Мемлекеттік қызметші мінсіз болуы керек
Өңірдегі жергілікті атқарушы органдарда қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактісі былтыр 14,3 пайызға жоғарылапты. Тарқата айтқанда, былтыр 2 287 мемлекеттік қызметшінің 23,9 пайызы (546) әкімшілік құқықбұзушылыққа жол берген. Әкімшілік құқықбұзушылық жасап жүрген мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі облыс аудандарында жұмыс істейді екен.
Мәселен, Талас ауданындағы мемлекеттік қызметшілердің – 43, Жуалы ауданында – 41, Меркі ауданында – 34,5, Мойынқұмда – 33,8, Т.Рысқұлов ауданындағы мемлекеттік қызметшілердің 30,2 пайызы әкімшілік құқық бұзған. Бұл туралы облыс әкімдігінде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңес отырысында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Әлібеков хабарлады. Жергілікті атқарушы органдардың орындаушылық тәртібіне жүргізілген зерделеу жұмысының нәтижесін баяндаған ол облыс әкімдігінің басқармалары ішінде жер қатынастары, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, экономика және бюджеттік жоспарлау, цифрлық технологиялар сынды басқармалардың қызметкерлері әкімшілік құқықбұзушылық жасағанын тілге тиек етті. Мысалы, осы басқармалар ішінде мемлекеттік қызметшінің жол ережесін бір емес, бес мәрте және одан көп рет бұзуы ойды он саққа жүгіртеді. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық, сол секілді жұмыс орнында мемлекеттік қызметшіге сай емес теріс қылық көрсеткендер де аталған басқармалардың қызметкерлері болып отыр. Одан бөлек облыс бойынша өткен жылдың ішінде жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету барысында қызмет көрсетудің 60 мерзім бұзу фактісі тіркеліпті. Нәтижесінде кемшілікке жол берген 22 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 21 қызметкерге әкімшілік айыппұл салынған. – Өткен жылы облыс әкімінің аппаратында 17 769 құжат тіркеліп, оның 12 438-і өз мерзімінде орындалса, қалғаны бақылауда тұр. Дегенмен Үкімет тарапынан түскен бақылауда тұрған құжаттардың 33-і кейбір салалық басқарма тарапынан белгіленген мерзімнен кеш орындалған. Оның ішінде басым бөлігі облыстық білім басқармасына тиесілі. Аталған басқарма 31 құжатты мерзімінен кешіктіріп орындаған. Сондықтан осы басқарма бұл мәселеге баса назар аударуы қажет деп санаймын. Мемлекет басшысы, ҚР Президенті әкімшілігі, Үкімет тарапынан облысқа қатысты 60 тапсырма беріліп, есепті мерзімде оның 17-сі орындалып, 38-і бақылауда тұр. Өткен жылы облыс әкімінің төрағалығымен барлығы 271 кеңес өтіп, 2 481 хаттамалық тапсырма берілген. Аталған тапсырманың 2 130-ы орындалып, 257-сі бақылауға алынса, 94 тапсырманың орындалуы белгіленген мерзімнен кешіккен. Мәселен, асарлатып үй салу, «Беккер» шұңқырын орнату және қаңғыбас ит-мысықтарды уақытша ұстау орындарын анықтау, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» сияқты тапсырмалар өз деңгейінде орындалмаған есебінде тұр, – деді Серік Айдарұлы. Осы мәселеге қатысты талдауды тереңдете түссек, облыс әкімдігінің білім, жер қатынастары, денсаулық сақтау секілді тағы да басқа бірқатар басқармалардың алды 7, арты 2 тапсырмадан орындамапты. Былтыр Ресейдің Санкт-Петербург қаласына екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту мақсатында облыстан арнайы делегация барғаны белгілі. Сол кезде облыс әкімі берген 22 тапсырманың бесеуі, Қатар мемлекетіне ұйымдастырылған осындай іссапардан туындаған 35 тапсырманың екеуі орындалмаған. Жалпы Тараз қаласы мен аудандарға өткен жылы барлығы 682 хаттамалық тапсырма берілсе, оның 82,5 пайызы шешімін тапқан, ал 48-і тиісті деңгейде шешім таппаған. Тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамау жөнінде Тараз қаласы 14 дерекпен көш басында тұр. Бұдан кейінгі орынға Қордай мен Сарысу ауданы 6 тапсырмадан орындамау есебінен жайғасыпты. – Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында халықтың әлеуметтік топтарының санатына жататын отбасы балаларының ата-ана төлемақысының 25 пайызын жергілікті бюджет есебінен өтеуге мәслихаттардың шешімдеріне өзгеріс енгізу, бюджет қаражаты есебінен ардагерлерді жылына бір мәрте санаторийге жіберіп тұру секілді тапсырмалар Тараз қаласы әкімдігі тарапынан орындалмай, тиісті мәслихат шешімдері шығарылмаған. Бұл жыл қорытындысы бойынша. Бірақ кеше ғана бізге Тараз қаласы әкімдігінен «бұл мәселе шешімін тапты» деген сарында қызметтік хат келді. Бір таңғаларлығы, қазіргі таңда мәслихаттың тарап кеткенін ескерсек, бұл мәселенің қалай шешімін тауып отырғаны түсініксіз, – деді С.Әлібеков. Жиында халықпен кері байланыс орнату, облыс көлемінде келіп түскен өтініштерді қарау, қоғамдық қабылдау өткізу, құқықтық-нормативтік актілерді әзірлеу секілді өзге де бірқатар мәселелер бойынша орын алған кемшіліктер жіпке тізілді. Әсіресе қаулының орындалуына жауапты басқармалар тиісті нормативтік құжаттардың жобасын әзірлеп, оны бекіттіруде айтарлықтай кемшілікке жол берген. Мәселен, әділет органдарына келісуге жолданған 261 жобаның 156-сы пысықтау үшін 320 мәрте кері қайтарылыпты. Ал жер қатынастары басқармасының жобасы 5-тен 8 мәрте, Байзақ ауданының жобалары 4-тен 5 мәрте, Тараз қаласының жобалары 2-ден 7 мәрте кері қайтарылған. Жобалардың кері қайтарылуына оның сапасыз әзірленуі, яғни заң техникасы мен қолданыстағы заңнамалардың сақталмауы және мәтінде грамматикалық, орфографиялық қателердің көрініс табуы себеп болған. Өз кезегінде Нұржан Молдиярұлы қатеге толы әзірленген құжатқа басқарма басшысынан бастап оның орынбасары, бөлім басшысы қол қойғанда мәтінді оқымайтынына қынжылды. Облыс әкімі мемлекеттік қызметшілер басқаларға барлық жағынан үлгі болуы тиістігін, өңірде жұмыстардың жемісті жүзеге асуы және тапсырмалардың нәтижелі орындалуы олардың білім-білігі мен қарым-қабілетіне байланысты екенін еске салды. Ауданда, облыс әкімдігі басқармаларының жұмысында олқылық орын алып жатқанына, әсіресе жұртшылық тарапынан келіп түскен өтініштер мен көтерілген мәселелерге жауап беруде тиісті мекеме басшыларының үнсіз қалатынына налыды. Атқарылып жатқан жұмыстарды көрсете білу әлеуметтік желідегі кері байланыспен тікелей байланысты екенін сөз етіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлсіздігін сынға алды. – Біз өткен жылы барлық саладағы мәселелерді талқылап, кемшіліктерді реттеу, жұмыстарды күшейту, жұмысқа деген көзқарасты өзгерту бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеген болатынбыз. Тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелерге де қатысты тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктелген. Дегенмен кейбір тапсырмалардың орындалмауының салдарынан нақты нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз. Сондай-ақ кері байланыс әлі күнге бір жолға қойылмады. Тұрғындар әлеуметтік желіде мәселе көтерсе, нақты жауап берілмейді. Олардың көшеге шыққанын күтпей, түсіндіру шараларын, атқарылып жатқан жұмыстарды алдын ала көрсету керек, – деді Нұржан Нұржігітов. Жиын қорытындысы бойынша жұмысы сылбыр бірқатар жауапты тұлғаларға тәртіптік шара қолдану үшін ұсыныстар әзірленетін болды.Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала