Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көне шаһардағы күй күмбірі

Көне шаһардағы күй күмбірі
ашық дереккөз
Көне шаһардағы күй күмбірі
Күмбірлеген күй кешінің алдында автордың мерейтойының құрметіне орай облыс әкімдігінің қолдауымен Әбдімомын Желдібаевтың 80-ге жуық күйінің ноталары топтастырылған «Сырлы саздың сыңғыры» атты кітабының тұсаукесері болды. Кітаптың шығуына тікелей жетекшілік еткен күйшінің шәкірті, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері Раушан Абуева. Ал барлық шығармаларын нотаға түсірген, кітаптың музыкалық редакторы – облыстық филармонияның қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі режиссері Дулат Байзілдаев. Тұсаукесерге облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров қатысты. Кітаптың тұсауын белгілі жазушы Елен Әлімжан кесті. Ары қарай көрермен «Күмбірле күйім – елімде!» атты концерттік бағдарламаны тамашалады. Кешті Нұржан Сәбитұлы ақжарма тілегімен ашып, ізгі лебізін білдірді. – Біз бүгін белгілі күйші, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, болмысы биік талантты тұлғамыз Әбдімомын Желдібаевтың 85 жылдығына арналған шығармашылық кешке жиналып отырмыз. Тарих парақтарын ақтарсаңыз, Тараз – тарихы терең қала. Бұл Әулиеата өңірінде небір талант иелері өмір сүрген. Сол қасиет бүгінде жалғасын тауып, Әбдімомын Желдібаев сияқты тұлғаларымыз бүкіл қазақ даласын күйімен әлдилеп тұр. Бұл кісі жалпы қазақтың маңдайына біткен бірегей тұлға, – деген Нұржан Календеров күйшіні сахна төріне шақырып, иығына шапан жауып, облыс әкімінің арнайы құттықтау хаты мен марапатын тапсырды. Ал өзінің 85 жылдық мерейтойына орай толқып тұрған Әбдімомын Желдібаев халқына деген алғысын аямады. – Алла пендесін жаратқанда лайықты күш-қуатын бірге береді екен. Ал ол күш-қуат біреуге билік, біреуге байлық, біреуге өнер болып дариды. Маған Құдайдың бұйыртқаны осы өнер болыпты. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деген сөзі бар. Мен де сол ұлы Мұқаң айтқандай, қазақтың ұлы күй өнерінің өлкесіне жаңа леп алып келдім деп ойлаймын. Қазақтың күйіне күй дастандарын және күй симфонияларын қостым. Лирикалық күй мәнерін қостым. Дегенмен де қазақ «Хан да халқымен хан» дейді. Сіздердей халқым тұрғанда менің де дәрежем ханнан артық деп білемін, – деді күйші. Кеш бағдарламасында автордың «Ерке сылқым», «Жетісу сазы», «Әулиеата», «Көкшолақ», «Тұран елі», «Қызыл елік» атты шығармаларымен қатар бірқатар авторлық әндері де орындалды. Қазақ күйінің аталары болған кешегі Құрманғазы күй шалғанда аққан өзен тоқтаған екен, ал Дина күй шалғанда аспандағы қаз жоқтаған екен. Тәттімбет күй шалса, ақын біткен жырлаған екен, ал солардың бүгінгі жалғасы Әбдімомын күй шалса, алты Алашы тыңдаған екен дегізгендей күмбірлі кеш әр кеудені күмбірлетіп қайтарды. Авторлық күйінің өзі халық күйіне айналып кеткен Ә.Желдібаевтың кеші осылайша әр жүректе мәңгі өмір сүретінін дәлелдеп, көрерменнің көңілінде «Ерке сылқым» болып шертіліп тұратыны анық.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар