Күн тәртібінде барлығы жеті мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша депутаттар 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізуді талқылады. Бұл түзетулер өңірдегі басым бағыттарды қаржыландыруды нақтылауға мүмкіндік береді.
Келесі кезекте 2026-2030 жылдарға арналған аймақтың даму жоспарына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Жаңартылған құжат өңірдің алдағы жылдардағы стратегиялық даму басымдықтарын айқындайды.
Сессия барысында Тараз қаласында инклюзивті спорт орталығын салу жобасы да кеңінен сөз болды. Аталған жоба «толық бітіріп берілетін» құрылыс қағидаты бойынша жүзеге асырылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар Жамбыл ауданының кейбір елді мекендерінің әкімшілік бағыныстылығын өзгерту және ауылдық округтердің шекараларын нақтылау мәселесі қаралды. Бұл өзгерістер өңірдегі басқару тиімділігін арттыруға ықпал етпек.
Депутаттар 2026 жылға арналған облыстық жер комиссиясының құрамын бекітіп, ауызсу қызметтерінің құнын субсидиялау мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Атап айтқанда, сумен жабдықтау жүйелері арқылы берілетін ауызсудың бір текше метріне төлемақы мөлшерін белгілеу туралы шешім қабылданды.
Сессия соңында бұрын қабылданған кейбір мәслихат шешімдерінің күшін жою туралы мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі барлық мәселе жан-жақты талқыланып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Бұл қабылданған шешімдердің өңір дамуына оң әсер ететініне сенім білдіреді.
Айжан ӨЗБЕКОВА




