Қазандықтан кінә жоқ
Биыл қыстың мінезі жылдағыдан ерекше болып тұр. Екі-үш күн тоқтамай жауған ақ ұлпа қар айналаны бір пәсте ақ мамыққа орап, артынан түскен шақпа аяз жұртшылықты дірдек қақтырды. Әншейінде жауған-жауғанынша еріп, былжырап жататын жылбысқы қарға үйреніп қалған әулиеталықтардың мұндай күпсек қарды көруі сирек еді. Енді біршама уақыт жатса, мұның соңы қасат қарға айналатыны анық.
«Қыс қыстығын істемей қоймайды» дейді қазақ. Қар жауып, ауаның тазарғаны да жақсы. Алайда сақылдаған сары не тымырсық аяз далада қалып қойғандарды оңдырмайтыны анық. Ауа температурасы осы жолы күндіз –26-28°С, түнде –31-33°С-ға барғаны баршаға аян. Былай қарағанда аса қатты төмен температура жоқ. Бірақ жұрттың кейбірінің далада тұрған ескі-құсқы көлігі оталмай әуреге түсуі, енді бірінің суық үйде бүрсең қағуы «кәрі құданың» күшіне еніп тұрғанын көрсеткендей.
Бүгінде Тараз қаласында көпқабатты тұрғын үйлерге берілетін жылу жүйесіне қатысты тұрғындар арасында шағым пайда бола бастады. Мәселен, «Ұлы дала» (№15) ықшамауданындағы №1023 үйдің тұрғыны Шапағат Мұсаеваның айтуынша, қалаға жылу берілгелі әр күні әбігермен өтіп жатыр, осы аяз түскелі мұрнының ұшы бір жылымаған.
– Менің пәтерім бесінші қабатта. Негізі үйге жылу келіп тұр. Жылу батареялары ып-ыстық. Бірақ үйдің іші жылымайды, бөлме ішінде қалың киіммен жүреміз. Үйдің жылымауы тұрғын үйдің сапасыз салынуынан болып отыр. Пәтердің қабырғалары мұздай. Аяз түскелі терезенің төменгі жақтауынан жел уілдемес үшін көрпемен қымтап қойғанмын, қазір сол мұз болып қатып қалған. Шатырдағы, яғни төбемізге құйылған бетон (стяжка) әр-әр жерден жарылып кеткен, сол жерден су тамшылап тұр. Төбенің барлығы көгеріп жатыр. Өткенде жылу жүйесіндегі ауаны шығаратын құбыр жарылып кетіп, бірінші қабатқа дейін су басты. Оны мамандар шақыртып, дәнекерлеттік.
Жалғыз біз емес, осы үйдің және көрші тұрғын үйлердің де проблемасы осы. Қақаған аязға шыдай алмай облыс және Тараз қаласы әкімдігіне, прокуратураға, «AMANAT» партиясының облыстағы филиалына да шағымданып бардық. Ол мекемелердің бірінен «Бұл мәселе бойынша үйді салған мердігерге ескерту айтылады» деген жауап алдық. Неге оларға тек ескертіледі? Олқылықты түзеумен неге мердігер аяғына дейін айналыспайды? Біз удай ақшаға алған пәтерімізде бүрсең қағып қашанғы отыруымыз керек? – дейді ол.
Аталған тұрғын үйдің құрылысын жүргізген «СМК-4» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Мән-жайға қанығу үшін осы мердігер компанияның жауапты маманының байланыс нөміріне хабарласқанымызбен тілдесудің сәті түспеді. Есесіне Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің мамандары жағдайға қанық екенін сөз етті.
– «Ұлы дала» ықшамауданындағы №1023 үй мәселесінен хабардармыз. 3-4 тұрғыннан шағым болғаннан кейін біз бірнеше мәрте сол жерге барып, тұрғындармен кездескенбіз. Үй сапасыз салынды деуге негіз жоқ. Өйткені «Ұлы дала» ықшамауданындағы үйлердің барлығы бірдей технологиямен салынып жатыр. Мысалы, дәл сол №1023 тұрғын үйдегі кейбір пәтерлер жып-жылы, бөлмелері ұядай. Соңғы мәрте шағым бойынша мердігер компанияның мамандарын шақыртып, қуаттылығы жоғары сусорғы орнатқызғанбыз, – деді маманның бірі.
Бұл жауапқа қанағаттанбағаннан кейін қала әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаевқа хабарластық.
– Қалаға жылу берілгелі өзім «Ұлы дала» ықшамауданында бірнеше мәрте жұртшылықпен кездестім. «Тереземізден жел улеп жатыр» деп, осы аяз түскелі шағымданғандар да болды. Тексеру жүргізгенде қатты аяздан пластик терезелердің резеңкелері аяздан қатып қалғанын байқаған кезіміз де болды.
Ал №1023 тұрғын үйге келер болсақ, олар қандай шағым айтса, сол бойынша олқылық біздің және мердігер компанияның тарапынан артынша жөнделіп жатты. «СМК-4» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұрғын үйлерде өздерінің жұмысына қатысты олқылық шықса, оны қалпына келтіруде. Егер сіздерге хабарласқан тұрғындар нақты бір мәселемен бізге шағымын қалдыратын болса, біз оны реттеуге дайынбыз. Дегенмен аталған мекенжайға қазір мамандарды өзім жіберемін, тұрғындардың шағымы тыңдалады, жағдай зерделенеді, кем-кетік болса түзеледі, – деді Нұрбол Бекежанұлы.
Бұл жаңадан салынған ықшамаудандағы жаңадан пайдалануға берілген тұрғын үй мәселесі. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, жағдай бақылауда. Ал басқа ықшамаудандарда жағдай қалай болып жатыр? Біз осыған назар аударғанда суықтан қабат-қабат көрпе жамылуға мәжбүр болғандарды «Қаратау» ықшамауданы №11 үйден кезіктірдік.
– 52-пәтерде тұрамын. Асүй мен жатын бөлмеде ғана жылу бар. Қалаға жылу берілгелі үйдегі жылу температурасы көтерілген емес. Зал мен тағы бір бөлмеміздегі жылу батареяларын қолмен ұстасақ, қанжылым ғана болып тұрады. Аяз түскелі үй қатты суып кетті. Үйде қабат-қабат көрпе жамылып жатамыз, күндіз қалың киіммен жүреміз. Мектеп жасында үш балам бар, солардың денсаулығына алаңдаймын, – дейді Мөлдір Сырымбетова.
54-пәтер иесі Жамбыл Мұрат та бөлмелері айтарлықтай суып кеткенін, үйді жылытудың амалын таппай отырғанын сөз етті. Біз осы тұрғын үй бойынша басты жауапты Айсара Тоқманбетоваға жолықтық. Ол өзінің де залы жылымай тұрғанын, бар кінә тікқұбырдан екенін әңгімеледі.
– Бұл үйдің салынғанына 50 жылдан асты. Тікқұбырын ауыстырған тұрғындар жып-жылы үйде отыр. Мен өзіме дейінгіні ауыстырғаныммен салқын болғаны болған. Осы жазда үйіне 2-3 миллион теңгеге қатырып тұрып жөндеу жұмыстарын жүргізгендер де болды. Солар сонша ақша шығарып отырса да тікқұбырын ауыстырмапты. Енді дірдек қағып отыр. Сол үшін тұрғындар ұйымдасып, бірауыздан тікқұбырды ауыстыруы қажет.
Жақында «Жамбыл-Жылу» мекемесінің мамандарын осында шақырттық. №1 жылыту қазандық арқылы таратылған жылу қуаты тұрғын үйдің іргесіндегі құрылғыда +65-70°С-ға дейін барғанына, қатты суықта ол жоғарылайтынына көзімізді жеткізді. Бұл қазандықтан келетін жылуда кінәрат жоқ деген сөз. Десе де кейбір пәтерлерді күмән бойынша тексергенде өз пәтеріндегі жылу батареясына ыстық суды бөгеп, қайта ашу үшін кран орнатып қойғанына куә болып, жағамызды ұстадық. Ол керек кезінде жылуды өзінде ұстап тұрып, үйі қатты ысығанда ғана жылуды көршілеріне жіберіп отырған. Осындай мәселе де алдымыздан шықты, – деді А.Тоқманбетова.
Біз «Қаратау» ықшамауданы бойынша «Даму» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Жандос Жарасовты да сөзге тарттық.
– Жертөледе ешқандай мәселе жоқ, ол жақтағы тікқұбырды өз қаражатымызға түгелдей ауыстырып тастағанбыз. Өйткені «Жамбыл-Жылу» мекемесі бізге жылуды сапалы жеткізгеннен кейін бізден де кінә болмауы керек. Өткенде жылуға қатысты шағым түсірген №11 тұрғын үйге «Жамбыл -Жылу» мекемесінен арнайы инженерлер мен слесарьларды шақыртып, жағдайды зерделедік. Сол кезде ақау тұрғындар кінәсінен болып шықты. Мәселен, әр бөлмедегі жылу батареяларының температурасы әркелкі болуы немесе оның бірде ысып, бірде сууы құбырдағы ыстық су айналымының жүйесіздігін көрсетеді. Егер жылу батареясы қоңыр салқын немесе мұздай болып тұрса, ең алдымен, бесінші қабаттағы пәтердің және сол жерден, яғни жоғарыдан төмен түскен жертөледегі жылу құбырының ауасын шығару керек. Осыны жасамағандар да кезікті. Сосын ең басты мәселе – пәтерден пәтерге өтетін және тік тұрған жіңішке жылу құбырларының бойына қақ толып қалып жатады. Сол үшін негізгі тікқұбырларды жаңасына алмастыру қажет. Ал кейбір тұрғындар тікқұбырларды және КСРО дәуірінен қалған шойыннан жасалған жылу батареяларын ауыстырмағаны белгілі болды. Тұрғындарды да түсінуге болады. Қазіргі таңда барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі. Десе де амалын тауып құбырларды, ескі жылу батареяларын ауыстырып алса, мұндай мәселе туындамайды, – деді Ж.Жарасов
Расында да мұндағы тұрғындармен сөйлесу барысында олардың кейбірінің пәтері жылы екенін, жылуға қатысты еш шағымы жоқтығын аңғардық. Біздің пайымымызша, «Қаратау» ықшамауданы №11 тұрғын үйде суықтан бүрсең қаққан жұрттың өздері жылыту маусымына дайындалмаған секілді. «Даму» пәтер иелері кооперативінің төрағасы жаз айларында тікқұбырды және жылу батареяларын жаңасына ауыстыру туралы түсіндіру жұмысы жылда жүргізілетінін айтады. Ол тікқұбырларды ауыстыру құны, яғни жоғары немесе төменгі қабатқа қатысы жоқ жұмыс ауқымы бір нүкте көлемінде болса, ақысы 10 мың теңге екенін, бірақ мамандар 7 мың теңгеге ауыстыратынын, сол секілді бір жылу батареясын да осы көлемдегі ақыға ауыстыртып беретінін жеткізді. Аяз сынып, арада сәл жылымық уақыт пайда болса болды, осы жұмыстарды атқаруға болатынын тәптіштеді.
Бір айта кетер жайт, қандай да бір тұрғын үйде пәтер жылымайтын жағдай туындағанда көршілер бірінің пәтерін бірі ұялмай тексергеннің сөкеттігі жоқ сыңайлы. Себебі базбіреулер өз пәтеріндегі жылу батареясына кран орнатып немесе еденге жылу жүргізу арқылы қулыққа басуы да мүмкін. Әсіресе көпқабатты үйде еденіне жасырын жылу жүргізгендерді заңды жауапкершілікке тарту керек. Ең бастысы, әр адам жаз айында пәтері жылу қабылдайтындай қамданып, қысқа сақадай сай отыруы қажет-ау.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала