Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МҮШЕЛ ЖАС ҚАУІПТІ МЕ?

МҮШЕЛ ЖАС ҚАУІПТІ МЕ?
ашық дереккөз
МҮШЕЛ ЖАС ҚАУІПТІ МЕ?
Қазақтың ұлттық ұғымында мүшел жасты адам жасын есептеудің үлгісі санайды. Ғылым да осы қағиданы тапқыр санақ деп мойындайды. Мүшел жастың ерекшелігі неде? Не себепті қазақ мүшел жасты «қатерлі, қауіпті кезең» санайды? Мақаламызда осы сауалдарға толығырақ жауап беріп көрсек. Қазақша жыл санау есебінде 12 жыл аты болса, олар туралы деректер VIII ғасырдағы «Күлтегін» ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі. Махмұт Қашқари «Диуани лұғат ат-түрікте»: «Ертеде бір қаған ел басынан өткен елеулі оқиғаның қай жылы болғанын уәзірлерінен сұрайды. Ешкім дәл жауап бере алмайды. Содан ақылды патша бізден кейінгілер жаңылыспасын деп жылды 12 айға бөліп, оған 12 жануардың атын беріп және аспандағы 12 шоқжұлдызға негіздеп атауды ұсынған», деп жазады. Этнографтар келтірген деректерге сенсек, адамның 13 жасқа толуы алғашқы мүшел аталып, кейінгі мүшел жасы 12 жыл қайталанған сайын есептеледі. Алғашқы мүшел жас – 13, одан кейінгілері 25 – екінші, 37 – үшінші, 49 – төртінші, 61 – бесінші, 73 – алтыншы, 85 – жетінші, 97 – сегізінші, 109 тоғызыншы мүшел жасы деп жалғасып кетеді. Әр мүшел ішінде адамның өзіне тән ерекшеліктері мен болмысы қалыптасады. Қазақ бір мүшелге толған баланы «қозы жасқа толды», «қозыбағар болды» деп мал бағуға, малға қарауға қабілетті жаста деп есептейді. Он үш жаста «отау иесі» деп қарайтыны сондықтан. Ал бір мүшелге толған қыз баланы «ошақ ұстар», «қазан қайнатар» жасқа толды деп есептейді. Келесісі 25 жас ақ-қараны ажыратып, жақсы-жаманды бағамдай алатын шақ. Бұл жасты өмірдің екінші буыны санап, садақа беріп, қимас бір затын жақын жандарына сыйлап жатады. Бұл ақылы толысып тұрған шағында тіл-көзден қорғанғандығы болар. 37 мен 49 жас ел ағасы атанып, өзгелерге жөн-жоба, өнеге көрсетер кезде де садақа беру сауапты іс саналады. 61 ата жас, 73, 85 қарттық кезеңге келеді. Қазақ есепшілері адам баласының 100 жасын бір ғасыр ғұмыр деп есептейді. Осы 100 жастың алғашқы 50 жасын «ұйқылы өмір» немесе «барзақ ғұмыр», қалған 50 жасын «ояу тірлік» немесе «саналы ғұмыр» деп есептейді. Ал ояу тірліктің 15 жасын ойнақтаған балалық, 75-тен асқанын жер таянған кәрілік, сонда ортасын «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп есептейтіні содан. Қазақ мүшел жасты «қатерлі жас», «қауіпті кезең» деп есептеген. Адамның өмірі әр он екі жылдан бір қайырылғанда қамыстың буын-бунағына ұқсайды деп қараған. Өмірдің де буынын мүшел жас деп санаған. Бұл жасында әр адам сақтанып жүреді, алыс, ауыр сапарларға шықпайды. Ауа райының қолайсыз кезеңдерінде абайлап жүреді. Қазақтардың бұлай сақтануы негізсіз де емес. Өйткені әр 12 жылда адам ағзасында үлкен өзгеріс болып тұрады екен. Оны ертедегі шығыстық ғалымдар анықтаған. Мүшел жасқа толған адамның бағалы дүниесін жақынына сыйға беруі керек екені жиі айтылады. Мүшел жасқа шыққан кезде адам өзінің қимайтын бір затын жолдас-жорасына, тілеуін тілеп жүретін қарияға, құрбысына немесе ауылдағы дуалы ауызды адамға беріп, содан бата алған. Бұл рухани тұрғыда желпініп, сергек жүріп, өз бағытын дұрыстау жолында жасалған іс. Адам қимас затын садақаға бергеннен кейін көңілі кеңейіп, сергіп қалады екен. Өзіне төнген қауіп-қатер, сырқат садақа арқылы кетеді деп сенген. Үлкендердің айтуынша, бұл сыйлық – аман-саулық, бақыт жолындағы ізгілік. Бүгінде мүшел жасты қалай қарсы аламыз? Осы тұрғыда тұрғындар пікіріне құлақ түріп көрсек. – Мүшел жас дегенге аса сене бермейді екенмін. Әрбір жастың өз ерекшелігі бар. Пенде болған соң өмірде талай оқиғаларды бастан өткізесің. Бірде бақыт құшағында жүрсең, бірде сынаққа түсіп қаласың. Алма-кезек қой өмір. Бір Аллаға сенемін. Алланың әмірінсіз жапырақ та түспейді, – дейді қала тұрғыны Ақерке Жаңабаева. Ал Серік Қуанышбекұлы мүшел жастың қасиеті бар деп есептейді. Себебі ол дәл мүшел жасында түрлі сынаққа түсіпті. – Мен шынымды айтсам, мүшел жас дегенге мән бермей келгенмін. Бірақ 37 жасқа толған жылы, яғни үшінші мүшелде өмірімде таңғаларлық жайттар болды. Сап-сау жүрген мен күрт ауырып, зорға жазылдым. Одан соң көлігіммен жол апатына түсіп, жаным зорға аман қалды. Жұмысым тоқтап, әзер жүргіздім. Барлығы қарбаласып кетті, – дейді С.Қуанышбекұлы. Алайда мешіт қызметкерлері исламда мүшел жасқа қатысты ырым-тыйымдардың жоқ екенін айтады. – Шариғатта мүшел жас екен деп ырымдап, оны қауіпті кезең деп қорқып және одан аман-есен өтсем екен деп Құран бағыштау және өзінің сүйіп киетін киімін, заттарын жақын-жуықтарына сый ретінде беру деген жоқ. Бірақ дініміз бойынша жергілікті қолданыстағы дәстүр ислам дініне қайшы болмаса, ондай дәстүрді жалғастыруға, ұстануға рұқсат етеді. Жоғарыда аталған жас ерекшеліктерге байланысты қолданылған атаулар діни сенім мен қағидаларға қайшы болмағандықтан бабаларымыз өз тұрмыс-тіршіліктерінде дәстүр ретінде сақтады. Ал ислам діні бойынша мұндай жас ерекшеліктер бар ма деген сұрақ туындайтыны анық. Дінде жас ерекшеліктердің атауына қатысты арнайы ереже болмағанымен кейбір жастар жайында айтылған. Шариғатта адам жасына қатысты айтылған мәселелер негізінен құлшылықпен байланысты қарастырылған. Мәселен, мына хадисте баланы 7 жастан бастап намазға үйрету бұйырылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Балаларыңыз жеті жасқа келгенде намаз оқуға бұйырыңдар. Олар он жасқа келгенде намаз оқымаса, (жалқаулық танытса), тәртіпке салыңдар. Әрі олардың жатын орындарын бөлектеңдер» (Имам Ахмет, Әбу Дәуіт риуаят еткен). Шариғат бойынша адамның Алла құзырында жауапты болатын жасын «балиғат» деп атайды. Балиғат жасы ер балалар үшін 13 жас болса, қыз балалар үшін 10-11 жас аралығы. Әр аймақтың климатына байланысты адамдардың физиологиялық тұрғыдан жетілуі әртүрлі. Сол себепті «Ұлы сөзде ұят жоқ» демекші, қыз бала етеккір көргеннен бастап балиғат жасына толған болып саналады. Қазақ халқының «Он үш жаста отау иесі» деп, осы жаспен мүшелге толтыруы жай айтылмаған. Өйткені шариғат бойынша 13-тегі жасөспірім балиғат жасында діни құлшылық жасаумен міндеттеледі. Балиғат жасына қатысты ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде былай дейді: «Үш адамнан қалам көтерілген (күнә жазылмайды): балиғатқа жеткенге дейін сәбиден, оянғанға дейін ұйқыда жатқаннан және айыққанға дейін ақылынан адасқаннан» (Ахмет, Тирмизи риуаят еткен). Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бірде Әбу Бәкір қызы Әсмаға: «Уа, Әсма! Әйел балиғат жасына жеткен кезде оның мына мүшелерінен басқа жерлерінің көрінуі дұрыс болмайды», деп, қолдары мен жүзіне ишара еткен (Әбу Дәуіт риуаят еткен). Дінімізде алпыс үш жас «Пайғамбар жасы» деген түсінік қалыптасқан. Себебі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз алпыс үш жасында қайтыс болған еді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үш халифасы да алпыс үш жасында дүние салған. Сондықтан 63 жасқа толғанда «Пайғамбар жасына келдім» дейтін дәстүр халық арасында кең тараған. Алайда бұл һижри бойынша есептелген, оны миләди жыл санауымен есептесек, 61 жас болады, – дейді облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпек. Мүшел жас туралы әңгімені қазақы салт-дәстүрлерді насихаттап жүрген жазушы Зейнеп Ахметованың айтқан мына бір сөзімен түйіндегенді жөн көрдік. «Мүшел жастың біз сырын әлі жете білмейтін құпиясы бар. Пендешілікпен байқамаймыз, тылсымға сене бермейміз. Шындап келгенде, бұл – әрбір адамның, ең алдымен, өз ар-ұятының алдында өзіне есеп беруі. Біліп істеген, білмей істеген күнәлары үшін Алладан кешірім өтініп, тәубеге келуі әрі азға да, көпке де қанағатты болып, шүкіршілік етуі деп түсінген жөн». Айжан ӨЗБЕКОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар