Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жалған құжат жарға жығып жүрмесін

Жалған құжат жарға жығып жүрмесін
ашық дереккөз
Жалған құжат жарға жығып жүрмесін
Адам болған соң ауырмай тұрмайды. Ондайда жұмыс істейтіндерге ем алатын мекемесінен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы ашылып, ол күндері үшін жұмыс орнынан ақы төленеді. Бұл – барлық азаматтың құқы. Алайда сол құқықты пайдаланып, сырқаттанбаса да еңбекке жарамсыздық парағын аштыратындар бар екен. Оның да өзіндік бағасы бар көрінеді. Біз осы мәселені зерттеп көрдік.  Осы орайда әлеуметтік сауалнама жүргізіп, бірнеше кісіден «Еңбекке жарамсыздық парағын алып көрдіңіз бе?» деп сұрағанымызда біразы шынымен ауырып, аштырғанын айтты. Ал тағы бір кісілерден «Жеке шаруаларым шығып, жұмыстан 2-3 күнге сұрана алмағандықтан, дәрігермен келісіп, аштыртқаным бар» дегенді естідік. Алайда көшеде кездескен кісілерге аты-жөндерін атамауға уәде бергендіктен, түсін түстеп, атын атай алмаймыз. Жалған «больничный» аштыратындардың айтуынша, бұдан біраз бұрын 1 күнге 600 теңге төлесе, қазір оның бағасы күніне 1000 теңгеден болыпты. Қазір барлық іс қағаздары электронды түрде жүргізіледі, тіркеледі. Адамды алдағанмен техниканы қалай алдауға болады? Осы сауалды дәрігерлерге қойып көрдік. – Денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын жалған ашу мүмкін емес. Себебі қазір бәрі цифрланған. Науқас учаскелік дәрігеріне қаралғанда, расымен жұмыс істеуге жағдайы келмейтін болса, уақытша еңбекке жарамсыздық парағына арнайы нөмір қояды. Ол қағазды бөлім меңгерушісі растап, бекітеді. Сол нөмірмен «Damumed» медициналық қызмет көрсету порталына да тіркеледі. Ал науқастың жағдайын тек учаскелік дәрігері ғана қарап қоймай, бөлім меңгерушісі де қарайды. Бөлім меңгерушісінің журналына да әлгі арнайы нөмір тіркеледі. Порталда, парақшада және бөлім меңгерушінің журналында нөмірі сәйкес келуі керек. Ауырмаған адам оны бүгін келіп, алдағы күнге немесе өткен күнмен аштыра алмайды, себебі ашылған күн де әлгі нөмір секілді бірден жазылады. Мұндай қадағалаумен жалған парақ аштыру мүмкін емес деп ойлаймын, – дейді Тараз қалалық №2 емхананың дәрігері Мухлиса Иманалиева.  Осы емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Гүлжанар Шарапова жалған еңбекке жарамсыздық парағын ашып көрмегенін айтты. – Ол тек бір дәрігердің ғана қолында тұрған жоқ қой. Сондықтан ондай жалғандыққа бару оңай емес. Өз тәжірибемде ондай жағдай кездеспепті. Егер науқас дене қызуы көтерілген, қан қысымы түскен немесе көтерілген, жиі құсып немесе іші өтіп жатқан, ауырсыну болып тұрған секілді жедел көмекті қажет ететіндей жағдайда не болмаса жарақат алған болса уақытша еңбекке жарамсыздық парағы ашылады. Сонымен қатар созылмалы аурулардың асқынуы кезінде де ашылады. Және отадан шыққан, күтімді қажет ететін болса да жұмысынан ақылы негізде уақытша босатылатын анықтамалық құжат бере аламыз. Егер жұқпалы ауруға шалдыққан болса да науқастың жағдайы жақсы болғанымен індет тарату қаупі болғандықтан оқшаулау мақсатында еңбекке жарамсыздық парағын ашамыз. Мұндай жұмысқа уақытша жарамсыз деп танылған науқастың жағдайын уақтылы бақылауда ұстаймыз, – дейді Гүлжанар Нұралықызы. Бармақ басты, көз қысты әрекеттердің жолын кесу үшін қаншама қадағаланатын шаралар жасалғанымен де ебін тауып, амалын асыратындар барын әлеуметтік сауалнама жүргізгенде байқағанымызды жоғарыда айтып өттік. Мұндайда жалған «больничныйдың» зардабын әсіресе мектептер тартатын көрінеді. Денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын аштырғандардың салдарынан оқушылар тиісті дәрістен қағылады. Сондықтан бірінің сабағын бірі өтетін мұғалімдер орындарын жиі ауыстыратынын мектеп директорлары ашына айтты. Ал Тараз қалалық №47 орта мектептің директоры Айжан Әбдешова 56 күндік еңбек демалысын алып отырып та денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын аштыратындар барын жеткізді. –  Менің бір түсінбейтінім – мұғалімдердің 2 айға жуық еңбек демалысын ала отырып, еңбекке жарамсыздық парағын аш тыратын ы. Еңбек демалысы денсаулығын түзеп, тынығу үшін беріледі емес пе? Тек биылғы жылдың өзінде 5-6  мұғалімнен жұмысқа жарамсыздық парағы түсті. «Демалыста отырып, бұл не үшін керек?» десем, заңгердің айтуынша сол күндерін кейін еңбек демалысынан соң ақысыз негізде алып, демалуына болады екен. Енді ол заңды құжаттарымен реттелгендіктен ештеңе дей алмаймын, әрине, әркімнің де өз құқығы ғой. Дегенмен жүктелген міндетке жауапк ершілікпен қарау керек. «Өйтіп-бүйтіп уақытты өткізсем болды» деген немқұрайдылықтан аулақ болған жөн. Мұғалім жасөспірім балаларға білім беріп, тәлім үйрететіндігімен де мәртебелі мамандық. Арқалаған атымызға, алған ақымызға адал болайық дегім келеді. Еңбекке жарамсыз парағын әкелгендердің бәріне де «Оқу жылы басталғанға дейін, мектепке оқушылар келгенше демалыстарыңызды алып алыңыздар, оқу басталғанда мұндайды доғарайық!» деп отырмын. Өз басым әрнені сылтауратып, жұмыстан қашқанды ұнатпаймын, – дейді Айжан Әбдешова.  Осы тұста біз еңбек инспекторының да пікірін білгенді жөн көрдік. – Науқастың жағдайына қарай ең қысқа мерзім 3 күнге еңбекке жарамсыздық парағы ашылады, алайда кейбір науқастарға екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген аурулардың түрлері де бар. Егер жас балалы болса, бала үш жасқа толғанға дейін денсаулығына байланысты күтіміне жарамсыздық парағын аштыруға болады. Ол күндердегі төленетін ақыға келсек, бір айға төленетін жәрдемақының мөлшері тиісті жылғы айлық есептік көрсеткіштің он бес еселенген шамасынан аспауға тиіс. Алайдақызметкердің еңбек жарақатына немесе кәсіби науқастануына байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері орташа жалақының жүз пайызын құрайды. Жұмыскердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауруы салдарынан туындаған кезде жәрдемақы Кодекстің 190-бабы 1-тармағына сәйкес өндірістегі жазатайым оқиға туралы акті болған кезде тағайындалады және еңбекке қабілетсіздік басталған алғашқы күннен бастап жұмысқа шыққанға немесе мүгедектік белгіленгенге дейін төленеді. Осы Еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидалары 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 16-бабы 32-тармақшасына және 133-бабы 5-тармағына сәйкес әзірленді. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы тағайындаудың және төлеудің тәртібін айқындайды. Жәрдемақы еңбекке уақытша қабілетсіздік парағында белгіленген мерзімге жұмыс істейтін орны бойынша төленеді. Егер адам бірнеше жұмыс берушіде жұмыс істейтін болса, жәрдемақы әрбір жұмыс орны бойынша тағайындалады және төленеді. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы мынандай жағдайларда төленбейді. Біріншіден, заңды күшіне енген сот үкімімен кінәл і ек енд ігі анықталған жағдайда, өзінің қылмыстық құқықбұзушылық жасау кезінде алған өндірістік жарақаттарының салдарынан еңбекке уақытша қабілетсіздігі туындаған жұмыскерге берілмейді. Және соттың ұйғарымы бойынша жұмыскерді мәжбүрлеп емдеген (психикалық науқастардан басқа) уақыт үшін, заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен жұмыскердің кінәлі екені анықталған жағдайда, ол қамауда болған уақыт үшін және сот-медициналық сараптама жасалған уақыт үшін жәрдемақы қарастырылмайды. Сондай-ақ жұмыскер алкогольді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынуы салдарынан туындаған аурулардан немесе өндірістік жарақаттардан еңбекке уақытша жарамсыз болғанда және жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін де ақы алмайды. Сонымен қатар жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен сәйкес келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін және бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысына жәрдемақы төленбейді, – дейді облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы мониторинг және құжаттама бөлімінің бас маманы-мемлекеттік еңбек инспекторы Жанат Мұхатаева. Яғни 3-5 күнге еңбекке жарамсыздық парағын аштыратындар жалақыдан көп мөлшерде қағылмайды. Жалған «больничный» алудың тиімді тұсы осы болса керек. Әрине, бәрі де заң аясында жүрсе, оған ешкімнің де дауы жоқ. Дегенмен әлгінде ұстаз айтқандай, алған жалақыға адал, жүктелген міндетке шынайы жауапкершілікпен қарағанға не жетсін. Қамар ҚАРАСАЕВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар