Жаңа тариф саясаты түсіндірілді
Президент Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифі саясатына көшу керектігін Үкіметке тапсырған еді.
Мұның қалай жүзеге асатынын өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Бек Момбаев, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбеков түсіндіріп берді.
Бек Төлендіұлының баяндауынша, табиғи монополиялар саласын реттеудің бір бөлігі ретінде бірқатар реформалар ұсынылады. Мәселен, меншік иелерінің есебінен саладағы инвестицияны ұлғайту, табиғи монополиялар және әлеуметтік маңызы бар нарықтар саласындағы қызметкерлердің жалақысының деңгейін арттыру, табиғи монополиялар саласына озық инновацияларды енгізуді ынталандыру арқылы одан әрі реттеуді жүзеге асыру, табыстың белгілі бір үлесін сақтай отырып, меншік иелерінің шығындар үлесін қайта бөлу есебінен инвестициялардың ұлғаюы, тұтынушылар топтары арасындағы тарифтер деңгейін теңестіру жолымен тарифтерді кросс-субсидиялаудан біртіндеп бас тарту, желілердің тозу көрсеткіштерінің төмендеуі.
Спикердің айтуынша, биыл Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасына тариф белгілеу саласындағы реформаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша түзетулер әзірлеуде. Заңға тәуелді актілерге және табиғи монополиялар туралы заңнамаға табиғи монополия субъектісі өндіріс қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру бөлігінде өзгерістер енгізілді. Тұтынушылардан түскен инвестицияланған қаражатқа қоғамдық бақылау қамтамасыз етіледі.
– Бүгінде біз коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігіне әсер ететін желілердің әбден тозғанына куә болып отырмыз. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша желілердің тозуын кезең-кезеңімен кем дегенде 15 пайызға азайту жоспарлануда.
Тұтынушыларға қызмет көрсету саласында иесіз желілер мәселесі әлі күнге өзекті болып келеді. Осыған байланысты табиғи монополиялар субъектілерінің иесіз желілерді теңгерімге немесе сенімгерлік басқаруға қабылдау тетігі әзірленді. Бұл осы желілерді ұстау шығындарын тарифке қосу арқылы көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттырады. Әрине, бұл бағдарламаларды жүзеге асыру тарифтің өсуіне әкеледі. Дегенмен тарифтердің белгілі бір көтерілуі туралы айтуға әлі ерте, өйткені әрбір жағдай инженерлік инфрақұрылымның техникалық жағдайына және экономикалық көрсеткіштеріне байланысты жеке негізде қарастырылады, – деп атап өтті Б.Момбаев.
Болжамдар бойынша, тарифтердің өсуі энергия өндіруші ұйымдардың бағасының өсуіне, желілердің тозу деңгейіне, өңірдің қажеттіліктеріне және табиғи монополия субъектілерінің өтініштеріне байланысты орташа алғанда 10-20 пайызды құрауы мүмкін.
Бұл ретте тарифтерді бір мезетте 2-3 есеге өсірмеу үшін тарифтерді көтеру 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бағаның күрт өсуінен халық қорықпауы үшін тұтынушылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ескерілген. Бұның экономикалық тиімділігі дәлелденген.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Орынбекұлы сумен және су бұрумен жабдықтау, табиғи газбен жабдықтау, электр, жылу желілері бойынша облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