Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚҰС ТА ҰЯСЫН БҰЗБАЙДЫ...

ҚҰС ТА ҰЯСЫН БҰЗБАЙДЫ...
ашық дереккөз
ҚҰС ТА ҰЯСЫН БҰЗБАЙДЫ...
Уақытты уыста ұстап тұра алмайсың. Халқымызға үлкен қасірет алып келген қаңтар оқиғасы күні кеше ғана болған сияқты еді. Содан бері қарай бір жылың да жылжып өтіп бара жатыр. Айдың-күннің аманында тып-тыныш жатқан еліміз ала тайдай бүлінді. Әрине, арасында әділетсіз қоғамнан әділет іздеп шыққандар да болды. Олар әділдікті, демократияны талап етті. Сол-ақ екен, көтерілген бейбіт халықтың бетін пиғылы бөтендер басқа арнаға бұрып жіберді. Жазықсыз адамдар қаза тапты, жарақат алды, бейбіт тұрғындардың тыныштығы бұзылды, кәсіпкерлік нысандар, дүкендер, сауда орталықтары тоналды, биліктің сәулетті ғимараттары бүлінді, өртелді. Күні кеше қасиетті жұма күні қасіретті қаңтар оқиғаларының бір жылдығы қарсаңында Алматыда қаза тапқандарды еске алу мемориалы ашылды. Айтулы оқиғаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қатысып, жиналғандардың алдында сөз сөйледі. Қаңтар оқиғасының тағылымын ұрпақ біліп өсуі керек. Мемориал сол үшін қажет. Бұл оқиғаны әр саққа жүгіртетін адамдар арамызда аз емес. Қазақта «Құс та ұясын бұзбайды» деген қағида бар. Бұл сөздің астарында талай мағына жатыр. Сол қаңтарда ұлардай шулап көшеге шыққандар ұясын бұзды ғой. Мұндай оқиға тәуелсіздігіміздің өткен 30 жылдығында болған жоқ. «Ойбай, ана елде анадай болыпты, мына елде мынандай болыпты» дегенді естіп жататынбыз. Соны енді көзіміз көрді. Еңбегінің несібесін теріп жеп жатқан кәсіп иелерінің сауда орындарын тонап жатқан қандастарымызды көзімізбен көрдік. Ауруларды тасып жатқан жедел жәрдем көліктерін тоқпақтағанын, тәртіп сақшыларын жығып салып тепкілеп жатқандарын, бейбіт халықтың үрейін алып, тас атқылап жүрген безбүйректерді көргенде жанымыз шошыды. Бұл не? Демократия деген осы ма? Демократия Ақтау, Жаңаөзен қалаларында болды, бейбіт шеруге шықты, талаптарын қойды, тапжылмай бірнеше күн тұрды, бүлдірген жоқ, шашылған күл-қоқыстарын өздері жинап кетті. Бұл басқа әңгіме. Ал Алматыдағы, Тараздағы, басқа да қалалардағы орын алған жолсыздықтарды немен түсіндіруге болады? Қаңтар оқиғасы бүгінде тарихқа айналды. Тексеріліп жатыр, тергеліп жатыр. Түпкілікті бағасы беріле жатар. Ең үлкен мәселе – сол бір қаралы күндерден сабақ алуымыз керек. Жастарымызды өздерінің Отанын құрметтеуге, жүрген ортасын сыйлауға, отырған үйін, жұмыс атқаратын, оқитын мекендерін аялап ұстауға тәрбиелеуіміз керек. Мемлекет басшысының қатысуымен ашылған қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған мемориал сол үшін қажет. Мемориалды барып көрерміз. Бірақ қазір түсініп отырғанымыздай, онда көп мағына бар, азаттық аңсаған қазақ елінің, сол азаттық жолында құрбан болған ерлеріміздің жүріп өткен жолы бейнеленген сияқты. Біз кешегі тарихымыздан сабақ ала отырып, бүгінімізді қадірлей білуіміз керек. Сөйтіп барып ертеңімізге сеніммен бағдар жасағанымыз дұрыс.

Жаңабай МИЛЛИОНОВ, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар