САЛТЫ ЖАҚСЫНЫҢ – ХАЛҚЫ ЖАҚСЫ
Ғасырларға ұласқан талай заманды басынан өткерген қазақ халқы өзіне ғана тән болған ұлттық бейнесін паш етер қазақы салты мен ислами дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа тапсырып келеді. Алайда ата салтты ескіліктің қалдығы санаған, діни дәстүрді құбыжық көрсетіп, санаға сіңдірген адасушылықтың салқын сызы әлі де ел ішінде білініп келеді.
Кейде қазақи салт пен діни дәстүрдің мәнін жете білмегендіктен дін ұстанып, намаз оқып жүрген кейінгі ұрпақтың арасында өзара түсінбеушіліктің орын алып жүргені де рас. Ол екі тараптың бірі өзін ғана жөн санап, екінші жақтың іс-әрекеттері мен амалдарынан кемшілік тауып жатады. Ондай өзара түсінбеушіліктің бірқатар себептері де көпшілікке белгілі. Десек те сондай себептің пайда болуы күнделікті қолданып жүрген сөздер мен сөз тіркестеріне де қатысты екенін аңғармай жүрміз.
Бізде әдет-ғұрып, салт-дәстүр, салт-сана мәселелері айтылудай-ақ айтылып келеді. Тіпті бұл тіркестерге құлақтың үйренгені соншалық, сана да, салт та, дәстүр де бір мағынада айтылатын синоним сөздер сияқты естілетін болып кетті. Алайда бұл сөздер қоғамдық ортада бөлек-бөлек өзіндік міндет атқаратын, жеке-жеке ұғымдар екеніне көпшіліктің мән беріп жатқаны шамалы.
«Әдет-ғұрып деп айтып жүргеніміз – араб тілінен ауысқан «әл-ғәдат» және «әл-ғурф» деген сөздер. Бұл сөздер түрлі мағынаға ие. Қоғамдық ортада «әл-ғәдат» – үйреншікті іс, қалыптасқан жағдай дегенді білдіреді. Ал «әл-ғурф» ұғымын дұрыс, тура, жақсы деген мағынада қолданып жүрміз. Әдет-ғұрып деп айтқанда, дұрыс деп мақұлданған, қоғамға пайдалы болатын жақсы іс-әрекеттер айтылады. Егер әдеттің ішінде жағымсыз көрінетін бұрыс (теріс) әрекеттер байқалып қалса, ондайда «әдеті жаман екен» деп әділ баға беріп те жатамыз. Яғни ондай әдет жақсы (әл-ғурф) емес. Әдет-ғұрыпты сақтайық дегенде қазақтың ерекшелікке ие ежелгі жақсы әдеттері мен табиғатын байыта отырып, келер ұрпаққа жеткізейік дейміз.
Дәстүр – «дустур» деп айтылатын араб сөзінің баламасы. Ол конституция, құқықтық негіз, діни үкім дегенді білдіреді. Ислам мемлекеттерінде конституция (дәстүр) ислам шариғат ережелеріне негізделген. Ислам діні келгеннен кейін араб халқының ежелгі салттары реттеліп, дінге қайшы келмейтіндерін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі де ұстанды.
Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құрайыштықтардың ежелгі салты бойынша ұлы Ибраһим дүниеге келгенде жеті күннен кейін шашын алып, есімін қойып, садақа таратып, мал сойып, жақындарына дәм татырды.
Осылайша ислам дініне қайшы келмейтін Құрайыш салттары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне айналып, діни дәстүр талаптарына кірікті. Сондықтан ислам мемлекеттерінде діни білім алған кейінгі ұрпақтың ішінде діни дәстүр талаптарына қайшы келмей тұрса да басқа елдің салттары «бидаға» (діннен тыс) деген ұғыммен, өз салтына өзі өгейсіп қарайтындардың бар екендігі шындық.
Қазақ та мұсылман халық, олай болса, ислам шариғатына тән дәстүр (үкім) бізге де лайық әрі міндетті. Кеңестік заманның негізгі мақсаттарының бірі халықты дінсіздендіру болғандықтан атеист ғалымдардың белсенділігі «дәстүр» сөзінің мағынасын түбегейлі өзгертті. «Дәстүр» сөзін «салт» немесе «ежелгі, бұрынғы» деген мағынада қолдана беретін болдық. Бұл орайда өнер саласындағы «жұлдыздар» оқ бойы озып, аспандап тұр. Дәстүрлі ән, дәстүрлі жыр, дәстүрлі күй, дәстүрлі би деп сырғыта береді. Ол «жұлдыздарды» шалғайдан тартып, «жер бетіне» түсірер ғылым иелерінің өздері де салт ұғымына оншалықты мән бермейтін сияқты. Салт-дәстүр деп қосарлап сөйлегенге немесе жазғанға үйренген. Сонда салт не үшін керек, дәстүр не үшін керек екенін айырып ала алатын тыңдаушы немесе оқырман болса ғой.
Салт – біртұтас өлкенің, халықтың тұрмыс-тіршілігіне сіңісті болған әдеттерден қалыптасқан қолданыстағы іс-әрекеттер.
Салт – бір ұлыстың, ұлттың, сондай-ақ қоғамның, қауымның табиғи болмысын, сыртқы сипатын айқындайтын көрініс.
Салт – ұлттық құндылықтарды, ана тілімізді, түр-тұлғамызды сақтаушы. Салт өзгеріп, ұлттық сипатынан айырыла бастағанда қазақы менталитет те (діл) өзгеріске ұшырайтынын бүгінгі өмір көрсетіп отыр. Ана тіліміз өзге этностың сөздерімен шұбарлана берсе, қазақ тіліне тән үндестік бұзылып, біртін-біртін өзге тілге айналдырып алмаймыз ба? Әрине, мұндай жағдайдың бетін аулақ еткей, алайда «өркениет» деген түсінікпен басқа елдің салтын бойға сіңіріп жатқанымызды аңғаруға болатын шығар.
Білектің күшімен, найзаның ұшымен елін, жерін қорғаған арыстан азаматтар аттан аунап жер жастанғанда олардың отбасына қамқорлық еткен,артында қалған жетімдерді жебеп, кеткен боздақтардың шаңырағын сақтап, ұлын ұядан, қызын қиядан көрсете алатын ерекше салтымыз болды. Ол – әмеңгерлік. Азулының аузына, мықтының уысына түсіп, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болған сол бір қиын кезеңде қазақты жойылып кетуден сақтап қалған осы әмеңгерлік салтымыз. Бүгінгі ай-күн аманда, бейбітшілік заманда неге жесір көп, неге жетім көп?
Салт – туыстық байланыс пен жекжаттық қатынасты реттеуші. Орыс халқы ұлдан шыққан немерені де, қыздан шыққан жиенді де «немере» деп қабылдайды. Сондықтан құдандалы екі жақ бірін-бірі «туыс» деп есептейді. Өкінішке қарай, бүгінде осылай деп түсініп, «Несі бар, ұлдың баласы да, қыздың баласы да өз балам, немерем» деп жүрген қазақтар баршылық. Бұл – өзге ұлттың салтын қабылдап жатқанымызға айғақ емес пе? Қазақ салтында құда туыс емес, сыйластық жөнінде ең жоғарғы құрметке лайық жекжат. Жиен де, күйеу де – жекжат. Салтымыз олардың да өздеріне тән сый-құрметтерін реттеп қойған.
Дәстүр болса – рухани сенім айнасы. Адам дінсіз бе, жоқ әлде дін ұстана ма? Егер дінде болса, қай діннің өкілі? Яғни діни дәстүр – адамның рухани бейнесі, қауымның рухани байланысы.
Мысалы, ауылға келін түскенде оны күйеу жігіттің жақын туыстарымен таныстыру, жырға қосып, өсиет-өнеге беру, сондай-ақ адам өмірінде айрықша орын алатын осындай қуанышты күнге лайық жарасымды әзіл-күлкіні араластыра отырып келіннің бетін ашу – қазаққа ғана тән болған салтымыз. Ал шариғатымызға сай жұбайлардың некесін қию – діни дәстүр. Атап айтқанда, ислам шариғатымен дәстүрлер жалғасады. Дәстүр арқылы миллиондаған мұсылман қатарынан орын алып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) абыройлы үмметінің ішінде болмақпыз. Ал салтымыз арқылы өзге ұлт өкілдері бізді қазақ деп таниды әрі мойындайды.
Ежелгі тарихқа қарасақ, қаншама ұлыстар, кезінде гүлденген қаншама өркениет жер бетінен жоқ болып кеткен. Олардың сәулет өнеріндегі жетістіктері мен алып құрылыстары, сондай-ақ кейбір тылсым құпиялары, академиялық ғылыми табыстармен қаруланған бүгінгі заман тұрғындарын күн өткен сайын таңғалдыруда. Бірақ олар жер бетінде мәңгі ел болып қала алмады ғой.
Өткенге үңілсек, қазақ елін жоқ етуге ұмтылған мемлекеттердің кейбірі жер бетінен жойылып кетіпті. Қазақ елінің ұлылыққа ұмтылған салтанатты салты, адамгершілікке, мейірбандыққа, сүйіспеншілікке шақырған діни дәстүріне деген кіршіксіз сенімі, әр заманда рухына қуат, жасампаздыққа деген берік сана қалыптастыра білді.
Ендеше «салт – сана» деп бекер айтылмапты. Барша қазақ елін ұлттық биіктікке көтеретін қоғамдық сананың қалыптасуы – озық, жасампаз салтымыз бен кінәратсыз сенімге негізделген діни дәстүр тазалығын сақтай білуде екен.
Қуанышбек ӘЛІШЕРҰЛЫ,
Тараз қаласы
Келесі мақала