БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ – ТҰТАСТЫРАР ЕЛ ІШІН
Татулық пен тұрақтылықты бірінші орынға қою арқылы дау-дамайлардың, шиеленістердің алдын алуға болады. Бұл ретте атқарылып жатқан жұмыс көп.
Осыған орай «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде Тараз қалалық өзбек қауымы мәжілісінің жалпы жиналысы өтті.
Жиын барысында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сержан Сапарбайұлы өңіріміздегі ахуал бойынша этносқа бөліну және алалаушылықтың жоқ екенін айтты. Тұрмыстық жағдайда орын алатын шиеленістердің де шешімі бар екенін алға тартты. Сондай-ақ басқосуда Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Біржан Әлімбаев, Тараз қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Мергенбай Қойкенов, Тараз қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Нұржан Керебаев, Тараз қаласы экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы Бауыржан Танабаев, Тараз қаласы билер кеңесінің төрағасы Сатыбалды Досымбеков және «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Жалпы іс-шара екі бөлімді қамтыды. Бірінші бөлім азаматтық қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдар арасындағы диалог түрінде өрбіді. Жоғарыда аталған баяндамашылардың баяндамалары бірлік пен келісімді нығайту, шиеленісті жағдайлардың алдын алу, бейбітшілікті сақтау мәселелеріне арналды. Іс-шараға қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.
Екінші бөлімде «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Абдурахман Зайнутдинов 2022 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Одан әрі биылға арналған ұйымдастыру-тәжірибелік іс-шаралар жоспары бекітілді.
«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі орталығы
Келесі мақала