 
                                        
Су ресурстары және ирригация министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің, шаруалардың өзара үйлесімді жұмысының арқасында биылғы вегетация маусымы тұрақты өтті. Осы жылғы суару маусымында республика бойынша барлығы 11 миллиард 10 миллион текше метр су пайдаланылыпты. Оның басым бөлігі, яғни шамамен 98 пайызы еліміздің оңтүстік өңірлерінің еншісіне тиген. Мәселен, Алматы облысында 136 мың гектар жер суарылып, шаруалардың қажетіне 1 миллиард 600 миллион текше метр су берілген. Жетісу облысында 140 мың гектар егістік алқаптына су жеткізіліп, 1 миллиард 200 миллион текше метр су жұмсалған. Қызылорда облысында вегетация кезеңінің қорытындысы бойынша 125 мың гектар егістік жер суарылып, пайдаланылған су көлемі 3 миллиард 500 миллион текше метрді құрапты. Сол секілді Түркістан облысында шамамен 400 мың гектар алқапқа су беріліп, жалпы 3 миллиард 400 миллион текше метр су жұмсалған. Ал Әулиеата өңірінде шамамен 79 мың гектар жерге су беріліп, «Тасөткел» суқоймасынан және Шу мен Талас өзендерінен барлығы 1 миллиард текше метрден асатын су алынған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, биылғы вегетациялық кезең оңтүстік өңірлерде күрделі климаттық жағдайда өткен. Соған қарамастан бірлесе атқарылған жұмыстар нәтижесінде судың әділ бөлінуі қамтамасыз етіліпті. Бұл мақсатта арнайы 4 жұмыс тобы құрылып, су каналдары арқылы суды кезекпен беру кестелері бекітілген екен. Сорғы қондырғылары мен тік дренаж жүйелері іске қосылып, сушаруашылығындағы ахуал күн сайын бақылауда болған. Сонымен қатар коллекторлық-дренаждық сулар да қайта айналымға қосылып, егіс алқаптарын суаруға пайдаланылыпты. Мұның бәрі суды үнемдеп, өнімділікті арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесі екені анық.
Биылғы вегетациялық кезең өз өңіріміздің шаруалары үшін де үлкен сынақ болды. Соған қарамастан диқандар маусымды абыроймен аяқтап отыр. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалы өңірдің шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету үшін 1 миллиард 24 миллион текше метр су алған. Осы арқылы облыстағы егіс алқаптарының ылғалдандырылуына мол мүмкіндік берілген. Филиал мамандары көктем басталғаннан-ақ әр арнаның, әр каналдың жағдайын бақылап, су айналымын реттеп отырыпты. Әрбір шаруа қожалығымен жеке келісімшарт жасалып, барлығы 3 мың 903 келісімшарт бекітілген екен. Бұл өңірдегі суару жұмыстарының жүйелі жүргізілгенін көрсетеді. Бүгінгі күнге дейін 78 мың 300 гектар егіс алқабы суарылып, диқандар өз өнімін жинап үлгеріпті.
Облыс шаруалары көбіне көпжылдық шөп, көкөніс және жүгері егеді. Оның ішінде картоп, сәбіз, пияз сияқты дақылдарға ерекше көңіл бөлінеді. Диқандардың айтуынша, биыл табиғаттың мінезі қаталдау болса да, өнім мол болған. Мұны судың уақытылы берілуінің арқасы десек болады. Жуалы ауданында он бес жылдан бері картоп өсіріп келе жатқан диқандар бар. Биыл өнім гектарына 250-300 центнерден айналыпты. Бұл соңғы жылдары министрлік тарапынан бақылау күшейіп, жағдай әлдеқайда жақсарғанын аңғартқандай.
– 15 жылдан бері картоп егіп келеміз. Бұрын 5 гектар егіп жүрсек, биыл 7 гектарға дейін ұлғайттық. Өнім жаман емес, гектарына 250-300 центнерден алдық. Биыл құрғақшылық болғанымен, өніміміз мол шықты. Бұл ең алдымен дер кезінде су жеткізіп берген «Қазсушар» ұжымының еңбегі. Қажет болған сәтте суымызды уақытылы беріп отырды, ешқандай проблема болған жоқ. Министрлік құрылғаннан бері жағдай тіпті жақсарды, – дейді осы аудандағы «Көктөбе» шаруа қожалығының басшысы Алтынбек Саяхов.
Суару маусымы аяқталысымен шаруалар келесі жылға дайындықты бастап кеткен. Олар алдағы уақытта егістік көлемін ұлғайтып, өнім сапасын арттыруды көздейді. Ең бастысы биылғы тәжірибе көрсеткендей, су дұрыс бөлінсе, еңбек те еш кетпейді, жер де жарылқауын тоқтатпайды.
Бір айта кетер жайт, жыл сайын вегетациялық кезеңде кейбір аймақтарда суды заңсыз сатып, пайда табуға тырысатындар көбейетіні белгілі. Мұндай әрекеттер диқандардың еңбегіне кедергі келтіреді, ал су тапшылығы кезінде бұл өте күрделі жағдайға айналары сөзсіз. Сол себепті Су ресурстары және ирригация министрлігі «судың қара нарығына» қарсы күресті күшейткен болатын. 2025 жылғы суару маусымында министрліктің бассейндік инспекциялары су заңнамасын бұзған адамдар мен ұйымдарға 310 айыппұл салған. Жалпы айыппұлдың көлемі 58 миллион 300 мың теңге болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Мысалы, 2024 жылы заң бұзғандарға бар болғаны 188 айыппұл салынып, оның жалпы сомасы 15 миллион 800 мың теңге болған еді. Демек, биыл бақылау қатайып, жауапкершілік те артқан.
Министрлік бұған дейін де оңтүстік өңірлерде судың әділ бөлінуін қадағалау үшін арнайы төрт жұмыс тобын құрған. Олар жаз бойы сушаруашылығының жағдайын бақылап, қай жерде қандай мәселе туындаса, дереу араласып отырған. Соның арқасында көп өңірде судың жетіспеушілігі сезілмеген.
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, министрлік бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастырады.
– Қазір ҚР Бас прокуратурасы, құқық қорғау органдары және басқа да мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, судың «қара нарығына» қарсы күресті күшейту бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып жатыр. Алдағы уақытта заңсыз су алу мен сату деректерін анықтау және алдын алу үшін нақты шаралар қабылданады. Бұл бағытта бірлескен алгоритм әзірленіп, тұрақты түрде бақылау жүргізіледі, – деді ол.
Негізінде келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап суармалы су беру бойынша «Қазсушар» РМК мен су пайдаланушылар арасындағы келісімшарттар тек онлайн форматта жасалмақ. Бұл шара судың «көлеңкелі нарығына» тосқауыл қою мақсатында қолға алынып отырғаны сөзсіз.
Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі өтінім қабылдау, келісімшарт жасау және төлем жүргізу үдерістерін автоматтандыруға арналған арнайы биллинг жүйесін әзірлеп жатыр екен. Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін «Қазсушар» РМК су пайдаланушылармен электронды келісімшарттар жасайды. Ал төлемдер екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асады.
Министрлік биыл қараша айында биллинг жүйесін пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов: «Келесі жылдан бастап барлық келісімшарт электронды форматта рәсімделуі керек. Бұл талап шаруа қожалықтарына, өндірістік кәсіпорындар мен басқа да су пайдаланушыларға бірдей қолданылады. Төлем де тек қана электронды түрде жүргізілуі керек. Бұл бөлінген су ресурстарының ашықтығы мен нақты есебін қамтамасыз ету үшін қажет. Бұрынғы келісімшарттарды да жүйеге енгізу қажет», – деген еді.
Саладағы жаңашылдықтың біріне тоқталсақ, енді Су кодексіне сәйкес, өнеркәсіптік және жылу энергетикасы саласындағы кәсіпорындар 2027 жылдың 10 маусымына дейін суды қайта немесе айналмалы пайдалану жүйелеріне көшу жоспарын әзірлеуге міндетті. Бұл арнайы су пайдалану рұқсатын алу үшін қажет талаптардың бірі. Жоспар бекітілген күннен бастап бес жылдан кешіктірілмей нақты іске асырылуы тиіс. Бұл талаптан тек суды қайта және айналмалы пайдалану жүйесімен жұмыс істейтін және судың мақсатсыз ысырабын барынша қысқартқан мекемелер ғана босатылады.
Егер су жеткізуші кәсіпорын өнеркәсіптік тұтынушыларға су жеткізу қызметін көрсетсе, жасалатын келісімшарттарда су тұтыну мен су бұрудың меншікті нормаларын әзірлеу және ұсыну шарттары міндетті түрде қамтылуы тиіс. Бұл нормалар бес жыл мерзімге есептеліп, судың артық шығынын азайту мен арнайы су пайдалану рұқсатын алуды жеңілдетуге бағытталады.
Суды қайта және айналмалы пайдалану жүйесіне көшу жоспарларын әзірлемеген немесе жүзеге асырмаған жағдайда, Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейн инспекциялары арнайы су пайдалану рұқсатын беруден немесе ұзартудан бас тартуға құқылы.
– Мұндай жоспарлардың болуы кәсіпорындардың су үнемдеу технологияларын енгізуге және елдің су ресурстарына түсетін жүктемені азайтуға дайын екендігін көрсетеді. Су кодексіндегі жаңа нормалар бұрынғыдай тек ресми сипаттағы талап емес, нақты міндет пен заңды күшке ие құралға айналды. Тарихта алғаш рет су үнемдеу технологияларын енгізуге және су қорын сарқылудан қорғауға бағытталған құқықтық ынталандырулар мен санкциялар жүйесі құрылды. Бұл мемлекетіміздің су саясатының стратегиялық мақсаттарына толық сәйкес келеді, – дейді Нұрлан Алдамжаров.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ






