ЖУРНАЛИСТІҢ ЖАҢА КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ
Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде өңірімізге белгілі журналист, аудан тарихын түгендеп, ерек тұлғаларды паш етіп жүрген қаламгер Құрманбек Әлімжанның «Парасат биігінде» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Кітапсүйер қауымның басын қосқан келелі жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, кітапханашылар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жарты ғасырға жуық баспасөзде қалам тербеп жүрген Қ.Әлімжанның бұл бесінші кітабы. Әр жылдары республикалық, облыстық түрлі басылымдарда жарияланған өңір тарихын қаузайтын, танымал тұлғалары туралы танымдық очерктер мен эссе, публицистикаларынан, келеңсіз жайларды әшкерелейтін өткір сын мақалаларынан сұрыпталған «Киелі Қордай», «Кебекбай шешен», «Қаламым – алтын қазығым», «Қазыналы Қордай» атты кітаптары оқырман тарапынан жылы қабылданған еді. Ал мына «Парасат биігінде» атты жинағының басты тақырыбы – адам, оның өнегелі өмірі мен ел дәулетін тасытуға қосып отырған толағай еңбегі туралы. Журналист оқырмандарға туған өңірінің кешелі-бүгінгі төл перзенттерінің өмірі мен тағдыр-талайы туралы тартымды жарияланған дүниелерін ұсынады. Кейіпкерлерінің ішінде Ұлы Отан соғысының қаһармандары да, тарихи тұлғалар да, авторға етене таныс, яғни бірге жүріп, біте қайнасып, құрметке бөленген бүгінгі ел азаматтары да бар.
Кітаптың салтанатты лента қию рәсіміне ауданның Құрметті азаматтары Төле Сүгірбай, Біржан Әлімбет және Әбдібек Сейілхановтар қатысып, аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы қазақи дәстүрге сай автордың иығына шапан жауып, «Қаламыңыз мұқалмасын, еңбегіңіз жана берсін!» деген тілегін жеткізді. Алдымен сөз алған Төле Аманжолұлы Қ.Әлімжан Қордайдың жақсылықтарын паш етіп жүргенімен қатар, бірқатар аса түйткілді мәселелердің шешімін табуына қаламының ұшқырлығымен ықпал еткені туралы естеліктерін ортаға салды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әбдікерімұлы мен аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханұлы ардагер журналистің туған жердің болмысын баяндаған кітаптары болашақ ұрпақ үшін берері мол дүние екенін сөз етті. Құттықтау сөз алғандар қатарында Құрекеңнің сыныптастары, замандастары да болды.
– Менің барлық жинақтарым бір-бірімен сабақтас, бірін-бірі толықтырып аудан шежіресіне өзіндік үлес қосады деп айта аламын. Ондағы әр материал қиялдан тумаған, өмірде болған жайды журналистік зерттеу мен зерделеудің нәтижесі. Алда әлі де тың жобалар мен жоспарларым бар. Кітаптың жарық көруіне демеушілік жасаған азаматтардың барлығына алғысым
шексіз, – деді Құрманбек Әлімжан.
Тұсаукесерге қатысқандарға сиясы әлі кеппеген жаңа кітап сыйға берілді. Төрт бөлімнен тұратын жинақ әсем безендіріліп, жергілікті «Қордай ақпарат-баспа компаниясы» ЖШС-ның баспаханасында басылған. Кітап аудан кітапханаларына таратылатын болады.
Жандос ОМАРОВ, журналист, Қордай ауданы