Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өткен күндердің өрнегі

Өткен күндердің өрнегі
ашық дереккөз
Өткен күндердің өрнегі
Барыс жылы баянды болып, бақ сыйлап шығып барады. Ал санаулы сәттен кейін Қоян жылы келуге әзір тұр. Осы орайда біз облысымызға белгілі азаматтарды сөзге тартып, Барыс жылында қандай табыстарға жеткенін, 2022 жыл қандай естеліктерімен, жаңалықтары­мен есте қалғанын сұрап көрген едік.  Ерболат САУРЫҚОВ, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының президенті: – Бүгін 2022 жылды артқа қалдырып, ертең 2023 жылды қарсы алғалы отырмыз. Еліміз ежелден «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп келер жылдан үлкен үміт күтіп, тек жақсылық тілеген. 2022 жыл біз үшін табысты жыл болды. Биылғы басты жаңалығымыз – оқу орнымызға қазақ әдебиеті мен тілінің, ділінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шындықтың шырақшысындай болған журналистиканың қаранары Шерхан Мұртаза есімінің берілуі болды. Сонымен қатар институтымызда «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын білесіздер. «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде – ұлт та ұлы бола алмайды» деп Ғабит Мүсірепов айтқандай, әдебиеттің атқаратын орасан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды. Осы тұрғыдан алғанда Ш.Мұртазаның есімі біздің оқу орнына берілуі де заңдылық. Сонымен қатар Шерағаның еңселі ескерткіші де өзінің 90 жылдық тойына сәйкес оқу орнымыздың алдына орналастырылды. Бұдан бөлек жаңа әкімшілік ғимаратымыз бой көтерді, «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы жаңадан жасақталды, «Студенттер үйінің» алды күрделі жөндеуден өтіп, әуенді фонтан орнатылып, демалыс скверіне айналды. Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы аясында республикалық «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен баспасөзінің даму үрдісі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткіздік. Ш.Мұртазаның 5 томдық шығармалар жинағы жаңадан баспадан шығарылды. Жазушының «Бір кем дүние» кітабы толықтырылып, өңделіп, жұртшылыққа қайта таратылды. Ғылым саласында институтымыздың профессор-оқытушылары да толағай табыстарға жетті. Халықаралық байланыстарды дамыту барысында Шерхан Мұртаза атындағы ХТИИ отандық және халықаралық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында 12 халықаралық және 22 отандық жоғары оқу орнымен келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер студенттер мен оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын, жетекші ғалымдардың қонақ дәрістерін, бірлескен ғылыми зерттеулерді, магистранттардың ғылыми тағылымдамадан өтуін және тағы да басқа мәселелерді жүзеге асырады. Қос диплом бағдарламасы аясында Варна Еркін университетінде (Болгария) оқу орнымыздың 8 студенті білім алуда. Сонымен қатар сыртқы академиялық бағдарламасы аясында аталған жоғары оқу орнында 6 студент оқиды. 2 желтоқсан күні Самарқан қаласында өтетін жыл сайынғы Халықаралық студенттер симпозиумына оқу ордамыздың студенттері қатысып, жоғары марапатқа ие болды. Біздің осы жылғы үлкен жетістіктеріміздің бірі ретінде Азия университеттері ассоциациясына енуімізді атап өтуге болады. Ғылым саласында да Шерхан Мұртаза атындағы ХТИИ осы оқу жылында, үлкен нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, бүгінгі таңда 30-дан астам стартап жобаларға, монографияға, оқу құралына авторлық куәлік алдық. Профессор-оқытушы ғалымдарымыздың 27-ден астам мақаласы индексі жоғары «Scopus» журналында жарияланды. 5 стартап жоба бойынша патент алынды. 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша ғалымдарды гранттық қаржыландыруға арналған конкурсқа институт атынан ауылшаруашылық, педагогика, экономика және тілдер бағытында 10 жобаға өтінімін бердік. Сонымен қатар оқу орнымыз IT және ғарыш саласында студенттеріміздің қабілетін арттыру мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарып жатыр. «Болашақ» бағдарламасы бойынша институтымыздың 3 профессоры шетелдерде ғылыми тағылымдамадан өтті. Спорт саласында да институт студенттері қалалық, облыстық, республикалық сайыстарда өнер көрсетіп, бокс, каратэ, армрестлинг, волейбол, күрес, грек-рим күресі, таэквондо, кик-боксинг және басқа да спорт түрлерінен жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымызды желбіретті. Қазақ спорт және туризм академиясында «Жыл үздігі – 2022» марапаттау рәсімінде «Ең спорттық жоғары оқу орны» номинациясы бойынша біздің институт үздік деп танылды. Сонымен қатар біздің «Мемлекеттік жергілікті басқару» мамандығының 1-курс студенті Азамат Намелбекұлы «Бизнес» бағыты бойынша «Халық» қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Халық үміті» республикалық конкурсында «Need to Work» жобасын ұсынып, жеңімпаз атанды. Ол 1 000 000 теңге қаржылай сыйақы жеңіп алды. Күні кеше Франция астанасы Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Халықаралық Түркі академиясына мүше мемлекеттердің ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияларымен бірлесіп және ЮНЕСКО хатшылығының қолдауымен «Әлем мәдениетіндегі түркі өркениеті: Елтеріс Құтлұғ қаған жазбасы» атты халықаралық форум ұйымдастырылды. Форумға арнайы шақырылып, «Түркі этногенезі: көне түркі тілінің қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында түрік тілінде баяндама жасадым. Міне, Барыс жылы осындай жаңалықтарға толы болды. Қоян жылы да табысты жыл болсын. Бауырымыз бүтін, жақындарымыз аман жүрсін. 2023 жыл ырыс пен ынтымақтың, береке мен байлықтың, бейбітшілік пен бақыттың, барлық ой-мақсаттар мен ізгі тілектер орындалатын жыл болсын! Гүлбаршын ҚҰЛАНБАЕВА, облыстық «JAMBYL» телеарнасының директоры: – Барыс жылы өмірімде көптеген өзгерістерімен есімде қалды. Ең әуелі, өзімнің жаным сүйген мамандығыма, шығармашылық аудиторияма қайта оралдым. Сегіз жыл еңбек етіп, қанатымды қатайтып, қарымымды арттырған «JAMBYL» облыстық телеарнасына сегіз жылдан кейін қайта оралдым. Әрине, 33 жылдық тарихы бар телеарнаны басқарғандардың арасындағы алғашқы әйел басшы болғанымды осыған дейінгі еңбегім үшін Алланың берген сыйы, нәсібі шығар деп ойлаймын. Әрі мен үшін үлкен жауапкершілік және қарашаңырақты түлетуге берілген мүмкіндік. «JAMBYL» қарашаңырағының қазанында қайнап, журналистика саласының майталмандарына айналған адамдар аз емес. Сондықтан киелі орынға келген адамның жүрегін бір арман мен мақсат шымырлататыны белгілі. Менің де осы шығармашылық ұжыммен бірге алда талай жобаларды жүзеге асырсам деген жоспарым бар. Өткенде ғана отыз үшінші маусымды ашып, «Патриот», «Бақыт кілті», «Қаламгер клубы», «Жүрек сөзі» сынды бірнеше хабарлардың тұсауын кестік. Мұның бәрі де халық игілігі үшін және қарашаңырақтың бет-беделі үшін жасалып жатқан дүниелер. Телеарна директоры болып тағайындалғанға дейін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметі мекемесінде еңбек етіп ысылдым, шәкірт тәрбиеледім. Енді жинаған тәжірибелерімді пайдалана отырып, «JAMBYL» телеарнасын жаңа белеске шығару үшін барынша күш-жігерімді жұмсайтын боламын. Биыл одан өзге де біраз арманым жүзеге асты деуге болады. Мен тумысымнан саяхатқа құмар адаммын. Ел аралап, жер көргенді жаным сүйеді. Осы жылы бірнеше жылдан бері барып көруді армандап жүрген Біріккен Араб Әмірліктеріне жолым түсті. Сапарым бірқатар көзқарастарымның өзгеруіне ықпал етті. Білген адамға саяхаттаудың өзі үлкен тәжірибе. Бұйыртса, келе жатқан Қоян жылы да барша қазақстандықтардың асқақ армандары орындалатын жыл болсын деп тілек айтқым келеді. Осы жылдың жақсылығы келесі жылға да жұғысты, Қоян жылы ырысты болсын! Нұрай ҚАРАЖАНОВА, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі: – Барыс жылы көптеген армандарым жүзеге асқан жыл болды. Кішкентай кезімнен әртіс болуды армандайтынмын. Сол арманымның алғашқы қадамы сәтті жасалғандай. Олай деп отырғаным, биыл көптеген рөлдерді сомдадым. Атап өтер болсам, «Жамбылдың қызыл жолбарысы» спектаклінде Жамбылдың ғашығы Бұрым рөлін, ал «Періште қонған үй» спектаклінде Назым рөлін, «Мұғалім» атты керемет спектакльде Іңкәр деген жас жеткіншек қыздың рөлін сәтті сомдап шықтым деп ойлаймын. Бұл мен үшін баға жетпес тәжірибе болды. Маған осы рөлдерді сомдауыма мүмкіндік берген театрға алғыс айтқым келеді. Сахна мен үшін қымбат. Сахнада өзіңізден бөлек әлемді жасауыңыз керек. Шығармашылық адамы үшін өзінің сүйікті ісімен айналысқаннан асқан бақыт жоқ. Сондықтан биылғы жылдың мен үшін орны бөлек.

Дайындаған Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар