Спикердің айтуынша, Ақсүйек ауылына су тарту, жабдықтау жұмысына жалпы 1 386,7 миллион теңге жұмсалыпты. Бүгінде құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Нысан осы айда пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Ақбақай, Хантау, Бурылбайтал ауылдарында да су жүргізу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Аудандағы жергілікті маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 984,6 шақырым қашықтықты құраса, осы жылы бұл салаға 390,7 миллион теңге бөлініпті. Нәтижесінде 9 ауылішілік көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Биназар ауылындағы ұзындығы 1,1 шақырым көшені жөндеуге 50 миллион теңге бөлініп, жұмыс толық аяқталған. 2 жоба үшін облыстық және аудандық бюджеттен 172,5 миллион теңге қаралып, ол жұмыстарды келесі жылы аяқтау межеленген екен. Сонымен қатар аудандық маңызы бар автожолдарды және елді мекен көшелерін орташа жөндеуге арналған 15 жоба әзірленсе, оның алтауына сараптаманың оң қорытындысы алынған, қалғаны сараптамадан өтуде.
– Радай өзені арқылы өтетін көпірдің құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталды. Қарабөгетке кіреберістегі көпір бойынша да жұмыстың тең жартысы еңсерілді. Ауданымыздағы көпбалалы және әлеуметтік осал топтарға 20 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 294 миллион теңге және аудандық бюджеттен 27,5 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта баспананы жеке кәсіпкер өз қаражатына салып жатыр. Пәтерлер мемлекеттік сатып алу конкурсына шығарылып, тиісті азаматтарға «Отбасы банкі» арқылы берілетін болады. Экономиканың жетекші салаларында өнеркәсіп өндірісі, негізгі капиталға салынған инвестициялар, бөлшек сауда айналымы айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Су мен газ инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда, жол және энергетика салаларында да елеулі жұмыстар атқарылуда, – деді Ермек Амангелдіұлы.
Ауданда ауылшаруашылығы, тұрғын үй құрылысы, көлік және инженерлік инфрақұрылым салаларында да айтарлықтай жетістік бар.
Сымбат ҚУАНЫШ



