Алайда бұл өнерді қолдау бірнеше жылда еңбекақыны бірнеше пайызға көтерумен шектелмейді ғой. Сондықтан салаға әлі де баса назар аударылуы керек. Жастарға жағдай жасап, оларды барынша қолдау маңызды. Өйткені театр, кино арқылы біз өзімізден кейінгі жастарға тарихымызды, мәдениетімізді насихаттаймыз. Сондықтан ешқашан да салаға салғырт қарауға болмайды деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала