NEET ЖАСТАРДЫҢ ДА ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАЙТЫН КҮН ЖАҚЫН
Өткен жылы Қазақстанда жастар санаты үшін жас шегін арттыратын заң жобасы әзірленді. Заң жобасын Парламент Мәжілісі мақұлдап, Сенаттың қарауына енгізді. Заңның басты жаңалықтарының бірі – жастар жасын 35 жасқа дейін ұлғайту болмақ. Осылайша жастарды мемлекеттік қолдау көлемі екі есеге жуық өсті. Тиісінше жастардың саны ұлғайған сайын олардың жұмысқа орналасу ауқымы да кеңейе түсетіні анық. Жалпы бүгінгі таңда елімізде жастарды, әсіресе NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамтуға айрықша көңіл бөлінуде.
Әлемнің барлық елінде жұмыс істемейтін, оқымайтын, қандай да бір іске қызығушылығы жоқ жастар тобы қалыптасқан. Бұл топқа халықаралық қоғамдастық «NEET» (Not in Empoloyment. Education or Training) деген айдар тағып, атау берген. Елімізде жыл өткен сайын аталған санаттағы жастардың саны күрт өсуде. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміз жұмыссыздықпен күресте NEET санаттағы жастарға баса назар аударады.
Осыған байланысты «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында жүзеге асатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағыты 2025 жылға қарай NEET жастар көрсеткішін 5 пайызға дейін төмендетуді көздеуде. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов те жастарға арналған жобаның бірнеше бағыты бойынша «Facebook» парақшасында жазба қалдырды.
«Өздеріңіз білетіндей, мектеп, колледж, университет адамның таным-көкжиегінің, білімінің іргетасын қалап, белгілі бір мамандық иесі болуына септігін тигізеді. Бұл жастардың болашақта қызмет етіп, карьерасын құруына мүмкіндік жасайды. Дегенмен тәжірибесіз бәрі бірдей жұмысқа тұра алмайтынын да білеміз. Осы үшін NEET жастар ұғымы (оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігі жоқ жастар) заңнамалық түрде бекітілген. Жастардың басым бөлігін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша олардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Осылайша жастар саны 5,7 миллион адамға дейін өсті. Осы мақсатта бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Атап өтер болсақ, 2022 жылдың наурыз айынан бастап «Жастар практикасы» (6 айдан 12 айға дейін, 25-тен 30 АЕК-ке дейін) және «Алғашқы жұмыс орны» (12-ден 18 айға дейін, 20-дан 30 АЕК-ке дейін) жобалары бойынша ұзақтығы мен жалақысы ұлғайтылды. Бұл шаралар 177 мыңнан астам жасты жұмысқа (оның ішінде 107 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындарына) орналастыруға мүмкіндік берді», деді А.Көлгінов.
Әрине, жастар – қоғамның қозғаушы күші. Алайда оларға да қолдау керек екені айдан анық. Ал қолдаудың нәтижесі жұмыспен қамту десек, облысымызда 2023 жылдың бірінші қаңтарына дейін 29-ға дейінгі 29 252 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.
Ал облысымызда NEET санатына жататын 917 жас бар екен. Ондай жастармен Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығы тарапынан ұлттық жоба аясында жоспарға сай жұмыстар жүргізілуде.
– Тараз қалалық жастар ресурстық орталығынан келіп түскен жастардың тізімі бойынша, қазіргі таңда NEET санатына жататын 72 жас орталық тарапынан ұсынылған жұмыстардан бас тартып, өз бетінше жұмыспен қамтылған. Ал 35 жас орталық арқылы жолдама алып, жұмыспен қамтылды. Қалған 649 жас белсенді шараларға тартылды. Қалған NEET санатына жататын азаматтарды белсенді шараларға тарту мақсатында жұмыстар жүргізілуде, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бөлімінің басшысы Нұрбек Байдаулетов.
Мұның бәрі мемлекет тарапынан жастарды қолдау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар. Сондай-ақ облысымызда жастарды бос уақытында еңбекке баулуға бағытталған «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмысын ұйымдастыруға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 116,4 миллион теңге бөлініп, 1 765 жас маусымдық жұмыспен қамтылған. Оның ішінде NEET санатындағы 149, пробация тізімінде тұрған 20 жас бар.
