Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«РАҚМЕТ САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!» ӘНІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?

«РАҚМЕТ САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!» ӘНІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?
ашық дереккөз
«РАҚМЕТ САҒАН, ТУҒАН ЕЛ!» ӘНІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?
Туған жер туралы толғанысын әнмен жеткізген композитор, Отанға деген сүйіспеншілігін сүбелі сөзбен білдірген ақын-жазушы елімізде жетерлік. Осындай сезім жетегінде жүріп өмірге келген «Өз елім!», «Атамекен» «Мен қазақпын!», «Көк тудың желбірегені», «Біздің қазақ осындай» секілді патриоттық тақырыптағы әндер қазақтың ән қоржынында аз емес. Біз тілге тиек еткен патриоттық әндер соның бір шоғыры ғана. Елге, жерге деген сезім мен сүйіспеншіліктің иісі аңқып тұратын шоқтығы биік шығарманың бірі – «МузАРТ» тобының орындауындағы белгілі композитор Әуезхан Салабековтың «Рақмет саған, туған ел!» әні. Сөзін Таластың ерке ақыны Нарша Қашағанұлы жазған осы ән әр қазақ баласының жүрегіне жақын. Бұл өлең қатал тағдырдың сынағынан шаршаған талай қазақтың жанына медет болғаны даусыз. Әуезхан Салабеков аталған әнді көпшіліктің қалай қабылдағаны жайлы естелікпен бөлісті. – Бір жолы осы әнді «МузАРТ» тобы Астанада өткен үлкен концертте орындап, шет мемлекеттерден келген өкілдер тамсана тыңдаған-ды. Әсіресе арабтар мен немістер концерттен кейін бізге жақындап, «Біз сөзін түсінген жоқпыз. Бірақ ән жанымызға жағымды тиді. Аудармашыға әннің сөзін аудартқанымызда тіпті әсерленіп кеттік», деп бізбен бірге суретке түсіп, елдеріне барғанда баспа беттерінде өз әсерлерін бөлісетінін айтқан. Сондай-ақ сол жиында бір әйел қасыма келіп, осы ән өзінің өмірін сақтап қалғанын айтып, сырын бөлісті. Әлгі әйелдің әлеуметтік жағдайы әбден нашарлап, бала-шағасын асырай алмағандықтан күйзеліске түсіп, өзіне қол салуға дейін барыпты. Содан балаларын Үкіметтің қарауына тапсырып, өзі өмірмен қоштаспақ болып терезеден секіруге бекініпті. Сол сәтте қосулы тұрған теледидардан «МузАРТ»-тың орындауында осы ән берілген ғой. Жаны жабығып, өмірден түңілген келіншектің көңіліне ән ерекше әсер етіп, тәубесіне түседі. Әсіресе әннің: «Қасиеттім, киелім, Жаралған сенен сүйегім. Арқардай ауып жүргенде, Арқамды саған сүйедім, Рақмет саған, туған ел!» деген қайырмасы айрықша есінде қалыпты. Содан сабырға келіп, райынан қайтқан екен. Көңілін мұң басқан сәттерде әлгі келіншек осы жолдарды айтып, Аллаға шүкірлік ететін көрінеді. Нарша көкеміз: «Ой, інім, өзіңмен жақсылап әңгімелессем деп жүр едім», деп ағынан жарылып, екеуінің шығармашылық байланысы, сыйластыққа толы жылдары осылай басталыпты. Арада біраз жыл өткенде ақынның сөзіне жазылған «Хат жазып тұр!», «Жақсылық жаса» секілді көптеген әуезді әндер өмірге келе бастайды. Солай «сіз-біз» деп сыйласқан өнер иелерінің арасындағы достық жыл өткен сайын нығая түседі. Бірде Нарша ақынның өмірінде қуанышты оқиға орын алады. Бар ғұмырын мәдениеттің дамуына арнаған ақынға «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағы беріледі. Сонда мерейін өсірген қуанышты жайттан көңілі толқыған ақын салтанатты жиыннан бір сағат бұрын құрметтеп төрге шығарған туған халқына ризашылығын жеткізу мақсатында «Рақмет, туған ел!» деген өлеңін жазып, сол жерде отырғандарға оқып береді. Артынша жаңа жыр жинағын шығарып, әлгі өлең де сол кітапқа енеді. Ағасының жаңа жыр жинағымен танысқан Әуезхан Көсембекұлын «Рақмет, туған ел!» өлеңі өзгеше күйге бөлейді. Туындының қандай жағдайда жазылғанын білмейтін сазгер «Мына өлең қазақ халқының өз тарихында бастан кешкен сан ғасырлық бейнетінен туған-ау» деген ой түйеді. Себебі өзінің көңіліне сондай әсер қалдырады. Оқып отырғанда «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», саяси қуғын-сүргін кезеңдері, ашаршылық жылдары, Ұлы Отан соғысы, Желтоқсан көтерілісі секілді қазақ тарихындағы қасіретті жылдардың барлығы көз алдына келеді. Көңілінің қылын шерткен өлеңге ән жазамын деген шешімге келеді. Әуеннің буынына сәйкес келуі үшін «Рақмет, туған ел!» деп бітетін өлең жолдарына «саған» сөзін қосып, «Рақмет саған, туған ел!» деген әнін жазып шығады. Ерекше толқыныспен шығарған туындысын Ғани Мәтебаевқа тыңдатады. Сол кездерде «МузАРТ» тобы репертуарын туған елге арналған тағы бір әнмен толықтырғысы келіп жүрген көрінеді. Оны Ғани біледі. Соны назарға алған ол осындай бір керемет ән бар деп тың туындыны музарттық әріптестеріне тыңдатады. Әлемі бөлек әнді тамсана тыңдаған Мейрамбек бастаған «МузАРТ» тобының мүшелері Әуезхан ағаларына хабарласып, әнді орындауға рұқсат алып, «Бұдан былай мына ән біздің гимніміз болады. Әр шығармашылық кешімізді осы өлеңмен аяқтайтын боламыз», деп, аталған туындыға бірауыз сөзбен лайықты бағасын беріпті. Топтағылар әнді толық жазып біткен соң сазгер Нарша ағасына хабар беріп: «Теледидардан орындалған сәтті жіберіп алмаңыз», деп ескертеді. Бірнеше күн өткен соң ақын ағасы телефон шалады. Көтерсе, арғы жақтан өксігін баса алмай тұрған дауыс естіледі. Өз-өзіне келе алмаған Нарша ақын телефон тұтқасын қоя салады. Осылай екі-үш рет қайталанады. Көңілі орнына түскен соң қайта хабарласып: «Марапатқа лайық деп санаған туған еліме деген алғыстан ойда-жоқта жазылған өлеңімді үлкен деңгейге көтердің. Қара да тұр, осы әніңмен сен мені күллі қазаққа танытасың», деп алғысын жаудырады. Халқымыздың бастан өткен сан ғасырлық нәубетін бейнелейтін ән осылай жазылған еді. Әннің тыңдарман жүрегіне жол табуының тағы бір себебі – музыкасы өзге патриоттық әндердей емес, лирикалық бағытта. Өлеңнің мәтіні де асыра теңеусіз-ақ әдемі жазылған, халыққа түсінікті. Нарша ағамыз Мұқағали Мақатаев секілді халыққа ұнамды қарапайым ақындардың қатарынан. Бірақ ешқашан өзін керемет ақынмын деп есептемеген. Таластың ерке ақыны көзі тірісінде сазгер інісіне «Ақынмын дейін десем Мұқағалидан қорқамын, ақын емеспін дейін десем жазып жатырмыз» деп отырады екен. Ақынның сөзіне жазылған «Жақсылық жаса» деген тағы бір әні тұңғыш рет Бейсен Құранбек жүргізетін «Қарекет» телехабарында орындалған. Ол әнді сазгердің шәкірті Мейіржан Самылтыров керемет шырқайды. Сонда марқұм Бейсен ағамыз: «Нағыз ақын осы Нарша ғой» деп баға беріпті. – Делебеңді қоздырып, рухыңды көтеретін патриоттық тақырыптағы әндер көп. Сол әндердің барлығында туған өлкесіне деген мақтаныш сезім суреттелген. Бірақ сол өлеңдердің біреуінде туған елге деген алғыс айтылмаған. Бұл әннің ерекшелігі сонда. Еліміздің қарапайым жұмысшыларынан бастап, өміріміздің арашашылары ақ халатты абзал жандарға, қауіп-қатерге қарамай қызыл жалынмен күрескен өрт сөндірушілерге, жер астынан алтын қазған кеншілерге, диқандарға, туымызды әлемде желбіреткен спортшыларымызға, ұлт болашағын тәрбиелейтін ұстаздарымызға, бір сөзбен айтқанда, еліміздің әрбір тұрғындарына алғыс айтылып тұр. «Рақмет саған, туған ел!» – азат күнді аңсап өткен, тар құрсаудан босану үшін толарсақтан саз кешкен батыр ата-бабаларымызға, тар жол, тайғақ кешкен, қазақ халқының ағартушылық жолында өмірін қиған алашордашыларға, қан майданда шейіт болған майдангерлерімізге, желтоқсанның ызғарында қыршын кеткен боздақтарымызға деген құрмет. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанға қайта оралып, туған жердің топырағына аунап мауқын басқан қандастарымыздың өздерін құшақ жая қарсы алған еліне деген алғысы деуге де келеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бұл әнде бәрі бар: елге деген алғыс, тарихымызға деген құрмет, батыр бабаларымызға деген тағзым. Әркім өзіне керегін алады, – дейді ән авторы Әуезхан Салабеков. «МузАРТ»-тың төлқұжатына айналып кеткен әннің жазылғанына да он бес жылдан асып барады. Мемлекеттік мерекелер қарсаңында ұйымдастырылған кез кезген салтанатты жиындардың шымылдығы қазір де осы әнмен түріліп жүр. Елдігіміз аман тұрғанда «Рақмет саған, туған ел!» әнінің де тәуелсіздігімізбен бірге жасай беретініне сенеміз.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар