«Ақбереннің» үздігі – Айсұлу
Жақында Астана қаласындағы Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында шығармашыл оқушылар арасында IX республикалық «Ақберен» өнер байқауы өтті. Өнер додасына еліміздің барлық облысынан 8-11-сыныпта оқитын оқушылар қатысты.
Өнерлі өрендер 6 номинация – шешендік өнер, көркемсөз оқу, эссе жазу, ұлттық аспапта ойнау, ақындар айтысы, ақындар мүшәйрасы бойынша бақтарын сынады. Айтыскер ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай бастаған қазылар құрамында Серікзат Дүйсенғазин, Еркебұлан Қайназаров секілді елімізге белгілі ақындар болды.
Аталған байқауда біздің облыстың жас таланттары да жасындай жарқырады. Атап айтсақ, «Ақындар айтысы» номинациясы бойынша таластық Айсұлу Жүнісбек бас жүлдені қанжығасына байлады. Жамбыл ауданының атын шығарған Бақдәулет Жанатбек ІІ орын тұғырынан көрінсе, меркілік Нұртай Нұрым ІІІ орынды иеленді.
Олар екі рет сахнаға көтеріліп, сөз сайыстырды. Барлығы 18 ақынның ішінен тек 6 ақын ғана финалға өтті. Жерлесіміз Айсұлу әуелі ақмолалық Кәусар Сейітманмен жұптасып, әдемі айтыс өнерінің үлгісін көрсетті.
Мәселен Кәусар:
– Оңтүстіктің Айсұлу ақын қызы,
Астанада өлеңін құрай ма екен?
Арқаның аязына шыдамаған,
Арқаның ақынына шыдай
ма екен?! – десе, Айсұлу:
– Әпкесін бұл сіңлім сынап жүр ғой,
Әзілдеп әпкеге өлең құрап жүр ғой.
Аязға шыдайды ма деп қояды,
Арқаның ақ аязы ұнап жүр ғой.
Қар жаумаған Түркістаннан келсе дағы,
Еркебұлан ағам да шыдап жүр
ғой, – деп ұтымды жауап қайтарады.
Ол финалда маңғыстаулық Ерсұлтан Аушановпен айтысқанда да сөзден тосылмай, ұтымды ойларымен қазылар алқасының көзіне түседі.
Мына бір айтыс үзінділеріне назар аударып көрсек. Маңғыстаудың жас ақыны Ерсұлтан:
– Анаңның суреті бар ма, Айсұлу,
Анаңның суретін бір көрейін, – дейді.
Сонда Айсұлу:
– Ерсұлтан осылай байлам қылсын,
Маңғыстаулық ақынмен майдан құрсын.
«Суреті анашыңның бар ма?» дейді,
Анамның залда отқанын қайдан білсін, – деп қарсыласын қапы қалдырды.
Дарынды өрендер өнерлерін ортаға салған байқау соңында қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтай сөз сөйлеп, байқау жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
«Ақберенге» Айсұлу Жүнісбекті баптап, бірге барған жеке ұстазы Есет Досалы:
– Мұхтар Әуезов айтқандай, «Айтыс – сөз барымтасы». Бұл «Ақберен» байқауы аясындағы айтыстан бас жүлде алу – әр оқушы айтыскердің арманы. Сол үлкен жеңіске шәкіртім Айсұлу Жүнісбектің жеткеніне, оған себепкер болғаныма қуаныштымын.
Айсұлуды 3 жарым жылдан бері баптап жүрмін. Зерек, алғыр, ақылды, ойлы, сабырлы қыз. Талай республикалық айтыста қиянат көрді. Мойымайды. Екі ай бұрын Түркістанда өткен республикалық айтыста ІІІ жүлде алып тұрып (негізі бірінші орынға лайық айтысып еді), сабырмен ғана: «Бәлкім, менің үлкен жеңістерімді Жаратушы «Ақберен» айтысына сақтап тұрған шығар», деді. Алла қалап тұр ғой. Міне, сол сенім ақталып, Айсұлуға «Ақбереннің» бас жүлдесі бұйырды. Бұл – Айсұлудың төрт жылғы ізденісі. Төрт жылдың жемісі. Бұл жеңіске бүкіл жамбылдық жанкүйерлер қуанды. Вокзалдан қуанып күтіп алған жұрттың қарасы өте көп болды. «Jambyl» телеарнасы бағдарламаға түсірді. Айсұлудың туған жері Талас ауданы, Аққұм ауылдық клубында түнгі 23.00-де қарсы алу іс-шарасы өтті. Алыстағы ауыл халқының айтысқа құштарлығына, атамұра өнерге құрметіне өте риза болып, таңданып қайттым. Айсұлудың алдағы айтыстарда да үлкен биіктен көріне беретініне сенемін. Айсұлумен бірге талай ізденіп, тер төктік. Шәкіртімнің сол сенімді ақтағанына, Аманжол Әлтай, Серікзат Дүйсенғазин, Еркебұлан Қайназаров секілді үлкен айтыскерлердің көзіне түсіп, топ жарып қайтқанына өте қуаныштымын, – дейді.
Айта кету керек, бас жүлде иесі Айсұлу Жүнісбек Қызылордада ұйымдастырылатын «Көктем нұры» ақындар бәйгесіне шақырту алды. Мықтылардың мықтысы төрелік еткен, қаншама дарынды оқушы бақ сынасқан байқауда облысымыздың атын асқақтатқан жас өрендеріміздің жеңісі құтты болсын!
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала