Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жүгенсіз» белгілерді кім жөнге келтіреді?

«Жүгенсіз» белгілерді кім жөнге келтіреді?
ашық дереккөз
«Жүгенсіз» белгілерді кім жөнге келтіреді?
Бүгінде облыста автокөліктердің саны жылдан-жылға артып келе жатқаны белгілі. Ал көлік қозғалысын қала, мейлі даладағы жол болсын арнайы жол белгілері мен таңбалар, бағдаршамдар реттейтіні белгілі. Осы күні Тараз қаласының кейбір көшелерінде түсініксіз, ретсіз тұрған жол белгілерін көзіміз шалып қалатыны рас. Тіпті кейбір бағдаршамның жол сілтейтін бағыты жүргізушіні шатастыратындай жағдайда тұр. Осындай мәселемен редакциямызға Нұржан Телтаев есімді Тараз қаласының тұрғыны хабарласты. Ол Қойгелді – Төле би көшелерінің қиылысындағы бағдаршам көздерінің жану реті жүргізушілер арасында талас тудырып жатқанын айтты.

Көлік жүргізушілерінің айтары бар

– Қойгелді көшесі арқылы Сүлейменов көшесі жақтан Төле би көшесіне келіп тіреліп, бағдаршамнан солға бұрыларда қиналамыз. Себебі онда негізгі бағдаршамның жасыл түсі жанғанда жүргізушінің тіке жүруіне және солға бұрылуына рұқсат. Бірақ ол жерде солға бұрылу үшін қосымша бағдаршам орнатылған (1-сурет). Қосымша бағдаршам орнатылғаннан кейін жол ережесі бойынша жүргізуші оның жануын күтуі керек. Осы кезде арттағы тұрған көлік жүргізушілері шыдай алмай, жарығын жағып-өшіріп, «бипілдетіп» (сигнал басып), алдындағы көлікке «қозғал» деген белгі беріп, шыр-пыр болып жатады. Ал қосымша бағдаршам тұрған жерде оған бағынудан басқа біздің амалымыз жоқ. Бір жолы ыңғайсыз жағдайға тап болдым. Қосымша бағдаршамның жануын күтіп тұрсам, артымда тұрған бір көлік дыбыс дабылын қайта-қайта басып, бір кезде көлігінен түсіп маған келді. Сөйтіп, орнымнан қозғалуымды талап етіп, «жасыл жанғанда екі бағытқа да бұрылуға болады» деп тұтыға сөйледі. Көліктен түссем, тіпті жағама жармасатын түрі бар. Ал мен оған бағдаршамға бағыну әрекетім дұрыс екенін айтып түсіндіріп жатуға уақытым болмады. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Осының заңдылығын айтатын адам бар ма? – деді Нұржан Телтаев. Осыдан кейін біз бірқатар көлік жүргізушілерінен ретсіз орналасқан жол белгілеріне қатысты шағымы бар-жоғын сұрадық. Ақылбек Қабылбеков есімді жеке көлік жүргізушісі Тараз қаласында бірқатар жол белгісінің талапқа сай тұрғанына күмәнмен қарайтынын айтты. – Төле би көшесімен келіп, Әйтиев көшесінің бас жағынан бұрылғанда жолдың аурухана жақ бетінде екі бірдей тоқтауға болмайтын жол белгісі тұр. Бұл жерде жол белгісі неге екі жерде бірінен кейін бірі тұрғаны түсініксіз (2-сурет). Екі көшенің арасындағы жолға тоқтауға болмайтын бір ғана жол белгісі қойылса да жетеді ғой. Сол секілді кейбір көшеде жол жиегіндегі уақытша тұрақ маңына тоқтауға болмайтын белгі қойылып, оның астына тыйым салынған жол белгісіне дейін де, одан кейін де тоқтауға болмайтын таңба орналасқан (3-сурет). Сонда жүргізуші «парковкаға» тоқтамауы керек пе? Мұндай мысал «MART» сауда, ойын-сауық орталығы маңында да кездеседі. Сонымен қатар Қазыбек би көшесінің бойындағы көпқабатты тұрғын үй ауласына кірер тұсқа неліктен 20 метрге дейін тоқтауға болмайтын жол белгісі қойылған? Жол белгісі жол бойына орналасуы керек, ал тұрғын үй ауласына бұл жол белгісі қандай ережеге сай орнатылды? (4-сурет). Жол белгісі аулаға емес, жолға арналмаушы ма еді?! Сондай-ақ Әйтиев көшесінен орталық алаңға бұрылғанда тоқтауға болмайтын жол белгісі және оның астына қысқа «стрелка» бейнеленген тақтайша (бағыты жүргізушіге қараған) қойылған (5-сурет). Мұндай жол белгісі кез келген көшеде бар, оның да қандай қызмет атқарып тұрғаны түсініксіз. Мұны кейбір жүргізушілер жол белгісіне дейін тоқтауға болмайды деп түсініп, жол белгісінің арғы бетіне тоқтап жүр. Менің білуімше, бұл таңба жолдың ортасындағы жолаққа арналған. Сонда бұл «жолдың ортасына тоқтама» дегенді білдіретін белгі ме?! Тағы бір айта кетер жайт, жаяу жүргіншілер жолағында көлік неліктен жолды екіге бөліп тұрған қоссызықты жолақтың арғы бетінде келе жатқан жүргіншіні күтіп тұруы керек? Егер ережеге сүйенер болсақ, жаяу жүргінші көліктің өзіне жол беріп тұрғанына көз жеткізіп барып жолдан өтуі ескертілген. Сол секілді бағдаршамның жасыл түсі жанғанда оңға, солға бұрылған көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіні алыстан күтуіне тура келеді. Ол жүргінші жүріп өткенше кейде қызыл жанып қалады. Жолдың арғы бетіндегі жүргіншіні күтпесе, онда жол патрульдік полициясы айыппұл салуға дайын тұрады. Осы да дау туғызатын үлкен мәселе, – деді А.Қабылбеков. Батыржан Қайратұлы деген жігіт «Ұлы дала» ықшамауданында көлік соғып кеткен, жел майыстырған, теріс қарап қалған жол белгілері әлі күнге қалпына келтірілмей тұрғанын сөз етті. Одан бөлек Тараз қаласындағы «Сергек» бағдарламалық кешені астында бақылау камерасының фотосы болғанымен, жылдамдық шегін білдіретін 40, 60 деген белгінің болмау себебін білгісі келді. Айтуынша, мұндай санмен көрсетілген жылдамдық шегі Шымкент секілді қалаларда бар көрінеді. Сондай-ақ ол Сүлейменов көшесінің «Селпо» жақ аумағындағы жер үйлер орналасқан көше жиегіне тоқтауға тыйым салынған жол белгісі қойылғанын айтып, «Сонда жол бойындағы үй иелері өз көліктерін өз үйінің маңына қоя алмай ма?» деген уәжін алға тартты.

Тиісті мекеменің жауабы дұрыс па?

Осыдан кейін біз Тараз қалалық полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясының аға инспекторы, полиция капитаны Илхом Газиевке хабарластық. – Нақ осы факті бойынша Тараз қаласының «Селпо» аумағындағы Сүлейменов көшесінде тыйым салу белгілері бар екенін хабарлаймыз. Бұл белгілер Тараз қаласы әкімінің шешімі бойынша қойылды. Бұл жердегі белгі – 3.28. Себебі аталған маңда жүргізушілер жеке көлігімен заңсыз жолаушы тасымалдаумен айналысып жүр. Сонымен қатар Қойгелді көшесімен Төле би көшесіне қарай жылжып бара жатқан көлік Төле би көшесінен Желтоқсан көшесіне қарай солға бұрылғысы келсе, бағдаршамның негізгі жасыл сигналына да, қосымша сигналға да жүруге болады. Оған ҚР Жол қозғалысы ережесінде тыйым салынбаған. Өйткені көрсетілген учаскеде контурлық бағдаршам объектісі орнатылмаған және олардың түрлері жол қозғалысы ережесінің 37-бетінде бағдаршам мен реттеушінің сигналдары деген тұста көрсетілген. Әйтиев көшесіндегі облыстық аурухана жанында белгілеу сызығында олардың арасында алшақтық болуына байланысты екі белгі орнатылған, яғни бұрылу кезінде жүргізуші артқы жағында тыйым салу белгісі тұрғанын көрмеуі мүмкін. Ал Қазыбек би көшесіндегі жол белгісіне келетін болсақ, бұрын тұрғындар полиция органдарына және әкімдікке қолданыстағы жолды пайдалану жөніндегі 1412-2017 стандартының 4-тармағындағы талаптарға сәйкес тұрақта тұрған машиналарға шағымданған. Мұндай жағдайда аталған жол белгісін қоюға рұқсат етілген. Ал «Сергек» камераларына келетін болсақ, жолда жүру ережесі бойынша, егер жылдамдық режимін төмендететін жол белгілері болмаса, онда қозғалыс жылдамдығы сағатына 60 шақырым болып қала береді. Жалпы фотокамераларға қатысты «Сергек» камерасы қойылған жерлерде 5.42 жол белгілері бар. Егер жолдың белгілі бір бөлігінде қозғалыс жылдамдығын өзгерту қажет болса, онда сәйкесінше максималды жылдамдықты шектейтін тиісті жол белгісі орнатылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының елді мекен аумағындағы жүру режимі сағатына 60 шақырымды құрайды, яғни оны белгіленген «Сергек» тіркеу камералары аймағында төмендету қажеттілігі туындаса, онда Тараз қаласының полиция басқармасы ұйғарым беріп, Тараз қаласының әкімдігіне жолдайды. Бізге жолданған сұрақтарды зерделей келе, жолдың жүру бөлігі бойымен тоқтауға тыйым салатын белгіленген белгілерді түсіндіріп өткіміз келеді. Ол белгі – 3.27. Ал 7.14 тақтайшалары (5-сурет) жолақта тоқтауға тыйым салынатынын білдіреді. Автокөлік жүргізушілерінің көлік жүретін жолдың оң жақ бөлігіне көлігін тұраққа қойғандай тастап кетуіне байланысты кептеліс пайда болуда. Ал тұрақ үшін жеткілікті орын жоқ. 7.14 тақтайша жол бойында көлік қоюға тыйым салынғанын көрсетеді. Осыған байланысты шектеу шаралары енгізілді. 3.27 белгіленген белгілер фактісі бойынша, жолақта 7.14 белгісімен тақтайша тұрса, онда жолаққа тоқтауға тыйым салынады. Біз бұл белгілер қолданыстағы 1412-2017 стандартына сәйкес орнатылғанын ескертеміз. Онда оң жақта орнатылған белгі оның барлық бөлігіне жарамды екендігін көрсетеді. Бұл жол ережесінде анық жазылған, – деді ол. Десе де Илхом Газиев жол жиегіндегі уақытша тұрақ тұрған жерге қойылған тоқтауға болмайтын белгінің астындағы алды-артына тоқтауға болмайтын белгісі бар тақтайшаның дұрыс еместігімен келісті. Осы тектес кейбір мәселелер бойынша Тараз қаласы әкімдігіне ұсыныс берілгенімен, оларды өзгертуге қаржы қолбайлау болып отырғанын сөз етті.

Заңды білетіндер не дейді?

Осы ретте біз ҚР Жүргізушілер одағы облыстық филиалының төрағасы Амантай Досмаханбетұлына жолығып, ненің дұрыс, ненің бұрыстығын сұрап көрген едік. Ол Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 14 сәуірдегі ҚР Жол қозғалысы туралы 194-v Заңынан мысал келтірді. – Аталған заңдағы ҚР Жол қозғалысы ережесінің бағдаршамның сигналдары бөлігінде «5.1.3. Қызыл, сары және жасыл түстi бағыттаушы түрiнде орындалған бағдаршам сигналы тиiстi түстердегi дөңгелек сигналмен бiрдей мағыналас, бiрақ олардың күшi бағыттаушы көрсеткен бағытқа (бағыттарға) ғана қолданылады. Мұндайда солға бұрылуға рұқсат беретiн бағыттаушы егер бұған тиiстi жол белгiсiмен тыйым салынбаса, керi бұрылуға да рұқсат етедi. Қосымша секциясы бар жасыл бағыттаушы да осындай мәнге ие болады. Қосылмай тұрған қосымша секцияның сигналы осы секциямен реттелетiн бағыттағы қозғалысқа тыйым салынғанын бiлдiредi» деп атап көрсетілген. Демек, біз айтып отырған Төле би – Қойгелді көшелерінің қиылысындағы бағдаршам осы ережеге бағынады. Сондықтан жүргізуші қосымша бағдаршам жанбайынша солға бұрылуына болмайды. Егер солға бағыттаушы қосымша бағдаршамның шамы күйіп кетіп, жанбай қалса да оның қозғалуына құқы жоқ, – деді ол. Жаяу жүргіншілер жолағына қатысты пікір білдірген аталған филиал төрағасы егер адам жаяу жүргіншілер жолағында көлік келе жатқан жолақтан шықса, тоқтап, оны өткізуі керектігін айтады. Ал ол адам қарсы беттегі жолақта келе жатса, яғни көшенің келесі бетінен келе жатса, оны жүргізушінің күтіп тұруы міндетті емес. Егер жаяу жүргіншілер жолағына жақындаған көліктің жүргіншіге жол бермеуінен ол адам кілт тоқтаса немесе артқа шегінуге мәжбүр болса, онда бұл заңбұзушылық болып есептеледі. Негізінде адам жаяу жүргіншілер жолағында асықпай жүріп келе жатса, көлік жүргізушісінің де өте беруіне мүмкіндігі болып тұрса, бұл заң бұзғанға жатпайды екен. – Жол қозғалысы туралы ереже жазылған кітапта қозғалыс жолағына арналған таңбалар бар. Сіздің «қысқа стрелка» деп отырған 7.14 (5-сурет) белгісі бар тақтайша. Ол кітапта бұл «Жолақ қозғалысы» деп аталады. Оның жол белгісінің немесе бағдаршамның әрекетіне орай қолданылатын қозғалыс жолағы екені анық көрсетілген. Бұл көшенің ортасындағы жолаққа арналған тақтайша. Сондықтан ол жолдың ортасына қатысты жолдың төбесіндегі белгінің астына орнатылады. Мәселен, бір жолдың жүру жылдамдығы сағатына 110 шақырым болғанымен, ортадағы жолақпен көлікті сағатына 90 шақырым жылдамдықпен жүргізу ұйғарылса, сол жолаққа жоғарыдан 90 деген белгі қойып, астына осы тақтайшаны орнатады. Сонда осы жолақпен көліктер сағатына 90 шақырым жылдамдықпен ғана жүре алады. Сол секілді ортадағы жолақпен жүк көлігінің жүруіне тыйым салынса, сол жолаққа ауыр жүк көлігі жүруге болмайтын белгі мен осы тақтайша орнатылады. Қалған жолақпен ауыр жүк көліктері жүре береді. Ол тақтайша, тағы да айтайын, жолдағы жоғарыдан әрі көлденең тартылған темірлерге жол белгісімен бірге орнатылады. Мұндай тақтайшаны жолдың жиегіне қою қателік. Өйткені бұл ешқандай қызмет атқарып тұрған жоқ. Себебі тоқтауға тыйым салатын белгі ол тақтайша болмаса да өз қызметін жолдың сол жақ жолағына қатысты атқара алады. Негізі тоқтауға болмайтын жол белгісі бір көшеге орналасса, сол жерден бастап келесі көшенің қиылысына дейін тоқтауға тыйым салынады. Сондықтан бір көшенің бойына екі бірдей тоқтау белгісін қою – құр шығын. Егер екі тоқтауға болмайтын белгі қойылса, онда біреуінің астына міндетті түрде 10, 20 немесе 100-200 метрге дейін тоқтауға болмайтынын білдіретін тақтайша қойылуы керек. Ал тұрақ орналасқан жерге тоқтауға тыйым салынатын жол белгісін қойып, оған жол белгісінің алды-артына тоқтауға болмайды деп тақтайша орнату қате. Себебі осы тақтайша тұраққа да көлік тоқтауға болмайтын әсер береді. Сол үшін жол бойындағы тұраққа дейін қанша метр, яғни сол жерге тоқтауға болмайды деген тақтайша қоса ілінуі керек. Өйткені жол бойындағы тұраққа қойылған автокөлікке қатарласып, шеткі жолаққа көлік қою тоқтауға болмайтын жол белгі тұрса да, тұрмаса да заңсыз болып есептеледі. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйдің ауласына немесе арнайы үлкен автотұраққа бұрылар тұсқа тоқтауға болмайтын жол белгісін қою заңсыз. Бұл сол үйде тұратын ықпалды біреудің өтінішімен қойылған жол белгісі болуы мүмкін. Негізі жүргізушілер көтерген мәселе орынды. Кейбір көшеде тоқтауға тыйым салынатын белгінің астына 50 метр деген жазуы, екі шетінде «стрелкасы» бар тақтайша орнатып қояды (6-сурет). Бұл тақтайша жолдың екі бетіне бірдей тоқтауға тыйым салуға ықпал етпейді. Мұндай тақтайша көлікті басып озуға болмайды немесе мұнда аялдауға болмайды дегенді білдіреді. Көшенің бір бетіндегі тоқтауға тыйым салу белгісі жолдың келесі бетіне әсер ететіндей тақтайша орнату заңда жоқ, – деді А.Досмахамбетұлы.

Ретсіз тұрған жол белгісі мен таңбалар жойылуы керек

Осы орайда біз «Облыста қанша жол белгісі ретсіз, яғни заңсыз орнатылған?» деген сұрақты «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Қадыржан Мырзаевтан сұрадық. Ол жол сапасын және басқа да олқылыққа байланысты былтыр тапсырыс беруші мен мердігерлерге, тиісті мекемелерге бас-аяғы 127 хат жолданғанын сөз етті. Оның ішінде облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарда жол белгілері мен жол таңбасын тексеру нәтижесі бойынша кездескен олқылықты жою жөнінде де хат бар екен. Республикалық маңызы бар жолдағы жол таңбасы мен белгілерінің 29 пайызы талапқа сәйкес келмеген. Республикалық маңызы бар жолда тексерілген 1 514 жол белгісінің 443-і талапқа сәйкес келмепті. Ал Тараз қаласында ше? Бұл жөнінде біз сұрауды Тараз қаласы әкімдігінің «Медиа орталығына» жолдадық. Ол жақтан қанша жол белгі ретсіз екені айтылмағанымен, осы жылы жол белгілері мен таңбаларға қатысты атқарылатын жұмыс реті баяндалған жауапхат келді. Онда: «Өткен жылы Тараз қаласындағы техникалық реттеу құрылғыларына ағымды жөндеу, күтіп ұстау және қалпына келтіру қызметі бойынша 157 811,8 мың теңгеге мердігер «СтройМонтажGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалды. Тараз қаласы полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясы бөлімшесі қызметкерлерінің нұсқамаларына сәйкес 560 жол белгісі қойылды. 61 707,4 шаршы метр жол таңбаланды. 739,5 метр жасанды кедергі орнатылды. Жел салдарынан жұлынған 8 бағдаршам нысаны консольдері қалпына келтірілді. Жаңадан 2 жаяу жүргінші бағдаршамы іске қосылды. Соңғы 3 жылда қалада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 550,4 миллион теңге қаржы қарастырылған болатын. 2023 жылға жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 320 000 теңге қаралып отыр. Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы және Тараз қаласы полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясы бөлімшесінің ұсынысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялауға жолданды. Оның ішінде 1 775 жол белгісін, жаңадан 3 дана көлік бағдаршамын, 1 000 метр жасанды жол кедергісін орнату қарастырылған. Сонымен қатар бағдаршам нысандарына күтіп-ұстау, апаттық қалпына келтіру жоспарда бар. Тиісті жерлердегі жолды таңбалау, сары және ақ түспен бояу, суық пластикпен таңбалау қарасырылған. 2022 жылы Тараз қаласы полиция басқармасы жол-техникалық инспекция бөлімшесі 354 нұсқама беріп, бөлінген қаржыға сәйкес жұмыстар атқарылды. Қалған нұсқамалар қазіргі таңда мердігер тарапынан орындалуда», делінген. Біздің мақсат – тұрғындар көтерген мәселені тиісті орынға жеткізу, мәселенің оң шешім табуына ықпал ету. Олқылықтар осы жылы түзелер дейін десек, тұрғындар көтерген сауалға жауап берген Илхом Газиев пен А.Досмахамбетұлының жауабының дені бір-біріне кереғар болып отыр. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Сондықтан Тараз қаласы полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы мен Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері, автомектеп директорлары, заңгерлер бас қосып, осы мәселені пысықтамаса болмайды. Өйтпеген жағдайда ретсіз орнатылған жол белгілері көбейе беретіні даусыз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар