Меркідегі жастар орталығына маман тұрақтамайды
ГАЗЕТІМІЗДІҢ ӨТКЕН НӨМІРІНДЕ Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ҒИМАРАТЫНЫҢ ҚҰЛАЙЫН ДЕП ТҰРҒАНЫН ҚАУЗАҒАН ЕДІК. БҰЛ ЖОЛЫ МЕРКІ АУДАНДЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА АЙЛЫҚ ЖАЛАҚЫНЫҢ АЗДЫҒЫНАН МАМАН ТҰРАҚТАМАЙ, ОНЫҢ САЛҚЫНЫ ЖҰМЫСТЫҢ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУІНЕ ТИЕТІНІН ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЖЕТКІЗГІМІЗ КЕЛЕДІ.
Әңгімені әріден бастасақ, Меркі ауданында жастар ресурстық орталығы 2006 жылы ашылып, 2007 жылы тіркеуден өткен. Құжаттары дайындалып, 2017 жылы Меркі ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і болып өзгертіледі. Осы аралықта жалынды жастар қоғамның дамуы, еліміздің өркендеуі үшін қай жағынан еңбек етіп, іске кірісу керектігін жүйелеп, бірқатар жұмыстарды атқарады. Алғашқы директор Бақыт Ахметов орталықты 4 жыл басқарады. Одан соң Ғалымжан Керімқұлов 6 жыл меркілік жастардың көшін бастайды. 10 жылдан соң бұл мекеме атауы өзгеріп, Еркебұлан Базарбаев директоры болып тағайындалады. Екі жылдан соң Расул Маллабаев орталықтың тізгінін ұстайды. Содан бергі 3 жылда аталмыш орталықта 3 рет директор ауысқан. Атап айтсақ, Расул Маллабаев 6 ай ғана, Ерболат Дүйсенқұл 2 жыл, Жансұлтан Жамалбек 1,5 жыл басқарып, кеше ғана, яғни 18 тамызда Нұрбол Сұлтаналиев орталық директоры болып тағайындалды. Осы орайда меркілік жастар орталық директорының жиі-жиі ауысуы жалақының төмендігінен орын алып отырғанын айтады.
– Негізі жастар ресурстық орталығы қызметінің негізгі нысаны – жастарға әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыру. Жастардың рухани және дене дамуына, кәсіби даярлығы мен өзінің интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетіндегі мүмкіндігін жүзеге асыру үшін қажетті экономикалық, әлеуметтік, құқықтық жағдай жасау да басты мақсат. Сонымен қатар жастар саясатын іске асыру саласында туындайтын проблемаларды шұғыл шешуге басымдық беріледі. Осы бағытта аудан жастары ауқымды істерді жүзеге асырып келеді. Алайда жалақы мардымсыз. Нақтырақ айтсам, орталық директоры 102 751 алса, ал орынбасары 100 000, бөлім басшылары 92 000, жоғары білімді мамандар 82 000, орта білімділері 66 000 теңгемен жұмыс істеп отыр. Қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғанда, мұндай жалақымен отбасын асырау оңай емес. Айлық жалақының аздығынан көп мамандар қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Біздің мекемеде тіпті, 1 апта ғана еңбек еткен мамандар бар. Мәселен, Ақтоған ауылдық округінің маманы Аслан Жомартов бір апта ғана жұмыс істеді. Жаңатоған ауылдық округінің маманы Мақсат Карипбаев 1 ай ғана орталықта қызмет етті, – дейді Меркі аудандық жастар ресурстық орталығы ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Олжас Тойбаев.
«Жастар саясаты саласында еңбек етіп жүрген мамандардың жалақысы көтерілуі мүмкін бе?» деген сауалды облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасына жолдадық. Басқарма басшысы Серікбол Берікқожа:
– Жастарды толғандырған мәселені айтып, министрлікке ұсыныс бергенбіз. Ең алдымен жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін Жастар саясаты туралы Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі керек. Бұл мәселе 2022 жылдың аяғына дейін мәжілісте қаралып, мақұлданады деген үмітте отырмыз. Онда «Жастарға қызмет көрсету» деген қызметтік атау болады. Осы атау берілген соң олардың әлеуметтік қызметкер ретінде жалақысы өседі. Басқарма басшысы қызметіне тағайындалған бойда-ақ жалақы мәселесін көтергенмін. Жалақыны көтерудің бір жолы – жергілікті өкілді органның, яғни мәслихаттардың шешімімен 25 пайыздық ауылдық квотаны қосып беруге болады. Квота тек аудандық ресурстық орталық қызметкерлеріне арналған. Бұл бойынша басында тиісті жұмыстар жүргізілген, бірақ экономика бөлімдері, мәслихат қолдау білдірмеді. Сондықтан бастамамыз жарты жолда қалып кетті. Енді қазір үнемделген қаржы есебінен жалақыларына 50 пайызға дейін қосымша ақы қосу қарастырылып жатыр. Ал негізгі жалақы азаматтық қызметкерлер айлығының өсуіне қарай келесі жылы көтеріледі деген жоспар бар. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Ж астар саясаты туралы Заң қабылданғанда, жалақыларының нақты көлемінің индексі ауысып, есептеу технологиялары өзгеріп, әлеуметтік қызметкерлердің айлығымен теңестіріледі деп күтудеміз, – дейді.
Бұл мәселеден бөлек, орталықтың ауылдық округтердегі инспекторларының материалдық-техникалық базалары мүлдем жаңартылмаған. Мекеменің теңгерімінде «Лаda» маркалы екі көлік бар. Екеуі де жөндеуді қажет ететін жағдайда екен.
Меркі ауданы халқының 21,6 пайызын құрайтын жастар қайырымдылықпен де, волонтерлік қызметпен де, түрлі кәсіби кеңес берумен де айналысып келеді.
Осыдан үш жыл бұрын облыс әкімдігінің қаулысымен «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасын іске асыру мақсатында ауданда «Қамқор» қайырымдылық дүкені ашылған. 2019 жылы дүкеннен 160 отбасы киім-кешек, 52 отбасы азық-түлік алса, 2020 жылы керекті киім-кешекпен 62 отбасы және азық-түлікпен 27 отбасы қамтылған. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында керекті киім-кешекті 12 отбасы және азық-түлікті 7 отбасы алған. Алайда биыл ол дүкен жұмысын уақытша тоқтатыпты.
Жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасақтарын құру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде жалпы 60 жас маусымдық жұмыспен қамтылған.
Ағымдағы жылы аудан жастарымен тығыз жұмыс жүргізу үшін «Жас патриот» жобасы ұсынылып, іске асырылуда. Осы жобаға «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі», «Жас жұмысшылар клубы», «Ж ас пікірсайысшылар к лу бы» біріктіріліп, жоспары мен ережелері негізінде ортақ жұмыстар жүйесін іске асыру қалыптастырылған. Бұл бойынша барлық ауылдық округте жұмыс жүргізілуде. Мұндағы мақсат – жастардың бойында саясатқа деген құштарлықты арттыра отырып, жас буынның саясатты дұрыс түсінуіне мүмкіндік жасау. «Жас патриот» жобасының құрамына ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, спорт, денсаулық және білім салаларындағы қызметк ерлер, ауыл имамдары енгізілген.
– «ММ-МЕРКІ» сауда орталығында жастарды мемлекеттік бағдарламалармен таныстыру мақсатында «Жолдау – дамудың жаңа бағыты» тақырыбында кеңес беру алаңы жұмыс істеді. Кеңес беру алаңына аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі, «Отбасы» банкі, «Ұшқын» жастар денсаулық орталығы, пробация бөлімі, халықты жұмыспен қамту бөлімінің мамандары қамтылды. Биылғы жылдың басында 9 күн бойы барлық ауылдық округте «Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау және еркін форматта пікір алмасу» тақырыбында ауыл тұрғындары және жастармен кездесулер өткізілді. «MERKI ERIKTILERI» волонтерлер қозғалысы құрылып, аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен 32 отбасыға азық-түлік таратылды. 17 жалғызілікті қарттың үй шаруасына көмек көрсетілді, – дейді Олжас Бақытұлы.
Қорыта айтқанда, жалақының мардымсыздығына қарамай мұндағы жастар жұмыс істеп, жүктелген міндеттің үдесінен шығып отыр. Әйткенмен, мамандар жиі ауысатыны істің алға басуына да кесірін тигізбей қоймайтынын ескерейік.
Қамар ҚАРАСАЕВА, Меркі ауданы
Келесі мақала