Сонымен қатар облысымызда енді жұмыссыз жастардың ортақ тізімін жасап отыратын электронды база іске қосылмақ.
– Басқарма тарапынан уақытша бос жүрген жастардың базасын жүйелендіру және жұмыс сапасын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының ұсынысымен республика көлемінде алғаш рет уақытша бос жүрген жастардың автоматтандырылған электрондық деректер базасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жоба облыс әкімінен қолдау тауып, облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесе әзірлеу жұмыстары қолға алынуда. Жоба құны шамамен 5-10 миллион теңге. Жобаға республика көлеміндегі бірқатар деректер базасы интеграцияланады. Жоспар бойынша базаны мүмкіндігінше автоматтандыруды көздеп отырмыз. Базаға жұмыссыз, оқымайтын, ұйымдаспаған, пробацияда есепте тұрған және тағы да басқа санаттағы жастар енгізіледі. Сондай-ақ уақытша бос жүрген және жұмыссыз жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында өңірлік жаңа жобалар әзірлеу, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға бағытталған, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жастармен жұмыс жүргізуге бағытталған жобаларды әзірлеу және іске асыру көзделуде, – дейді облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.
Аталған электрондық деректер базасы 2023 жылы іске қосылады. Онда уақытша бос жүрген жастардың аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы, байланыс нөмірі, әлеуметтік статусы және басқа да деректері енгізіледі. Яғни базаға деректерді енгізу үшін Тараз қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының бекітілген мамандары өздеріне берілетін кілт арқылы кіреді. Сонымен қатар базадан әр өңірдің уақытша бос жүрген жастарымен жүргізілген адрестік жұмыстардың шынайы картинасын көруге болады.
Ал жастар ресурстық орталықтары базаға енгізілетін жастардың әлеуметтік статусын анықтау бойынша және мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктерін түсіндіру бағытында кеңес, бағыт-бағдар беру жұмыстарын жүргізеді. Әрі база арқылы жұмыспен қамту орталықтары да азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартып, нәтижесін базадан көру мүмкіндігіне ие болады.
– Пилоттық жоба болғандықтан база тұрақты жетілдіріп отыруды талап етеді. Сондықтан жастар саясаты мәселелері басқармасы жүйені орталықтан бақылап, мониторинг жүргізіп отырады. Базадан анықталған жұмыссыз, оқымайтын жастар тиісті органдармен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, оқуға ниетті жастар кәсіптік-техникалық білім алуға жіберіледі. Сонымен қатар бұл арқылы жастарды мерзімді жұмыспен қамту шараларына тарту арқылы жұмыс тиімділігі артса, бір жағынан жеке деректердің қолдан-қолға тарауының және жалған ақпарат пен артық есептіліктің алдын аламыз. Әрі бұл базаның тиімділігі сол, уақытша бос жүрген жастармен жұмыс жүргізудегі жергілікті жерлердегі әкімдіктердің жұмыс нәтижесі нақты көрінеді, – дейді Жомарт Дүйсенұлы.
Биыл облысымызда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастардың кәсіпкерлік бастамасын арттыру және қолдау мақсатында жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беру шарттары да қарастырылуда. Несие сомасы – 5 жылға дейінгі мерзімге 5 миллион теңге.
Алдағы уақытта шағын несиелеу шарттары қабылданған жағдайда жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету мақсатында 347 жасқа, оның ішінде жұмыссыз және 3 жылға дейінгі кәсіппен айналысып жатқан жастарға 1 миллиард 735 миллион теңге жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі.
Қазіргі таңда Тараз қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарының мамандарымен уақытша бос жүрген жастарды анықтау бойынша адрестік талдау жұмыстары жүргізіліп, талдау нәтижесі бойынша 258 164 жастың әлеуметтік картасы жасалыпты. Ал облыс көлемінде жүргізілген адрестік талдау нәтижелері бойынша уақытша бос жүрген 3 059 жас анықталып, аталған санаттағы жастардың тізімі облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жолданған. Нәтижесінде қазіргі таңда уақытша бос жүрген 1 033 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала