Әлеумет
Петропавл мектебіндегі оқиға: Әлихан Смайылов министрліктерге арнайы тапсырма берді
- author AR-AY
- 14 ақпан, 2023
- 207
Петропавл мектебіндегі оқиға: Әлихан Смайылов министрліктерге арнайы тапсырма берді
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Петропавлдағы мектепте болған оқиғаға қатысты министрліктерге арнайы тапсырма берді, деп хабарлады Arainfo тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.
«Бұл өте қауіпті жағдай. Халық арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіп барын көріп отырмыз. Сондықтан бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет. Бейне камералардың санын көбейтіп, мектептегі кіреберісте бақылауды күшейту мәселесін қарау керек», - деді премьер-министр Үкімет отырысында.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов министрліктерге арнайы тапсырма берді.
Ішкі істер министрлігі келісілген ұсыныстарды енгізсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды ерекше бақылауға алсын. Оқу-ағарту министрлігі, Ішкі істер және Төтенше жағдай министрліктері бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуі қажет. Балалар әртүрлі жағдайда өздерін қалай ұстау керегін нақты білуге тиіс, - деді ол.Еске салайық, 13 ақпанда облыс орталығындағы №4 мектепте 9-сыныпта оқитын жасөспірім үш оқушыны жарақаттаған. Жәбірленушілер облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, кәмелет жасына толмаған Д.-ны полиция ұстады. Алдын ала ақпарат бойынша кәмелетке толмаған Д. психиатриялық есепте тұрады.