Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Күләш Ахметованың туғанына – 80 жыл

Күләш Ахметованың туғанына – 80 жыл
Автор
«Поэзияның ақ гүлі», лирик ақын Күләш Ахметованың бір топ таңдаулы өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз...

РЕДАКЦИЯДАН

 

Көктем. Көктеректер

Бұл көктемді алты ай қыс күтіп едіңдер,
Осылай басталады екен бүкіл өмірлер.
Тал, теректер, түн бойы толғақ қысып,
Бебеу қағып, ыңырсып, уһіледіңдер.
Азабыңды түсіндім мен басыңдағы,
Дөңбекшиді қою бұлт – қорғасын дағы.
Сезінгендей майданды енді осындағы —
Түні бойы сыңсыған жел басылмады.
Мұндай кезде қалайша тыншымақ қырлар,
Күндіз сезген қуатын күншуақтың қар.
Қас қарая толғатқан ана — ағаштар,
Таң ата талықсып барып, бүршік аттыңдар!
Көктем ғой бұл жылынар суық құмдар да.
Көктеректер, айтпай-ақ мұны ұқтыңдар ма?
Күн нұрымен маужырап қалғисыңдар,
Түні бойғы күресті ұмыттыңдар ма?
Өмірге өмір қосып, тынықтыңдар ма?
Мен білемін бұл таңды шын күткеніңді,
Түні бойы сездіріп тірлікке мұңды.
Күн шыққанда тұрсыңдар жасыра алмай
Шуақ кескен көк бүршік — кіндіктеріңді.
Жер-ана да бұл сәтті күтіпті ай, күннен,
Күрсінді ол да жасыңды жұтып қайғыңмен.
Түніменен толғатқан көк теректер,
Таң ата бүр жарғандарыңмен құттықтаймын мен!

 

Ән тағдыры

Ән салсаң,
Ән бар ма еді асқан одан,
Жететін Алатауға астанадан.
Қайран қып өнеріңмен алыс жұртты,
Қайтып ең сабақ алып «Ла Скаладан».
Қызығып әніңе де, затыңа да,
Қалатын аузын ашып ақын аға.
Шыңылдап хрусталь шамдар кетуші еді
Ән шырқап сен шыққанда сахнаға.
Сонда ашық еді даусың қандай,
Көрмедік біздер қайтып маусымды ондай
Әуен қазір ән салмайсың театрларда,
Тамаша талант көзі таусылғандай...
Не болды?
Қалай сөнді отың ішкі?!
Қаладың қалай әнсіз отырысты?
Гауһарын табиғаттың жаныңдағы
Теңізге тастағаның — өкінішті!
Өзгерді мінезің де, жүрісің де,
Аяйды ел көзіндегі мұң үшін де.
Айтады көршілерің: «Шыдай алмай
Шыңғырып шырқайды» — деп түн ішінде.
Бұл деген қасірет қой, өгей үнмен
Қалайша саз төгесің көмейіңнен?
Ащыға тұншықтырып бұлбұлыңды
Өлтірген өзің болсаң не дейін мен?!
Керемет сәні емес пе ең өнердің сен,
Кететін нұр шашылып, егер күлсең.
Жалынан ұлы өнердің ұстап тұрып,
Жаңылып сол «періге» неге ердің сен?!
Ел жұрты шын дарынды сүйе берер,
Сөздердей тағдырлар да жүйеленер.
Жүгі ауыр қас таланттың қашаннан да,
Қалайды қастерлеуді киелі өнер

 

Уақыт

Барасыңдар қай жаққа кетіп бәрің?
Сырт-сырт етіп тоқтамай өкінтті әр үн.
Бір сөз, бір ой, бір демге ұзарыңдар,
Құдіретті, қуатты секундтарым!
Сағаттардың тілімен құйғып бәрің
Алып қашып өмірдің сыйлықтарын,
Зырлайсыңдар, қуамын күні-түні
Қатал, өктем, қашаған минуттарым!
Таныр ма еңдер менде асқақ талап барын,
Талып бара жатқандай қанаттарым...
Табысым мен намысым... санап бәрін
Сабылмаңдар, сабырсыз сағаттарым.
Күн күледі, сонан соң түн кіреді,
Түн көзімді сәл ғана ілдіреді.
Қатал патша — уақыт, бізден артық
Қадіріңді өзіңнің кім біледі?!
Қарамаңдар өткенге сынай бәрің,
Әлі айтылып болған жоқ ұлы ойларым.
Асықса адам асықсын, сендер бірақ
Асықпаңдар апталар, күн, айларым,
Барлығын да жұтады жойқын ғалам,
Жойқын жылдар, адамға айқын бағаң.
Айналайын минуттар, аялдаңдар,
Ақиқаттар қалмасын айтылмаған!

 

Ауылды аңсағанда

Сағыныш мені өзіне тағы кетті алып,
Өлеңнен өзге дүние түгел шет қалып.
Ақ таңнан тұрып, аттанып кеткім келеді,
Сал самал жұтып,
Сағымды белді бетке алып.
Осы бір сәтте ақындық атты бақ дарып,
Шалқытып жатыр жанымнан жалын ақтарып.
Думанды ауыл, дидарың жатыр кеудемде
Тал бесіктегі таққан тұмардай сақталып.
Сергітіп ойды сен жақтан жылы жетті леп,
Сағынған шақта елжірейді екен ет жүрек.
Еске алдың ба екен ұшырған қарлығашыңды
"Есен-сау жүрсін, қайда да болса" деп тілеп.
Өзіңнің сыйың мендегі мынау бір өнер,
Шырайлы шағың жүрегіме жыр егер.
Сен жақта ерте еркелей ескен самалды
Аңсаған менің сағынышым деп біле бер.
Аңсағанменен арқамда жүрген жүк қайсы?
Өтелмей жатқан парыздай естен шықпайсың.
Шығыстан шуақ таратып атқан таңның да
Арайында арманым барын ұққайсың.
Сен жақтан келген құстар да қимай айтады ән,
Сапырылып жатыр сағыныш шабыт шайқаған.
Құба жондағы сапарға салған жолменен
Оралсам ба екен алтын ауылыма қайтадан?!

Күләш Ахметова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Жыр-ғұмыр
Алдыңғы мақала
Жыр-ғұмыр

Ұқсас жаңалықтар