Еліміздің 9 қаласында пияздың бағасы 2 есе артып отыр
Пияздың бағасы соңғы 12 айда 87% өскен. Тіпті бағасы аспандаған қантты 60%-ға дерлік басып озды. Кей жерде пияз тұрақты қорлардан сатыла бастаған. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Қостанайдағы дүкендердің біріндегі пияздың 1 келісі қазір – 260 теңге. Егер қаппен алсаңыз, жеңілдік жасалады. Сауда бөлімінің бастығы Константин Бурактың айтуынша, ол үшін дүрбелең туындап жатқан жоқ, адамдар 2-3 келіден алып жатыр екен.
Бұл ретте жұрт әлеуметтік бағадағы пиязды бірнеше сағат ішінде тез алып кетеді. Өйткені ондағы баға нарықтық құннан 2 есе төмен.
Тұрақтандыру қорынан тек 3 тонна ғана беріледі. Бағаны ұстап тұру үшін оны созып жатырмыз. Оңтүстіктен пияз келіп, баға төмендейді деп үміттенеміз. Кәсіпкерлік бөлімімен күн сайын әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының мониторингі жүргізіліп жатыр. Тұрақты қордан пияз түскеннен кейін дүкендерде бағаның төмендегені байқалады, – деді «Қостанай қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ басшысы Нұралы Есергепов.Сондай-ақ 1 жыл ішінде пияз бағасы Жезқазғанда да айтарлықтай артқан. Ондағы жылдық өсім – 200%-ға жуық. Содан кейін Тараз және Қызылорда көш бастап тұр. Бір аптада бұл көкөніс бағасының өсуін Атырау, Қостанай және Жезқазған тұрғындары көбірек сезінді. Жалпы, пияз елдің 9 қаласында 2 есе қымбаттады дейді сауда саласының мамандары. Еске сала кетсек, фермерлер «халық пиязды аз тұтынады» деп оның 70 мың тоннасын қоқысқа тастауға мәжбүр болған-ды...
Келесі мақала