Мамандық таңдау – өте ауқымды әрі күрделі мәселе. Мектеп бітірушілер тек өзіне ғана емес, бүкіл қоғамға қажетті мамандықты таңдап алуы керек. Ең көне мамандықтардың бірі – ұстаздық. Ол қай уақытта да сұранысқа ие болған және бола бермек. Жаһандану дәуірінің басты талабы – өркениетті қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу.
Сапалы маман даярлау жолында алдыңғы шепте жүрген республикамыздағы ірі жоғары оқу орындарының бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті. Осы оқу орнының «Педагогикалық психология» кафедрасынының профессор-оқытушылары да озық мамандар даярлауға өз үлестерін қосуда.
Жуырда «Мектеп-Колледж-ЖОО» сабақтастығы: психологиялық-педагогикалық қызметтің заманауи мәселелері» атты республикалық коллаборациялық тәжірибелік семинар өтті. Жиынға Алматы, Шымкент, Тараз қалаларының ЖОО профессор-оқытушылары, облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары, магистранттар мен студенттер қатысты. Семинар барысында білім беру саласындағы психологиялық өзекті мәселелер талқыланып, «Кәсіби бағдарланудың психологиялық тәсілдері» тақырыбында қатысушылармен психологиялық тренинг өткізілді.
Кәсіби бағдар беру жұмысы жас ұрпақтың саналы түрде болашақ мамандығын таңдауға үлкен мүмкіндік жасады. Психологиялық қолдаусыз жүргізілетін кәсіби бағдарлау жұмысы толыққанды нәтиже бере алмайды. Себебі оқушының кәсіп таңдауы тек ақпараттық сауаттылыққа ғана емес, сонымен бірге оның жеке тұлғалық ерекшеліктеріне, эмоциялық, отбасылық жағдайына, мотивациялық бағытына да тікелей байланысты.
Университетте мамандық пен кәсіпті таңдаудың психологияның жаңа саласы ретінде жүргізілетін «Кәсіби білім беру психологиясы» атты пәнінің алар орны ерекше. Мақсаты – мамандықты дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беру, мамандық әлемі туралы көзқарасын дамыту, оқу үдерісінде алған білімдерін тереңірек жетілдіріп, жан-жақты дамыған, кешегіні білетін, бүгінгіні саралай алатын тұлға қалыптастыру.
Қазіргі мектептерде психологиялық қолдаудың сапасын арттыру үшін психолог мамандарды кәсіби тұрғыда жетілдіру жолға қойылған. Сондай-ақ заманауи диагностикалық және кеңес беру технологияларын енгізу, ата-аналармен жүйелі ынтымақтастыққа қол жеткізу, мектеп пен жоғары оқу орындарының байланысын нығайту маңызды стратегиялық бағыт ретінде қарастырылған.
Еліміздің келешегі білімді, білікті жас мамандарға байланысты. Сондықтан оқу ордасында қоғамда болып жатқан өзгерістерге жаңаша көзқараспен, шығармашылық тұрғыдан қарай алатын, жеке тұлғаны қалыптастыруға баса көңіл бөлінеді.
Қорытындылай келе, жастарымызға болашақ мамандығын таңдауға жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Бұл әрбір адамның өміріндегі маңызды сәт, оны жіберіп алмау және таңдауға байыптылықпен қарау керек.
Патима МАХАШОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы




