Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Эпидахуал тұрақты

Эпидахуал тұрақты
Автор
Биылғы эпидемиологиялық маусымда 1-30 қазан аралығына дейін облыстағы медициналық мекемелерге 30 046 науқас жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) диагнозымен жүгінген. Жұқпалы ауру жұқтырғандардың 18 310-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Сонымен қатар, 1 жасқа дейінгі сәбилер арасында 1 679 жағдай тіркеліпті. Ал жүкті әйелдер арасында 303 жағдай есепке алынған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек айтты.

Сержан Сәрсенбекұлының айтуынша, зертханалық тексеріс нәтижесінде 12 науқаста тұмауға жатпайтын вирустар, ал 5 науқаста тұмау вирусы анықталыпты. Осылайша өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда биыл ЖРВИ аурушаңдығы 8,5 пайызға артқан.

– Барлық науқастарға клиникалық хаттамаға сәйкес ем тағайындалды. Бүгінгі таңда 449 науқас стационарлық ем қабылдауда. Олардың арасында коронавирус немесе метапневмовирустық инфекциямен ауырғандар жоқ. Өлім-жітім жағдайы тіркелмеген. Биылғы 3 қарашадағы жағдай бойынша облыста барлығы 714 инфекциялық төсек дайындалған, оның 49-ы – жедел респираторлық вирустық инфекция диагнозы бар науқастарға, 152-сі – пневмониямен ауыратын тұрғындарға арналған. Инфекциялық төсек қорының жүктемесі 28 пайыз, бос резерв – 513 төсек. Қосымша 60 реанимациялық орын бар, олардың төртеуі ғана пайдаланылуда, 56 төсек резервте. Инфекциялық стационарлар қажетті жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген. Жұмыс жағдайында 300-ден астам өкпені жасанды желдету аппараты, 4 мың пульсоксиметр, 400 мыңнан астам жеке қорғаныс құралдары мен бетперделер бар. Сондай-ақ 300 мың шпатель, 10 мыңнан астам термометр, кварц шамдары мен ауа залалсыздандырғыш рециркуляторлар, дезинфекциялық құралдар да әзірленген. Бұған қоса, 10 мыңнан астам инфекционист-дәрігер, жалпы тәжірибелік учаскелік дәрігер және басқа да медицина қызметкерлері дайындықтан өткен. Науқастардың шақыруларын уақытылы қабылдау үшін қосымша 49 байланыс телефоны бөлінген, сонымен қатар онлайн жазылу, CALL-орталықтар жұмыс істейді, 60 автокөлік жұмылдырылған. Амбулаториялық деңгейде ЖРВИ-мен ауырғандар 150-ден астам мобильді бригадалармен үйде қаралады. Алғашқы медициналық санитарлық көмек мекемелерінде фильтр-кабинеттер мен изоляторлар, стационарларда диагностикалық палаталар және жеке қабылдау бөлмелері жұмыс істейді, – деген басқарма басшысы тұмаудың және оның асқынуларының алдын алудың ең тиімді тәсілі вакцинация екенін жеткізді.

Қыркүйек-қараша айларында жүргізілген екпе жұмыстары кезінде барлығы 123 мың доза тұмауға қарсы вакцина сатып алынып, бүгінгі таңда 99 430 адамға егіліпті. Сонымен қатар, 2025 жылы облыс бойынша 15 073 бір жасқа дейінгі бала пневмококк инфекциясына қарсы бекітілген кесте бойынша 3 толық дозамен егіліпті.

Мұнан соң баспасөз мәслихатында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Сағыныш Нұрғабылова баяндама жасады. Сағының Қабылтайқызының айтуынша соңғы тәулікте жұқпалы аурулар ауруханасына 214 науқас қайырылған. Оның ішінде 58 адам ауруханаға жатқызылып, 156 пациентке консультациялық және амбулаториялық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберіліпті.

– Бұған дейін тәулігіне орташа есеппен 150-180 адам келіп жүрген болатын. Қазір өсім бар, бірақ жағдай толық бақылауда. ЖРВИ жағдайының көбею мүмкіндігін ескере отырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы алдын ала іс-қимыл жоспарын бекіткен. Бұл жоспар үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде, егер облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қорының 70 пайызы толса, ЖРВИ-ға арналған төсек саны көбейтіліп, ішек инфекциясына арналған төсек саны қысқартылады. Қабылдау тоқтамайды. Екінші кезеңде, толымдылық 95 пайызға жеткен жағдайда, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы қосымша 190 төсек орнымен іске қосылады. Үшінші кезеңде, жағдай одан әрі қиындаса, Жамбыл және Байзақ аудандарының стационарлары қосымша тартылады. Бүгінгі таңда төсек қоры жеткілікті, дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер толықтай жұмысқа жұмылдырылған. Барлық алгоритм нақты бекітілген, ахуал жіті назарда, – деген баяндамашы соңғы тәуліктерде көптеген науқастар емханаларға бармай, бірден инфекциялық ауруханаға келуі кезек күтуге себеп болып, тұрғындар арасында наразылық туындауына себеп болып жатқанын жеткізді.

Осы орайда бас дәрігер барлық емханалар кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтінін, ЖРВИ белгілері бар әр науқастың міндетті түрде ауруханаға келуі шарт еместігін ескертіп өтті.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар