Газ: Ерназарлық әженің қуанышы
Ерназар ауылы ауыл болып 1954 жылы аталғалы бері «көгілдір отынның» қызығын көрген емес. Тек 2021 жылы республикалық бюджеттен 167 млн теңге бөлініп, 297 үйдің ауласына 18250 метр газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. Жаңа жылда ерназарлықтыр қатты отын жағудың машақатынан біржола құтылды.
Ерназарлықтардың қуанышына ортақтасуға келген облыс әкімінің орынбасары Ерболат Ибрайханов, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы көпшілікті Жаңа жылмен құттықтап, газ алауын жағуға байланысты шараға қатысыты.
– Бүгін сіздермен Жаңа жылды қарсы алар шақта аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлының қолдауымен жан жадыратар оқиғаның, жағымды жаңалықтың куәсі болып, ыстық ықыласпен жүздесіп отырмыз. Бүгінгі өркениет пен ілгерілеу заманы елді мекендердегі халықтың жағдайын, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуды талап етуде. Көмір жағудың қиындығынан құтылып, талай жылдан бері армандаған табиғи әрі арзан отынға қол жеткізген шат күндеріңізге құтты болсын, – деді облыс әкімінің орынбасары
Ерназарлықтар осы қуанышты 70 жыл күткенін ауыл әжесі Орынкүл әңгімесінен аңғаруға болады.
– Бала болғалы ағаш жарып, көмір жағып келеміз. Қыстың ызғарлы күні қуыр күйеге толып, пешіміз үй ішін жылытпай әбігерге салғанын ауылдықтар жақсы білеміз. Бүгін ауылымызда «ақ түйенің қарны жарылды» десем артық айтқанымыз емес. Жаңа жылды газбен қарсы алу қандай бақыт десеңізші. Ауыл-аймақтың қажетін өтеп жүрген атқамінерлердің жұмысына табыс тілеймін. Жаңа жыл құтты болсын, – дейді әже.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, жалпы аудандағы 42 елді мекеннің 38-і немесе 90,4%-ы табиғи газ жүйесімен қамтылған. Аудандағы 16 470 ауланың, табиғи газ жүйесімен 16267 ауласы немесе 98,7%-ы табиғи отын пайдалануда. Енді, Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат ауылдарына магистралды газ құбырын тартудың құрылыс жобасының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Алдағы жылдары аудандағы елді мекендер 100% газбен қамтамасыз етілетін болады.
Келесі мақала